Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Өнер колледжінің 12 тәрбиеленушісінен құрылған аталмыш ансамбль әр 5 жыл сайын концерт беруді игі дәстүрге айналдырған. Бұл жолғы концерт өнер колледжінде қобыз сыныбының ашылғанына 13 жыл толуына орай ұйымдастырылды.
Концерт “Назқоңыр” халық әнімен ашылды. Ансамбль мүшелері жас та болса, танымал сазгерлердің туындыларын асқан шеберлікпен орындап шықты. Ансамбльдің орындауында, әсіресе, Мағжан Жұмабаевтың “Япур-ай” әні әсерлі естілді. Д.Шостаковичтің “Испан биін”, Вивальдидің бірнеше туындыларын тамылжыта ойнап берді.
Қобызды жастайынан меңгеріп жүрген өнер колледжі жанындағы мектептің 3-сынып оқушысы Ақерке Алтайқызының орындауындағы “Дариға” халық әні көрермендердің көңілінен шықты.
Концертке жиналған өнерсүйер қауым ансамбльдің орындаған әр әуенін риясыз көтеріңкі көңіл күйімен қарсы алды. Ансамбльдің жетекшісі әрі облысымызда қобыз сыныбын алғаш ашқан Назгүл Маштақова мен өнер колледжінде прима – қобыз пәнінен сабақ беретін Сандуғаш Оңғарбаева бірігіп өнер көрсетті. Олардың орындауындағы шетел және отандық сазгерлердің әуендері қошеметке бөленді.
Назгүл Маштақова тәрбиелеген алғашқы түлектер де концертте өнер көрсетті. Қазіргі таңда Құрманғазы атындағы қазақ Ұлттық консерваториясында білім алатын Бабек Илдырымоглы мен Әйгерім Джаншина сазгерлер Ерболат Үсен мен Едуард Лалоның белгілі туындыларын орындады. Концерт соңында Тәттімбеттің “Былқылдақ”, Серік Әбдінұровтың “Дала өрнектері” және өзге де туындалары орындалды.