Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұрнағы күні “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығы “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры” АҚ облыстық филиалының өкілдерін шақырып, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыруға этномәдени ұйымдардың қатысуы” тақырыбында семинар өткізді.
Семинарда этномәдени бірлестіктердің жетекшілеріне “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге көрсетілетін қолдау жөнінде толық мағлұмат берілді.
– Аталмыш қордың жұмысы аясында қаржылық мемлекеттік және қаржылық емес мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Қаржылық емес мемлекеттік қолдау бойынша бірқатар қызмет түрлері тегін көрсетіледі. Бұл, әрине, кәсіпкерлер үшін тиімді. Осы орайда “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының бағыттарын тұрғындарға түсіндіруді көздеп отырмыз. 2010 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бағдарлама кәсіпкерлер үшін қызғылықты. Осы орайда бағдарлама арқылы кәсібін ашып не кеңейтіп жатқандардың санын көбейту үшін осындай семинарлар өткізудеміз, – деген “Даму” кәсіпкерлікті қолдау қоры” АҚ облыстық филиалының өкілі Станислав Чукуев кәсіпкерлерді тартып қана қоймай, оларға бағдарлама аясында тағы да қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын тереңірек түсіндіруді де көздеп отырғанын жеткізді.
Олардың облыстық ассамблея құрамындағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілерімен мұндай семинарлар өткізуінің де өзіндік себебі бар.Олардың бірі – кәсіпкерлер болса, екіншілері өз диаспораларындағылармен байланыс орнатуға септігін тигізуі мүмкін.