Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кеше облыс орталығындағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 18 жыл толуына орай “дөңгелек үстел” өтті.
Облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Елена Мезева әлемде теңдесі жоқ қоғамдық институттың құрылу тарихына тоқталды. Әу баста қоғамдық институт ретінде құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының кейін саяси ықпалы зорайғанын, оның атынан Парламент Мәжілісіне сайланған депутаттардың жүзеге асырып жатқан жұмыстарын атап өтті. Осының арқасында Қазақстан халқы Ассамблеясы өзіне артылған абырой мен міндетті орындап келеді. Елена Мезеваның айтуынша, этносаралық келісімді сақтаудағы тәжірибемізді игеру үшін біздің өңірімізге Тува Республикасынан делегация келмек.
“Дөңгелек үстел” барысында еліміз Тәуелсіздік алған жылдарда этносаралық қарым-қатынастың қандай болғанын, ішкі саясаттың қай бағытта жүргізілгенін өз көзімен көргендер, басықасында болғандар ашық әңгімеледі. Мұның түпкі мақсаты – кейінгі жастарға ел ішіндегі тұрақтылық пен тыныштықты қалыптастыру оңай болмағанын түсіндіру. Осы орайда сол жылдары облыстық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі болған Геннадий Филатов пен алғаш ашылған “Дуслык” татар-башқұрт, “Видергебурт” неміс, украин этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері Флюра Сагитова, Эльвира Ковзель, Аркадий Польшаков естеліктерімен бөліссе, әзірбайжан этномәдени бірлестігінің алғашқы төрағасы Камал Гусейнов ұлттық өзімшілдікті ауыздықтау арқылы ғана этносаралық бірлік пен келісімді сақтайтынымызды айтты.
Ал “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы” қоғамдық бірлестігінің басшысы Сағындық Салмұрзин облыстық ассамблеяның жұмысын жандандыруға қосқан үлестері жайлы әңгімелеп, өздері жүзеге асырған әлеуметтік жобаларын атап өтті. “Ұрпақ” бүгінде әлемнің 44 елінде өмір сүріп жатқан қазақ диаспораларын еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға тартып жүрген көрінеді. Сондай-ақ жастарға ана тілі мен тарихын үйретумен қатар, бойларына этносаралық достық пен бірлікті сіңіріп жатқан №17 ұлттық өркендеу мектепкешенінің маңыздылығы да аталып өтілді. Осылай өткенді еске түсіріп, болашаққа құрған жоспарларымен бөліскен этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне облыстық ассамблея хатшылығының меңгерушісі Елена Мезева естеліктер жазуды және көненің көзіндей болар фотосуреттерді тапсыруды өтінді.
Жалпы “дөңгелек үстел” барысында елдің ішкі тұрақтылығы, этносаралық құрмет пен сыйластық, мемлекеттік тілді дамыту жайында пікірлер айтылып, атаулы күнге арналған ән де шырқалды. Шара соңында бірқатар этномәдени бірлестіктердің ардагерлері мен белсенділеріне этносаралық бірлікті сақтау мен насихаттауда қосқан елеулі үлестері үшін облыстық ассамблеяның грамоталары табыс етілді.