«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОТАҒАСЫЛАР ОЛАРҒА НЕ СЫЙЛАЙДЫ?

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұзақ та суық қыстан кейін бүршік жарған бәйшешектей көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз да таяп қалды. Осындай тамаша күні нәзік жандарға кім қандай сыйлық жасайды екен? Бүгінгі нөмірде осы жайлы әңгіме өрбітіп, мереке иелерінің пікіріне құлақ түрелік.  

Жанар Омарова, 35 жаста:

– Жұбайым жыл сайын мереке қарсаңында мен күтпеген сыйлықты жасауды әдетке айналдырды. Мен де соған дәмеленіп жүремін. Бастапқыда ол гүл шоқтары болды. Кейіннен үйде өсетін бөлме гүлдеріне ойысты. Маған шоқ гүлдерге қарағанда бөлме гүлдері ұнайды. Олар үйіміздің сәнін келтіріп қана қоймай, сондай-ақ қуанышты мерекелік сәтті жыл бойы еске түсіріп тұрады.

 

– Әлия Карашина, 40 жаста:

– Жұбайым бастапқы кезде жыл сайын әйелдер мерекесінде гүлден басқа да маған қажетті заттарды сыйлап тұратын. Бір кездері қол сағат, кітаптар мен әдемі ыдысаяқтарға дейін сый ететін. Бірақ жылдар өте оның барлығы да ұмыт қалғандай. Десе де, таңертең тұрып, балаларыммен қосылып құттықтап жатады. Мен болсам, сол күні демалып әрі отбасымның барлық мүшелері үйге жиналатындықтан, мерекелік дастарқан жайып, оларға қуанышты көңіл күйін сыйлағым келеді. Балалышағалы болғандықтан, үйдегі отағасы балаларының көзінше гүл шоғын ұстап келуден ұялады ғой деймін. Әйтпесе, ол мен бір жыл бойы асыға күткен мерекені ұмытпауы тиіс.

– Әсем Игісағатова, 24 жаста:

– Шаңырақ көтергенімізге небәрі 2 жылдың жүзі болды. Үйлену тойымызда бір-бірімізге тек қуаныш сыйлаймыз деп уәделескен едік. Уәдемізден осы уақытқа дейін айныған жоқпыз. Бұл мейрам тек қана біздің мереке болмағандықтан, алдымен екеуміз аналарымызға, әжемізге және әпкелерімізге сыйлық жасаймыз. Гүл сыйлап үйренген халықпыз. Әдетте сыйлыққа гүлдің түр-түрін аламыз. Өз басым біркүндік гүлден гөрі, мәңгілік есте қалатын сыйды құп көремін. Мәселен, сырға, сақина, білезік, әтір немесе қызықты кітап сыйлап жатса, неге қуанбасқа?!

– Гүлназ Қойшина, 53 жаста:

– Жас ұлғайған сайын өмірлік серігім бұл мерекенің барын да ұмытқандай. Жас кезімізде осы күні маған не бір сыйлықтарды сыйлаушы еді. Ал қазір бұл күн әдеттегі бір күндердің біріне айналып үлгерді. Балаларым болмаса, бұл күнді өзім де естен шығарады екенмін. Қыздарым өздері студент болып оқып жатса да, бар ақшаларына маған жұпар иісті гүлдерді тарту етеді. Ұлдарым болса ақшаларын жинап, өткен мерекеде алтын сақина кигізген болатын. Ондай қымбат болмаса да, мен үшін ол балаларымның сыйлықтары үйіліп тұрған жауһар тастардан да қымбат. Сондай кездері балаларымның көп әрі ұйымшыл, отағасы екеуіміздің берген тәрбиеміздің дұрыс болғанына көзім жетеді.

– Әдемі Тоқмолдаева, 18 жаста:

– Бұл мереке – мен үшін алдымен анамның мерекесі. Анама жер жүзінің барлық гүлдерін сыйласам да аз. Оны ол күні ханшайымдай күтіп, жылдар бойы маған әке орнына әке болып, өсіріп жеткізгеніне алғыс айтқым келеді. Мерекелік дастарқан жайып, анам жалғыз-сырамасын деп, оның жақын құрбылары мен нағашы апаларымды қонаққа шақырамын. Анамның сүйікті тағамын өз қолыммен дайындап, раушан гүл толы себет пен ана туралы ән немесе өлең оқып беремін.

Міне, қызкеліншектердің ойы осындай. Олардың пікірі әртүрлі болғанымен, әр әйелдің жақынының өзіне көңіл білдіргенін қалайтындығы белгілі болды. Күнделікті күйбең тіршіліктен бір күн болса да бас көтеріп, үйдің шырайын келтіріп отырған жарларыңызға сыйлық сыйлауды естен шығармаңыздар.

Сауалнаманы жүргізген

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp