Қызылжарлықтар қысты шығарып салу мейрамын атап өтті. Бұл шара Қазақстан Конституциясы көшесіндегі Орталық алаңда басталып, тоғыз шағын ауданда лайықты жалғасын тапты. Жиналған қауым құймақтан, ыстық шай мен палаудан ғана емес, әрбір ұлттың тағамдарынан дәм татуға мүмкіндік алды. Тіл үйірер дәмді тағамдар тегін таратылды.
Бұл күнгі халық серуенінен, әртүрлі ойын-сауық шараларынан қала тұрғындары сырт қалған жоқ. Думан барысында ұлттық-мәдени бірлестіктер, шығармашылық ұжымдар мен фольклорлық ансамбльдер өздерінің өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымның көзайымына айналды. Әрбір ұлттық-мәдени орталықтың дастарқан мәзірі, әсем ән, аттар, шаналар – осының бәрі петропавлдықтарға тамаша көңіл күйі сыйлады.
Мереке қыс бейнесін сомдаған “қуыршақты” өртеу рәсімімен басталды. Қала тұрғындарының арасында “Көңілді мәре” ойындарын, гір көтеру, қол күресі, шаңғышылар сайысы сияқты спорт түрлерінен жарыстар өткізілді. Шара соңында “Қысты шығарып салу” мерекесі облыс әртістерінің концертіне ұласты.
Достық пен ауызбіршілікке шақыратын мейрамда ересектер ашық аспан астында биге басса, балалар ертегі кейіпкерлерімен ойындар ойнап, көңіл көтеріп, қызыққа кенелді.
(Өз тілшімізден).
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.