«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

2 млрд. 600 млн. ТЕҢГЕ – ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІНЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өткен жұма күні жұмыспен қамту мен әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы Асқар Сақыпкереев 2012 жылдың қорытындысы және алда тұрған міндеттер жайында БАҚ өкілдерімен брифинг өткізді.  

Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”.

Басқарманың мүгедектерді оңалту бөлімінің бастығы Лариса Шереметьева көмек сұрай келген жандарға байланысты электрондық деректер базасын жасау мәселесінің қалай жүзеге асырылып жатқандығын, компьютерден нақты мысалдар келтіре отырып, көрсетіп берді. Деректер базасының мәліметтері үнемі есепке алынып, ондағы материалдар алдағы жылдардың жоспарын жасауға негіз болады екен. Осынау жоспарлы жұмысқа келер жылы нақты қанша мүгедектің бірінші рет көмек сұрай келетіндігін болжау қиындығы кедергі келтіретін көрінеді. Олар кембағал жандардың 40 пайызын құрайды. Былтыр мұқтаж жандарды мүгедектер арбасымен, сурдотифлотехникамен қамтамасыз етуге, санаторлық-курорттық емделуге жолдама беруге, протездік-ортопедиялық көмек көрсетуге облыстық бюджеттен 153,7 млн. теңге жұмсалған. Қозғалуы қиындық туғызатын 1-топтағы мүгедектерге міндетті гигиеналық құралдар алуға, жеке көмекшілер және сурдоаударма қызметін көрсетуге аудандар мен Петропавл қаласы бюджетінен 101,0 млн. теңге қаржы бөлінген.

 

Әлеуметтік мәселелер қызметін үйлестіру бөлімінің бастығы Сәуле Баймұқанова медициналық-әлеуметтік мекемелерге қабылданғандар жайлы мәліметтерді электрондық деректер базасына сүйене отырып айтып берді.

Татьяна Токарева басқаратын еңбек нарығын талдау және мониторинг бөлімі де “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасының бірінші бағытына сәйкес бос жұмыс орындары бойынша бірыңғай республикалық электрондық деректер базасына қосылған. Сондықтан жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркелгендердің бәрі есепке алынып, оларды оқыту, жұмысқа орналастыру мәселелері 5 жыл бойы тұрақты түрде қадағаланып отырады. Бұл базаның тағы бір ерекшелігі – республика бойынша бос жұмыс орындары жайында нақты ақпарат алуға болады.

Осы бағдарламаның екінші бағыты бойынша кредит алған кәсіпкердің атқарған жұмыстары да электрондық деректер базасы арқылы 5 жыл бойы қадағаланады.

Асқар Сақыпкереев өзі жетекшілік ететін мекеменің аумақтарды дамыту, жұмыспен қамту бағдарламаларын жүзеге асыру, тұрғындарды әлеуметтік қорғау, мүгедектерді оңалту мен олардың әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына баруын қамтамасыз ету, мұқтаж азаматтарға арнайы көмек көрсету шараларымен айналысатындығын, оған бюджеттен 2 млрд. 600 млн. теңге бөлініп отырғандығын атап айтып, 2012 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысы мен алда тұрған міндеттерге тоқталды. Асқар Сақыпкереев мүгедектерді оңалту мәселесіне орай 8 медициналық-әлеуметтік мекеменің атқарып жатқан жұмыстарына, оларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қаржылай көмектің жыл сайын өсіп отырғандығын айтып, “Надежда”, Смирново интернат үйлеріндегі жағдай арқылы нақты мысалдар келтірді.

Баспасөз мәслихатында БАҚ өкілдерінің сауалдарына орай республика бойынша теңдесі жоқ “Ұрпақ қорының” бүгінгі жағдайы да сөз болды. Аталмыш акция бастау алғалы көпбалалы отбасылардың депозитіне облыстық бюджеттен 879 млн. теңге аударылған. Оған биылғы 1 ақпанға дейін 110 млн. теңге көлемінде сыйақы қосылған, ал депозиттен алынған қаржы 35 млн. теңгені құрайды. Оны жалғастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Себебі, Қызылжар өңірі бала туу бойынша әлі де көш соңында келеді. Республика бойынша бала туудың орташа көрсеткіші 1000 балаға шаққанда 22 болса, біздің облысымызда – 15,9 ғана.

Үшінші бағыт бойынша тұрғын үй салуға арналған тендерлерді өткізу өткен жылғыдай облыстық құрылыс басқармасына емес, биылдан бастап аудандық әкімдіктерге жүктеліп отыр. Бұл жүйе ықтимал мердігерлер табуға, жоспарлы құрылысты мерзімінде аяқтауға мүмкіндік беріп, жауапкершілікті арттыра түспек.

Кездесу барысында журналистерді толғандырып жүрген басқа да сауалдар қойылып, нақты жауаптар қайтарылды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp