Таяуда Петропавл қаласындағы “Снежинка” бөбекжай-балабақшасында полилингвалды оқытуды тиімді қолдану туралы қалалық семинар өткізілді. Оған облыс орталығының бірнеше балабақшаларының тәрбиешілері, ағылшын тілінің мамандары қатысты.
Құралай МҰХАМЕДЖАНОВА,
“Снежинка” балабақшасының
қазақ тілі мұғалімі.
Бөбекжай-балабақшаның меңгерушісі Самал Балтабаева шараның бағдарламасы және мақсаты жөнінде айта келіп, ұжымдағы тәрбиешілер бала тәрбиесіндегі шығармашылықтарын дамыта отырып, жаңа технология арқылы біліктіліктерін арттыруды көздейтінін тілге тиек етті.
Семинарға жиналғандар назарына қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде мерекелік ойын-сауықтар, зерттеу іс-әрекеттері ұсынылды. Ортаңғы топтың тәрбиешісі Зухра Рогозина мен ағылшын тілінің мұғалімі Анастасия Голощук бүлдіршіндермен ағылшын тілін қолдану арқылы “Көңілді Хэллоуин” атты ойын-сауық көрсетті. Бүлдіршіндер ағылшын тілінде өлең-дер айтты, қызықты ойындар ойналды. Сонымен қатар ересектер тобының тәрбиешісі Сәуле Лютова “Қысқы сиқыр” зертханасында “Морозкоға қонаққа” тақырыбында шара өткізді. Балалар қар мен мұздың айырмашылығына көз жеткізді. Қазақ тобының тәрбиешісі Индира Ысқақова екеуіміз бірлесіп “Ұлттық қазына” шағын мұражайында “Еліме шуақ, халқыма қуат бер, әз-Наурыз!” атты музыкалық ойын-сауық қойылымын жұртшылық назарына ұсындық. Онда қазақ халқының ұлттық ойындары ойналды, салт-дәстүрлері көрсетіліп, балғындардың айтысы ұйымдастырылды. Ата-аналардың балалармен бірлесіп жасаған қолөнер көрмесі де қонақтардың көңілдерінен шықты.
Семинардың қорытындысы ретінде үш тілде “Жыл он екі ай” ертегісі бойынша музыкалық театрландырылған қойылым көрсетіліп, бүлдіршіндер жиналған қонақтарға өз өнерлерін ұсынды.
Семинар соңында қаламыздың балабақшаларынан келген тәрбиешілер мен ағылшын тілінің мамандары өз ұсыныс-пікірлерін айтты, іс-тәжірибе алмасты. Олар семинарға жоғары баға берді.