«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС ЖИНАҚ БАНКІ” САЛЫМШЫЛАРЫ жаңа баспаналармен қамтамасыз етіле бастайды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ел Үкіметінің 21.06.2012 жылғы №821 қаулысымен бекітілген “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы облыс орталығында да жүзеге асырыла бастады.  

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Бағдарламаның “Халықтың барлық санаттарына арналған тұрғын үй” атты 5-тармағына сәйкес Петропавлдағы Интернационал көшесінде (4 “г”) 55, Юбилейная көшесінде (5 “н”) 126 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы қолға алынған болатын. Оның алғашқысында 15 – бір, 6 – екі, 34 – үш бөлмелік, екіншісінде 48 – бір, 60 – екі, 18 – үш бөлмелік пәтер болады. “Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ ОФ-нің мәліметіне қарағанда, екі үй де мемлекеттік комиссияның актісімен қабылданған. Ондағы пәтерлерге пул жинақтау кезінде неғұрлым көп балл жинаған салымшылар қол жеткізіп отыр. Олардың тізімі банкке белгілі.

 

Осы бағытта Уәлиханов-Шухов көшелерінің қиылысында 90 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Бас мердігер – “Основание” ЖШС. Аталмыш нысан жоспар бойынша биыл қазан айында пайдалануға берілуге тиіс. Тұрғын үй құрылысының аумағы 7757,04 шаршы метрді құрайды, жалпы сметалық құны – 659,358 млн. теңге.

Аталмыш бағдарламаның осы бағыты бойынша салынып жатқан екінші үй “Береке” ықшамауданында орналасқан. Ол 45 пәтерлі. Бұл нысан да биыл пайдалануға берілмек.

“Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасының тағы бір бағыты “Жас отбасы” деп аталады. Сондай үйдің алғашқысы осы “Береке” ықшамауданында бой көтеруде. Онда 20 – бір, 46 – екі, 9 – үш бөлмелік пәтер болады. Қолжетімді тұрғын үйдің құрылысы қыркүйек айында аяқталып, қазанда пайдалануға беріледі деп жоспарланған.

“Жас отбасы” бағыты бойынша осы “Береке” ықшамауданының Ухабов көшесінде бұдан басқа биыл 15 пәтерлі үш, 27 пәтерлі үш үй салу жоспарланып отыр. Он бес пәтерлі тұрғын үйдің 3-еуі – бір, 9-ы – екі, 3-еуі – үш бөлмелі, жиырма жеті пәтерліктің 9-ы – бір, 18-і – екі бөлмелі болмақ.

“Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” АҚ облыстық филиалының хабарлауынша, пулға қатысу туралы өтініш қабылдау 2012 жылы 19 желтоқсанда басталыпты, ол 20 наурызға дейін жалғасатын көрінеді. Қазірдің өзінде 297 отбасы пулға қатысу туралы өтініш берген.

Балл санын есептеу өтініш қабылдау аяқталғаннан кейін автоматты түрде жүргізілетін көрінеді. Содан кейін банкте әрбір пул бойынша өтініш берушілер тізімі жасалады, оны комиссия бекітеді. Сөйтіп, банктің және атқарушы органның Интернетресурсында ақпарат жарияланады және онда жеке нөмір көрсетіліп, берілген жалпы балл саны, өтініш берілген күні мен уақыты, пулға өтініш берушілердің нөмірі туралы ақпарат қамтылады.

Пәтерлер жинаған балл санына сай жинақталған балл санының “ең жоғары мәнінен ең төменгі мәніне қарай” ұстанымы бойынша бөлінеді. Егер берілген өтініштер пәтер санынан асып кетсе, онда жоғары балл санына ие болған салымшыларға басымдық беріледі.

Комиссия өтініш берушілер тізімін бекіткеннен кейін 5 күн ішінде, банк пулда анағұрлым көп балл санын жинаған өтініш берушілерге пәтер саны шегінде бастапқы төлем қабілетін бағалау үшін құжаттар беру қажеттілігі туралы жазбаша хабарлама жібереді.

Бастапқы төлем қабілетін бағалау үшін өтініш берушілердің құжаттарын қабылдау, қарастыру банк хабарлама жіберген күннен бастап бір ай мерзімде жүзеге асырылады. Заемға қызмет көрсетуге төлем қабілеті расталмаған жағдайда пәтерді кейіннен сатып алумен жалға алуға төлем қабілеті қарастырылады. Басқаша айтқанда, сатып алушы адам пәтерде тұрып жатып, бір мезгілде депозитте ақша жинақтай алады, сонымен қатар жалдау және коммуналдық төлемдерді жүзеге асырады. Мұндайда әрі қарай пәтерді кейіннен сатып алу мен иелену құқығы беріледі.

Төлем қабілетін бағалау қорытындылары бойынша өтініш берушілер үй қабаттары және орналасқан жерімен қоса өзінің болашақ пәтерін таңдай алады. Таңдау кезінде анағұрлым көбірек балл жинаған өтініш берушілер басымдыққа ие болады.

Пәтерлерді таңдағаннан кейін әрбір өтініш берушімен тұрғын үй құрылыс жинақ шарты және белгілі бір үйден белгілі бір пәтерді сатып алуға қаражат жинақтауға (заем алуға) бағдарламаға қатысушы мәртебесі берілгендігі туралы келісімге қол қойылады. Құрылыс аяқталған соң заемдар мен жинақталған қаражат есебінен тұрғын үйді сатып алу жүргізіледі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp