«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ПРЕЗИДЕНТ БАҚЫТЖАН САҒЫНТАЕВТЫ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.

Кездесу кезінде Б.Сағынтаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясында және Қазақстан Президентінің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген кеңесінде алға қойылған тапсырмаларды іске асыру барысы туралы баяндады, сондай-ақ қазіргі қызметі мен алдағы кезеңге арналған міндеттер жөнінде мәлімдеді.

Мемлекет басшысы жаңадан құрылған министрлік алдында маңызды міндеттер кешені тұрғанын атап өтті.

– Өңірлік даму және кәсіпкерлік, тұрғын үй құрылысы мәселелерінің бәрін Өңірлік даму министрлігі жүйелі деңгейде шешуі қажет. Біз еліміздің агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөнінде бағдарлама қабылдадық, оған едәуір қаражат бөлу қарастырылады. Оның іске асырылуына жете көңіл бөлген жөн. Сондай-ақ өңірлерде әлеуметтік бағдарламалардың іске асырылуын, қайда және қандай нысандар салынып жатқанын, олар белгіленген нормалар мен өлшемдерге қаншалықты жауап беретінін бақылап отыру қажет. Сонымен қатар су тасқынының алдын алу іс-шараларын жүргізуді көзден таса қылуға болмайды, су қоймалары мен сутехникалық ғимараттар қандай күйде екеніне бақылау жасау керек. Бәрін дер кезінде және мұқият тексеру қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

Мемлекет басшысы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігімен бірлесіп өңірлерде индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында пайдалануға берілген нысандардың жұмысына, олардың толық қуатында іске қосылуына бақылау жасауды тапсырды.

Б.Сағынтаев министрлік алдында жедел іске асыруды талап ететін, Мемлекет басшысы жүктеген бірқатар міндеттерді орындау жөнінде ауқымды жұмыстар тұрғанына тоқталды.

– Негізгі міндеттердің бірі ­­­– мемлекеттік органдардың қаражатты игермеуіне талдау жасау. Облыстардың әкімдеріне бөлінген қаржылық ресурстарды дер кезінде игеру қажеттігі туралы ескертілді. Егер бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша бюджеттік қаражат игерілмесе, онда бұл қаражат осы міндетті табысты орындаған өзге өңірлерге қайта бөлінетін болады, – деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы Б.Сағынтаевқа қаралған мәселелер бойынша және алға қойылған міндеттерді одан әрі іске асыру жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

… ЛОРАН ФАБИУСТЫ …

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Францияның Сыртқы істер министрі Лоран Фабиусты қабылдады.

Мемлекет басшысы Францияның сыртқы саясат ведомствосы басшысының сапары екіжақты қатынастардың нығаюының жоғары қарқынын білдіретінін атап өтті.

– Біздің елдеріміздің ынтымақтастығы серпінді дамып келеді. Үш ай бұрын мен Франция Президенті Франсуа Олландпен кездестім. Қазір біз оның Қазақстанға сапарын күтудеміз. Біз үшін Франция Еуропалық Одақ елдері арасында ірі инвесторлардың бірінен саналады. Қазіргі уақытта біз қызметтің түрлі салаларындағы 25 бірлескен жобаны іске асырудамыз, екіжақты өзара іс-қимылды дамыту перспективалары өте зор, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті бүгінде “Назарбаев ­ – Олланд” екіжақты комиссиясы аясындағы жұмыстар жемісті жүргізіліп жатқанын және бұл кездесулердің жалғасын табуы маңызды екенін атап көрсетті.

Францияның Сыртқы істер министрі Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты және француз көшбасшысының шын пейілді тілегін жеткізді.

Министр Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және кеңейтуге, бұрын қол жеткізілген түрлі салалардағы уағдаластықтарды іске асыруға бағытталғанын атап өтті.

Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік мәселелері қаралды, сондай-ақ халықаралық саясат, өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің кең ауқымды мәселелері жөнінде пікір алмасылды.

… ҚАНАТ БОЗЫМБАЕВТЫ және…

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаевты қабылдады. Кездесу барысында Қ. Бозымбаев облыстың 2012 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы мен биылғы екі айдың алдын ала нәтижесі туралы баяндады.

Сонымен қатар Жамбыл облысының әкімі биылғы қаңтар айында болған дауылдан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарының нәтижесі туралы баяндап өтті. Бүгінде жалпы саны 4700-дей барлық зардап шеккен нысандар іс жүзінде қалпына келтірілді. Көппәтерлі және жеке тұрғын үйлердің шатырларына, сондай-ақ мыңнан астам электр беру желісіне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жалпы, апат салдарынан келген шығын 4,5 млрд. теңгеге жетті.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.

… БОЛАТ ЖӘМІШЕВТІ ҚАБЫЛДАДЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қаржы министрі Болат Жәмішевті қабылдады.

Кездесу барысында Б.Жәмішев биылғы жылы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы баяндады, министрліктің орындап жатқан жұмыстары мен алдағы кезеңге арналған қызметінің негізгі бағыттары туралы айтты. Қаржы министрі қазіргі уақытта салықтық және кедендік әкімшілдендіру жұмыстарын жандандыру, атап айтқанда фискальдық өкілеттікті кеден органдарынан алып, салық комитетіне беру жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алу және республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жүйесі жетілдірілуде.

Елбасы салықтық әкімшілдендіруді одан әрі жетілдіру, соның ішінде арнайы салықтық режімдердің жұмысындағы проблемалық мәселелерді шешу қажеттігін атап көрсетті.

Сонымен қатар Б.Жәмішев бюджеттік жоспарлау мәселелерін Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің құзыретіне беруге байланысты барлық рәсімдер толық аяқталғанынан хабардар етті.

Кездесу қорытындысы бойынша Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp