«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКТЕМГІ ЕГІСКЕ ӘЗІРЛІК ОЙДАҒЫДАЙ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Биыл, әсіресе, қыстың бас кезінде қар мол түсіп, топырақта ылғалдың мол жиналуына алғышарт жасады. Бұл осы жылы егіншіліктен жақсы өнім алуға үміттендіріп отыр. Ендігі мәселе оның негізін қалайтын көктемгі егіс жұмыстарына жан-жақты әзірлік жайы болмақ. Оның барысы туралы еліміздің ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков баспасөз мәслихатын өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін көктемгі егіс жұмыстарына дайындық жағдайымен таныстырды. Ондағы ең басты көңіл аударатын жайт – ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру құрылымында бидайдың алатын үлесін азайта отырып, оның есесіне қазіргі нарық сұранысында жоғары бағаланатын майлы дақылдар мен мал шаруашылығын дамытуға қажетті жемазықтық дақылдар егістігін ұлғайту көзделуде.

 

Ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқаптарын әртараптандыру жөніндегі іс-шараларды біздің облысымызда да жүзеге асыру жайы жан-жақты ойластырылуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының дерек көздері бойынша, биыл өңір егіншілері барлығы 3,6 млн. гектарға дәнді дақылдар өсірмекші, соның ішінде бағалы дақыл – бидайдың үлесі 3,007 млн. гектарды құрайды. Яғни, бидай алқабы облыста 221,0 мың гектарға азаяды, ал оның есесіне майлы дақылдар меморандумдық көрсеткіштен 32,0 мың гектарға ұлғайып, 368,0 мың гектарға жетеді.

Сол сияқты мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын жүзеге асыруға айтарлықтай ықпалы бар жемазықтық дақылдар егістігін ұлғайту көзделіп отыр. Оның көлемі 66-67 мың гектарға өсіп, барлық жем азықтық дақылдар егістігі 318 мың гектарға жететін болады. Олардың негізін дәстүрлі арпа мен сұлы және басқа аралас жемазықтық дақылдар құрайтыны анық. Ал көкөніс пен картоп егістіктерінің көлемі бұрынғысынша сәйкес түрде 5,1 және 27,5 мың гектар мөлшерінде қалады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қаржылық бөлімінің бастығы Людмила Кунгурцеваның айтуынша, бөлінетін бюджеттік кредиттер көлемі туралы әзірге сөз ету ертерек. Ол ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің өздері таңдаған бағдарламалар бойынша қаржылық қолдауға кредит алуға берген өтініштері бойынша құралады. Ал, оның өткен жылғы деңгейден төмен болмасына сенім білдірді.

Көктемгі егіске әзірлікте оған қажетті дизель отынымен қамтамасыз етілудің маңызы зор. Осы және техникалық әзірлік жайында басқарманың инженерлік қызмет бөлімінің бастығы Әбілхан Бижанов айтып берді. Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдарына жоспарланған алқапта толық егіс жұмыстарын атқарып шығу үшін 71 мың тонна дизель отыны қажет. Соның бүгінде 25 пайызы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне жеткізілді. Енді Үкіметтен тағы шамамен 65 мың тоннадай дизель отыны күтіліп отыр. Биыл көктемгі егіс жұмыстарына жұмсалатын дизель отыны бағасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін орта есеппен нарықтағыдан 10-12 пайызға арзандау түседі деп болжануда.

Республикалық баспасөз мәслихатында айтылғанындай, ауыл шаруашылығы техникаларының науқандық жұмыстарға дайындығы өткен жылдардың деңгейінде. Бөлім бастығының мәлімдеуінше, бұл мәселе біздің облыста ешқандай алаңдаушылық туғызбайды. Өңірдегі барлық 14524 бірлік тракторлар паркінің 10645-і немесе 73 пайызы дайындық сапына қойылған. Қолда бар 5500 тұқым себу агрегаттарының барлығы іске қосылады, бүгінде олардың 72 пайызы толық жөндеуден өтіп, науқан жұмыстарына әзірлікке келтірілген. Соңғы жылдары көктемгі егіс жұмыстарын жоғары агротехникалық талап-тарға сай жүргізетін кең алымды егіс кешендерімен атқаруға ерекше маңыз беріліп, олардың қатары жылдан-жылға көбейе түсуде. Биыл өңір егіншілері қолдағы бар 1012 егіс кешенінің санын науқан жұмыстары басталғанша 1030 бірлікке жеткізуді көздейді.

Өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін осызаманғы жоғары өнімді техникалармен жарақтандыруда “ҚазАгро-Финанс” АҚ-ның қаржылық көмегінің пәрмені зор. Мысалы, өткен жылы облысқа жалпы 14 миллиард теңгенің 1100 техника бірлігі түскен болса, соның ішінде 8,5 миллиард теңгенің 394 күрделі техника бірлігіне осы “ҚазАгроФинанс” АҚ-ы арқылы қол жетті.

Осы айтылғандарды қорыта келе, облысымызда көктемгі егіс жұмыстарын жоғары деңгейде атқарарлықтай әзірлік жасалып жатыр. Жеткілікті деңгейде жасалған тұқым қоры кондицияға келтірілуде. Сондай-ақ биылғы жылы тұңғыш рет тек отандық қана емес, шетелдік өндірістің гербицидтері де демеуқаржыландырылатын болып отыр. Гербицидтермен бірге тыңайтқыштарды да жіктеп демеуқаржыландыру тетіктері қарастырылуда. Қар кетіп, егіс далалары құрғасымен, қарбалас жұмыстарды бастауға дайындық жұмыстары жалғасуда.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp