Нұрлан ШАБДАР,
облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы.
Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Жемқорлық – жай құқық бұзушылық емес. Ол мемлекеттің тиімділігіне деген сенімді сетінетеді және ұлттық қауіпсіздікке төнген тікелей қатер болып саналады”, – деп қадап айтты.
Бұған қоса, Елбасы құқық қорғау органдарының басшыларымен кездесуінде құқық қорғау жүйесін модернизациялаудың басты бағыты – жаңа сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия екенін белгілеп өтті. Қаржы полициясының қызметі осы стратегиялық тапсырманы шешуге бағытталған.
Үстіміздегі жылы 19 ақпанда “Казахстанская правда” газетінде Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Рашид Түсіпбековтің “Профилактика – новая стратегия борьбы с коррупцией и теневой экономикой” деген сұхбаты жарияланған болатын. Онда агенттік төрағасы Елбасының тапсырмаларын ескере отырып, ведомствоның негізгі басымдықтарын анықтап өтті. Сондай-ақ өткен жылдың жұмыс нәтижелерімен бөлісті.
Жалпы, осы мақалада агенттік төрағасының сөзіндегі негізгі түйткілді мәселелерді оқырман қауымына жеткізу мақсатым бар.
Қаржы полициясы органдарының жедел-қызметтік ісі сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуды арттырумен, олардың жүйелі және ұйымдасқан формаларының жолын кесуді күшейтумен анықталған. Сонымен қатар кәсіпкерлердің қызметтеріне негізсіз қол сұғуды болдырмау мен көлеңкелі экономикаға қарсы тұру жұмысы жалғасады.
Өткен жылдың басынан қаржы полициясы органдарының жұмысы жаңа басымдықтар негізінде ұйымдастырылған болатын, сандық көрсеткіштерден сапалық нәтижелерге ауысу жүзеге асырылды.
Қаржы полициясы басқа да құқық қорғау органдары сияқты өз қызметін жыл сайын жетілдіруде. Өткен жылы қаржы полициясы органдары жұмысының тиімділігін арттыру үшін агенттік бірқатар ұйымдастырушылық және құқықтық шаралар қабылдады.
Бірінші кезекте есепке алу – тіркеу тәртібіндегі жұмыс оң жолға қойылды. Өткен жылдың басында прокуратура органдарымен бірлесіп жүргізілген тексерістің қорытындысы бойынша қылмыстарды есепке алудан жасыру фактілері жойылды. Өткен жылдардағы қылмыстық істер бойынша заңды процессуалдық шешімдер шығарылды. Бұл жүздеген азаматтардың құқықтарын қалпына келтіруге мүмкіндік туғызды. Арыздар мен хабарламаларды электрондық түрде тіркеу енгізілді. Ол өз кезегінде статистиканы объективті қалыптастыруға септігін тигізді.
Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және оларды жөнсіз қылмыстық қудалау шеңберінен шығару мақсатында барлық өңірлерде жеделтергеу тобының кезекшілері құрылды.
Бұған қоса тергеуші мен жедел қызметкердің байланысын нығайту және жұмыстарының нәтижелілігін арттыру мақсатында тәжірибеге “полицейлік” тергеудің кейбір элементтері енгізілді. Оның негізін арызды тіркеуден бастап, істі сотқа жолдауға дейінгі соталды өндірісті бірлесіп жүргізу құрайды.
Былтыр агенттік көлеңкелі экономика құрылымына кіретін субъектілер мен бюджеттік жобаларды жүзеге асыратын кәсіпорындарды қоспағанда, заңды бизнес қызметіне араласпау жұмысын жалғастырды. Бұл кәсіпкерлерге қатысты жүргізілетін тексерістердің санын екі есеге азайтуға және Президенттің сайтына “Шағын және орта бизнесті қорғау туралы” қаржы полициясының жұмысына негізді шағымдардың түсуін болдырмауға мүмкіндік берді.
Агенттік төрағасы қаржы полициясына тән емес жалпы сипаттағы қылмыстарды анықтау төмендетілгенін атап өтті. Егер 2011 жылы олардың үлесі біз анықтаған қылмыстардың жартысын құраса, 2012 жылы ашылған қылмыстардың 75%-ын сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыс фактілері құрап отыр.
Профилактикалық жұмыс күшейтілді. Қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың бастапқы кезеңдерінде алдын алуға басымдық берілді. Ол үшін агенттікте ақпараттық ресурстарды қолдану жолымен елдегі криминогендік жағдайды талдап отыратын мамандандырылған ситуациялық орталық құрылды.
Бұл жаңашылдық жедел қызметтерге қылмыстарды талдау жолымен “жұмыс орнында отырып” анықтауға, сол арқылы шағын және орта бизнестің қызметіне заңсыз араласу фактілерін болдырмауға мүмкіндік береді.
Одан әрі ведомство беделін арттыру және қызметкерлердің жоғары моральдік бейнесін қалыптастыру үшін қаржы полициясы қызметкерлерінің кәсіби этика кодексі қабылданды.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімділігін арттыру қоғамның қолдауы және өз арамызды тазартусыз мүмкін емес. Қазіргі уақытта өз арамызды тазарту жұмысы жүйелі жүргізіледі. Мысалы, агенттік күшімен қаржы полициясының қызметкерлері жасаған 21 қылмыс анықталды. 17 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Бұған қоса 38 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын агенттік төрағасы қадап айтты.