«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРДЫҢ “БОЛАШАҚҚА ЖОЛЫ” БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жақында М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасын талқылауға арналған “дөңгелек үстел” ұйымдастырылды. Аталмыш шараның негізгі мақсаты – Үкімет отырысында қабылданған “Қазақстан – 2020: Болашаққа жол” атты мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасын насихаттау және жастармен пікір алмасу.  

Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Дөңгелек үстел” барысында хабарлама жасаған “СҚО бойынша Қазақстанның Студенттер альянсы” ЖҚБ төрайымы Динара Мақсұтова аталмыш тұжырымдама әрбір жастың алға айқын мақсат қойып, оны өз күшімен жүзеге асыруға шақыратындығы жайында сөз қозғап, осы бағыттағы Елбасы саясатына тоқталды. Ел жастарының арасында әлеуметтік сауалнама жүргізілгенде қазақстандық жастардың 90 пайызы жарқын болашақ үшін өздері талпынып әрекеттенбей, Үкіметке немесе туған-туысқандарына сеніп қалғаны анықталғанын хабарлады.

– Бүгінде жастар арасында оқу бітіргеннен кейін жұмысқа орналасу, баспана алу, отбасын құру сияқты көкейкесті мәселелер бар. Жастар саясаты саласында атқарылатын жұмыстың 11 басты бағыты айқындалып отырған тұжырымдамада сапалы білім, мәдени даму және бірлік, жастар кәсіпкерлігін, ғылымды дамыту, еріктілер қозғалысы және тағы да мәселелерді шешу жолдары қарастырылған, – деген “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының “Жас Отан” ЖҚ атқарушы хатшысы Самат Жәкенов өз сөзінде жастар саясаты мемлекет пен қоғам үшін өзекті мәселе екенін тағы бір рет атап өтіп, 2012 жыл жастар саясатында жемісті болғанына тоқталды. Себебі, біріншіден, жастар саясатына қатысты заң жобасына нақты ұсыныстар берілсе, екіншіден, жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді.

Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік құзырлы орындардың талқылауында болған жоба екі кезеңді қамтиды. Бірінші кезеңде жастарды біртіндеп жұмыспен және баспанамен қамту, бизнес идеяларды қолдауға бағытталған жобаларға қатыстыру сияқты жоспарлар қамтылған. Екінші кезеңде жастар саясатына қатысты мақсатты шараларды атқару үшін өңірлерге қаржы бөлінетін болады.

Ел жастары үшін бұл тұжырымдаманың маңызы зор. Сондықтан кейінгі толқын өкілдері бұл құжатпен жақсы танысып, оның негізгі идеясын түсіну қажет. Әр азамат алдына мақсат қойып, діттегеніне жету үшін бар күшін салу керек, – деген Самат Жәкенов жобаға енгізілген ұсыныстар жастардың барлық санатына қатысты мәселелерді шешуге бағытталғандығын мәлім етті. Яғни, тұжырымдама білім алушы жастарға ғана арналмаған. Ол жұмыс істейтін, өзін-өзі жұмыспен қамтыған, сондай-ақ жұмыссыз, маргиналды және тағы басқа жастардың барлық санаттарын қамтитын болады.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp