«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СОҢҒЫ ОРЫНДАҒЫ АУДАНҒА СЕРПІЛІС КЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шал ақын ауданындағы Қаратал ауылындағы орта мектеп күрделі жөнделіп, шағын орталық кең ғимаратқа көшірілмек. Облыс әкімі Самат Ескендіров аудан активімен кездесуде осы жағымды жаңалықты жеткізді. Сондай-ақ тоғыз көрсеткіш бойынша үшінші жыл қатарынан соңғы – 14-ші орында тұрған ауданның атқамінерлеріне бірқатар тапсырмалар жүктеді.  

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,

журналист.

Ысқақ Ыбыраев ауылындағы “Альбина” шаруа қожалығы – аудандағы сауын сиыр ұстайтын жалғыз шаруашылық. 200-ге тарта малдың жартысына жуығы сауылады. Зеңгі баба төлі Қостанайдан әкелініпті. Биыл қожалық мал басын көбейтуді жоспарлаған.

Ал Қаратал ауылындағы орта мектептің ескі ғимаратында 100-ге жуық оқушы екі ауысымда оқиды. Кабинеттер жетіспейді, спорт зал атымен жоқ. Ғимарат көптен күрделі жөндеу көрмепті. “Балдәурен” шағын орталығының да жай-күйі мәз емес. Ғимарат тар. Ал кезекте тұрған бүлдіршіндердің саны жылдан-жылға артуда. Шағын орталыққа лайық ғимарат бар, бірақ оны қалыпқа келтіруге 24 миллион теңге қажет. Өңір басшысы бұл мәселелерді жеке бақылауына алды. Ауданға жасаған жұмыс сапары барысында Самат Ескендіров “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының филиалында қоғамдық қабылдау өткізді.

 

Борис Михайлов Қорғантас ауылының тұрғындарының барлығы дерлік мал ұстайтындығын, алайда жайылым мен шөп өсіруге арналған жер жоқ екендігін айтып, осы мәселенің шешілуін сұрады. Өңір басшысы оған: “Әрине, ауылдың көркеюіне шын мәнінде үлес қосып жатсаңыздар, біздің тарапымыздан қолдау көрсетілетін болады. Сіздерге кем дегенде 150 гектар жер бөліп береміз”, – деп жауап қайтарды.

Соңғы үш айда ауданға төрт дәрігер келген. Оның үстіне биыл Сергеевка қаласында 250 орынға шақталған емхана пайдалануға берілмек. Медициналық академиялардың түлектерімен келісімшарттар жасалып, алдағы уақытта тағы мамандар келетін болды. Алайда, оларға арналған баспана жоқ. Аудандық орталық аурухананың бөлім меңгерушісі Айнагүл Асылбекова осы проблеманы шешіп беруді өтінді.

“Баспана жайында алаңдамаңыз. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Облыс тарапынан қолдау көрсетілетін болады. Оның үстіне аудан орталығында иесіз қалған үйлер де жетерлік. Бір шешімі табылады. Бұл тапсырмаларды орындауды аудан әкіміне жүктеймін”, деді Самат Ескендіров.

Облыс әкімі аудан активімен де кездесті. Жиында Шал ақын ауданының әлеуметтік-экономикалық даму мәселесі сөз болды. Соңғы жылдары аудан қай жағынан алып қарасақ та, артта қалып тұр. Мемлекеттік бағдарламалардың ешқайсысы түбегейлі жүзеге асырылмаған, жұмыссыздар көп. Тоғыз көрсеткіш бойынша үшінші жыл қатарынан аудан соңғы – 14-ші орында.

“Ауданда құрылыс саласы ақсап тұр. Негізгі капиталға инвестиция құйылмайды. Қазынаға салық жеткілікті төленбейді. Тұрғындардың өзге өңірлерге көшуі артқан. Таза ауызсу мәселесі өткір тұр. Туу көрсеткіші төмен, өлім-жітім көбейген. Оқушылар саны аз. Олардың жазғы демалыстарын ұйымдастыру да шалағай. Қылмыс та артқан”, – деп өңір басшысы аудандағы жағдайды сынға алды.

“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы өз деңгейінде орындалмаған. Ол былай тұрсын, ауданда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жобасы атымен жоқ. Шағын және орта бизнес саласы да кенжелеп қалған. Индустрияландыру картасы аясында ешқандай жоба қолға алынбаған.

“Жұмысшылардың жалақысы төмен. “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы шеңберінде тұрғызылып жатқан үйлердің құрылыс қарқыны баяу. Мемлекет тарапынан қойылған тапсырмалардың ешқайсысы оңтайлы жүзеге аспаған. Ауыл тұрғындарын шағын несиемен қамту жұмыстары өз деңгейінде жүргізілмейді. Экономика басқармасы осы мәселені қарастырсын. Аудан әкімі барлық мәселелерді қатаң бақылауға алуы қажет”, – деген облыс әкімі жиын соңында аудан басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp