Өңір басшысы Самат Ескендіровтің төрағалық етуімен өткен облыстық әкімдіктің кезекті отырысында үш мәселе қаралды. Оған аудандардың әкімдері, басқармалардың басшылары мен ведомстволар өкілдері қатысты.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Алдымен жергілікті маңызы бар жолдарды дамыту мәселесі қаралды. Бұл жөнінде жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Бейбіт Исманов баяндама жасады. Облыстағы автомобиль жолдарының торабы 9 мың километрге жуық. Соның ішінде 1 мыңнан астам километрі – республикалық, 2430-і – облыстық және 5100-і – аудандық маңызы бар жолдар. 70-80-ші жылдары салынған автомобиль жолдары көлік ағыны мен жүк тасымалының көбеюіне орай тез бүлініп, сын көтермеуде. Күзде жасалған сараптамаға сәйкес облыстағы барлық жолдардың 69 пайызы бүліну жағдайында тұр. 40 пайызы күрделі жөндеуді қажет етеді. Өңір аумағындағы 36 көпірдің 12-сі апатты күйде. 2010-2012 жылдарда жолдарды салуға, жөндеуге кеткен қаржы мөлшері 7 млрд. 536 млн. теңгені құраған. Соның 2 млрд. 238 миллионы облыстық бюджеттен бөлінген. Автомобиль жолдары торабының көлемі жөнінен елде үшінші облыс болғанымызбен, бұл мақсатта республикалық бюджеттен қаржыландырылу бойынша 8-ші орында келеміз.
Бүгінгі күні Келлеровка-Тайынша-Чкалово (10 км.), Пресновка-Архангелка-Троицкое (27 км.), Булаево-Возвышенка-Молодогвардейское және тағы басқа бағыттарда жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Дегенмен де, қаржы тапшылығынан көптеген ауыл-аймақтарға қатынайтын жолдарды жөндеу әлі күнге дейін мүмкін болмай тұр. Бұл мәселе әкімдердің кезекті есеп берулерінде бірнеше мәрте қозғалған болатын. Сонымен бірге қысқы уақытта жолдарды қардан тазалау проблемаға айналған. Бүгінде облыста небәрі 73 арнайы қар тазалау техникасы бар екен. Биылғы қыстағы боран және қардың көп түсуі жағдайында жолдарда күрделі жағдай туындап отыр. Мәселен, Уәлиханов, Тайынша және Мағжан Жұмабаев аудандарында қалың қардың кесірінен жол жүру қиындап кеткен. Дегенмен, басқарма бастығының айтуынша, күн жылынысымен бұл аудандарға қосымша техника тартылып, бірте-бірте жол тазаланатын болады.
Бүгінгі күні облыс әкімінің тапсырмасымен аталмыш басқармада жөндеуді талап ететін жолдардың тізімі жасалған. Жиын барысында Самат Ескендіров барлық аудан әкімдерін орындарынан тұрғызып, қай бағыттағы жолдарда жөндеу жүргізу керектігін тағы бір рет пысықтап шықты. Мәселен, Мағжан Жұмабаев ауданында Возвышенка – Молодогвардейское бағытындағы 60 км. жолды қардан тазалау керек болып тұр. Өңір басшысы бұл жөнінде аудан әкіміне жекелей тапсырма берді. Ал Саумалкөл-Имантау-Лобаново бағытындағы жолдың жағдайын шұңқырлық жөндеу жұмыстарын жүргізу арқылы дұрыстауға болады, деді Айыртау ауданының әкімі. Жалпы облыс бойынша бүгінде 2200 км. автомобиль жолдарын тез арада орташа жөндеу қажеттілігі туындаған. Самат Ескендіров тиісті басшыларға облыстық бюджетті нақтыламас бұрын осы салаға қажетті қаржы көлемін тағы бір анықтауды тапсырды. Бюджетке түсетін қосымша қаражат жол жөндеуге жұмсалатын болады, деді өңір басшысы. Облыс әкімінің бұл игі бастамасы, әсіресе, ауылдықтарды қуантары анық.
“2011-2020 жылдарға арналған “Ақ бұлақ” бағдарламасының іске асырылу барысы жайында облыстық құрылыс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Ратмир Усманов баяндады. Оның айтуынша, 2012 жылдың қорытындысы бойынша облыста 99,1 км. су құбырының құрылысы аяқталған. Бұған қоса 4 ауылға ұзындығы 18,3 км. 3 топтық су құбырының бұрғышы, 14 ауылға 72 км. таратушы желі, 3 ауылға жерасты суларынан ұзындығы 2,7 км. шоғырланған ұңғымалы су қақпалары орнатылған. 7,6 мың тұрғыны бар 10 ауылға ауызсу берілген және 20,8 мың тұрғыны бар 6 елді мекенде сумен жабдықтау жақсартылған. Ал биыл облыстың елді мекендерін сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттің нысаналы трансферттерінен – 2 356 млн. теңге, облыстан 235,6 млн. теңге қаржы қарастырылып отыр. Бағдарлама ойдағыдай іске асатын болса, облыстағы 152,5 км. су құбыры қайта жаңартылатын болады. Су тартуға бөлінген демеуқаржының нәтижесінде де аудандарда бұл бағытта іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Барлық деңгейдегі әкімдердің тұрғындар алдындағы есепті кездесулерін өткізу қорытындысын облыс әкімі аппаратының басшысы Владимир Дудов жария етті. Соңғы өткен есепті кездесулерге 100 мыңға жуық адам қатысып, олардан 2 мыңнан астам арызшағым түскен. Бүгінгі күні облыс әкімдігінде бұл жөнінен арнайы іс-шаралар жоспары жасалған. Облыс әкімінің аппараты азаматтардың талап-тілектерінің орындалуын тікелей қадағалауға алмақ.