«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШАЛҒАЙДАҒЫ АУДАНДА ШАЛАҒАЙЛЫҚТАР АЗ ЕМЕС

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Самат Ескендіров жұмыс сапарымен шалғайда жатқан Тимирязев ауданында болды. Өңір басшысы мұнда бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Аудан активімен кездесіп, өткен жылғы экономикалық даму қорытындысымен танысты.  

Самат ҚАЙЫРДЕНҰЛЫ,

журналист.

Тимирязев аудандық ауруханасы былтыр “Жол картасы” аясында 42 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. Ал емхана екі маманмен толыққан. Дегенмен, әлі де жеті дәрігер тапшы. Биыл медициналық академиялардың түлектерімен келісімшарт жасалып қойыпты. Нәтижесінде ауданға үш дәрігер келмек. Облыс әкімі аралаған ендігі нысан – аграрлық-техникалық колледж. Білім ордасы аспаздар мен ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайды. Бүгінде мұнда 130-ға жуық оқушы білім алып жүр. Тимирязевте “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында жеті тұрғын үй салынып жатыр. Самат Ескендіров олардың құрылысын кешіктірмей аяқтауды тапсырды. Ал “КЭСС” ЖШС ұн үгу кешенін жаңғыртыпты. Былтыр 800 миллион теңгеге Түркиядан арнайы қондырғылар сатып әкеліп, екінші желіні іске қосқан. Қазір кәсіпорынның күніне 600 тонна ұн үгуге қауқары бар.

 

Ауданның тұрмыс-тіршілігін көрген облыс әкімі “Нұр Отан” халықтық демократиялық партиясының филиалында қоғамдық қабылдау өткізді. Болат Шағырайұлы Павлодар – Пресногорьков бағытында қатынайтын пойыздың төрт күнде бірақ рет келетініне ренішті. Самат Сапарбекұлы мәселені өзінің жеке бақылауына алып, биыл ол шешіледі деп сендірді. Мария Савалёва Сулы станциясында темір жол вокзалын тұрғызу керек деген өтініштілегін білдірді. Станцияда кезінде вокзалдың типті ғимараты болған. Алайда, қазір ол жарамсыз күйде. Өңір басшысының айтуынша, қыркүйек-қазан айларында күрделі жөндеу жұмыстары басталады. Яғни, вокзал жаңа кейіпке енеді. “Біз бұл жағдайды қатаң бақылауда ұстаймыз. Арнайы компьютерлер қойылып, қажетті қондырғылардың барлығымен қамтамасыз етіледі”, – деді облыс әкімі.

Самат Ескендіров жұмыс сапарының соңында Тимирязев ауданының активімен кездесті. Жиында аудан әкімі Қайрат Қасенов баяндама жасап, былтыр атқарылған істерді әңгімеледі. Соңғы жылдары ауданнан тұрғындар кетіп жатыр, құрылыс саласы тұралаған. Сондай-ақ ауданда қылмыс көбейген. Еңбекақы төменгі деңгейде. Аудан бұл көрсеткіш бойынша 11-ші орында. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы да оңтайлы жүзеге асырылмаған. Ауданда өнеркәсіп өндірісі бойынша бірде-бір жоба жоқ.

“Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында қолға алынған жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмай келеді. 14 үйдің құрылысы баяу. Білім саласында да алға жылжушылық байқалмайды. Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша аудан алтыншы орында. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы шеңберінде ешқандай жоба атқарылмаған. Шағын және орта бизнеспен айналысамын дегендердің де саны аз, деп ауданның әлеуметтік дамуын қатаң сынға алған облыс әкімі Самат Ескендіров олқылықтарды жоюды тапсырды.

“Экономика басқармасына ауданда несие беретін ұйымдардың жұмысын ретке келтіруді тапсырамын. Жағдайды тез арада орнына келтіру қажет. Елбасы қойған тапсырмалардың барлығы жүзеге асырылуы керек”, – деді өңір басшысы.

Докучаево ауылында соңғы кезде балабақшаға кезекте тұрған балалардың саны артқан. Сондай-ақ ауданда жол мәселесі де өткір тұр. Жиын соңында өңір басшысы бұл проблемаларды шешу жолдарын қарастыратындығын жеткізді.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp