Өткен жылы облыстық ассамблея өткізген шаралардың біріне қатыспақ болып, Қызылжар аудандық орталық кітапханаға кірдім. Шара өтетін оқу залына келе жатқан мен тырс-тырс еткен туфлидің дыбысын естіп, артыма бұрылғанымда басында аппақ жаулығы бар, етегі жер сызған ақ көйлектің сыртынан алтын түстес қамзол киген Сақып Құсайынкелінін көрдім. Тар дәлізде ысырылып жол бергенімде биязы жымиып: “Амансың ба, қарғам!” деді. Ал биыл ол құрған “Мақсат” қолөнер клубына 25 жыл толғанын естігенде тілдесу үшін Бескөл ауылына арнайы іздеп бардым.
– Сақып апа, мерейтой құтты болсын! Осы жылдар ішінде көздеген мақсаттарыңыз орындалды ма?
– Рахмет, қарғам! Иә, орындалды. “Мақсат” клубын құрушылардың ой-арманы ұрпаққа ұлттың салт-дәстүрін жеткізу еді. Құрылған күннен бастап сол мақсатымызды орындау жолында аянбай еңбек еттік. Орта, жас буынға ұлттық құндылықтарымызды насихаттау үшін түрлі шаралар өткіземіз. Бескөл ауылындағы орта мектептердің оқушыларының қатысуымен келін түсіру, қыз ұзату, баланы бесікке салу, қырқынан шығару дәстүрлерімен қатар, әжелер, келіндер сайыстарын өткізіп келеміз. Жас келіндерге табаққа қандай мүшелер салу керектігін де көрсетеміз. Әйтеуір, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптан хабар беретін, таныстыратын шараларды жиі өткіземіз. Ауданның әлеуметтік өміріне де қатысамыз. Соның бір жемісі – қазіргі “Парасат” мектеп-лицейі. Осы білім ордасын ашу үшін “Мақсат” клубының мүшелері қазақтілді мектепке балаларыңды беріңдер деп әр үйдің есігін қағып, табандарын тоздырып еді. Бұл сеніміміз ақталды. Немерелерім сол мектептің табалдырығын аттап, ана тілінде білім алды.
– Мектеп оқушыларымен бірлесіп біраз шара өткізіпсіздер. Ендеше “Жас ұрпақ ұлттық құндылықтан бой үзген” деген пікірге айтар уәжіңіз бар шығар?
– Аудан орталығындағы мектептер үнемі: “Мақсат” клубына экскурсияға барайық деп едік, деп хабарласып жатады. Шаңырағымыздың босағасын аттаған балаларға бірден “Ұл балалар төрге, ал қыз балалар оң жақта отырады” деп әдет-ғұрпымызбен таныстыруды бастаймын. Орыстілді мектепте оқитын өзге ұлт өкілдерінің балалары: “А мы этого не знали” деп жатады. Жергілікті ұлттың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын білген дұрыс. Сені ұйып тыңдап, әр сөзіңді қағып алып отырған балаларды көргенде, олардың ұлттық құндылықтан бой үзбейтінін жете түсінесің. Ендеше бұл еңбегіміз зая кетпейді.
– Бір әңгімеңізден жерлес жазушы Сәбит Мұқановтың 100 жылдық мерей-тойында орман ішінде отырып іс тігіп едім дегеніңізді естіп едім. Бұл қалай болған еді?
– Жамбыл ауданындағы Сәбит ауылының маңында өткен мерей-тойда тігілетін киіз үйлердің бірінің өңі кеткен екен. Маған соны тіктіртті. Бір апта ағаштың көлеңкесінде отырып, қол машинасымен киіз үйдің сыртын сөгіп, қайтадан тігіп едім.
– Осы арада 25 жылға шегініс жасасақ. Бір ағаларымыздың айтуынша, 1988 жылы Наурыз мерекесінің республикада алғаш тойлануына байланысты жоғарыдан “Ұлыстың ұлы күнін ұлттық нақышта қарсы алу керек. Киіз үй ұлттық өрнекке малынып тұратын болсын” деген нұсқау түседі. Мұны естіген Бескөл ауданының басшылары қатты сасады. Сол кезде біреуінің есіне Сіз түсесіз. Киіз үйдің ішкі-сыртқы келбетін өз қолымен өрнектеп, күні-түні еңбек еткен жұмысыңыздан кейін басшылар өз “үйлерін” танымай қалыпты. Аршыған жұмыртқадай сәні келіскен киіз үй көркімен көз тартатын еді. Ал бүрме етек көйлек, оқалы қамзол, кимешек киген, бөртпе шәлі тартқан қызкеліншектер мен әжейлер Наурыз мерекесінің шырайын аша түскен.
– Наурыз мерекесіне қатысқан қыз-келіншектердің бәріне қазақша киім тігіп едім. Қазір заманның кең кезі, таңдап жүріп сатып алуға болады. Ортаға ақ боз ат мінген бір қызды да шығарып едік. Аттың үстіне жапқан қызыл жабындыны шашақтап тұрып тігіп едім, қаңтарулы тұрған аттың үстінен біреу ұрлап алып кетіпті.
– Осындай қоғамдық жұмыстан қажыған жоқсыз ба?
– Мен өз өміріме ризамын. Өткен күндерді еске алсам, ерекше сезімге бөленемін. Себебі, ұмытылмас сәттер көп болды. 2000 жылы әйелдердің тұңғыш ұлттық жәрмеңкесіне қатысып, өз еңбегімді жұртшылық назарына ұсындым. Елеусіз қалғам жоқ, арнайы сертификат алдым. Қазақтың ұлттық киімдерін тігемін. Оған сұраныс бар. Тағы бір ұмытылмастай есте қалған жай – Қазақстан әйелдерінің ІІІ форумына қатысуым. Сол алқалы жиында мемлекетіміздің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, тілдесудің сәті түсті. Ол кісі елдің жағдайын сұрағанда мен қазақ мектептерінде оқулықтардың жетіспейтінін айттым. Сонда Елбасы бұл мәселе таяу арада шешіледі деген болатын. Содан бері қаншама жыл өтті. Құдайға шүкір, бұл жағдай да оңалып келеді. Елің, ұлтың үшін жасалған әр жұмыстан күш-қуат аласың. Рухың көтеріледі.
– Өткен жылы “Мақсатта” болып едім. Сол жолы облыстық ассамблея өкілдеріне сол жаққа тігілген шымылдықтың себебін түсіндіріп едіңіз. Соны біздің оқырмандарымыз үшін тағы бір қайталасаңыз…
– Шаңырақтағы татулық осы ақ шымылдықтың әр жағынан шығады. Келін шымылдықтың артында отырып, ата-енесіне көрінбей шайын құйып беріп, қайын інісін жіберіп, дастарқанға табақ қойдыртса, қайын сіңлісіне де осындай жұмыстарды істеуді үйреткен, баулыған. Шымылдық ішінде отырған жас келіннің жанында ұршықтай иірілген отбасы тату-тәтті болған.
– Осындай әдет-ғұрыпты насихаттаған жұмысты жалғастырар ізбасар бар ма?
– Бұл жұмыспен 25 жыл айналыстым. Қазір жасым 80-ге келді. Соңғы жылдары денсаулық та сыр бере бастады. Бастаған ісімізді жалғастыратын кісі таба алмай отырмын. Қызығушылық танытқандар ақша төлей ме деп сұрайды. Тегін жұмыс істеу керек екендігін естігендер ат-тонын ала қашады. “Мақсат” белсенділерінің жасы 60 пен 80-нің ортасында. Ал жастардан мектеп оқушылары ғана біздің шараларымызға қатысып, белсенділік танытады. “Мақсаттың” жұмысын жалғастыруға орта буынның өкілі қажет. Қазір жұмысымызды жалғастыратындай ұлттық құндылықтан қол үзбеген, шебер кісіні іздеп жүрмін.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.