«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛҒЫСҚА БӨЛЕНГЕН БАС МЕДБИКЕ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Суреттегі сол жақта тұрған ақ халатты абзал жанның есімі – Галина Қоқышева. Ол қазіргі таңда №3 қалалық аурухананың бас медбикесі болып қызмет етуде. Галина Өміржанқызын ауруханаға жұмыс бабымен барған сайын жиі көреміз. Кімді болсын ақ көңілмен қарсы алатын аурухананың бас медбикесі бірнеше бөлімдері мен зертханалары бар аурухананы бес саусағындай жатқа білетіндігі, бізді бір емес бірнеше рет таңғалдырды.  

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Галина Қоқышева – өңіріміздегі жалғыз медициналық колледждің түлегі. 1997 жылы колледжді тамамдаған соң мамандығының алғашқы баспалдағын Явленка аудандық орталық ауруханасынан бастайды. Ильинка дәрігерлік амбулаториясында фельдшер болған уақытында да қызметіне аса жауапкершілікпен қараған Галина Өміржанқызы жаңа мыңжылдықтың басында облыс орталығына көшіп келеді. Содан бері №3 қалалық ауруханада қызмет етуде. Алғашында балалар жансақтау бөлімінің медбикесі болып жұмыс істеген.

 

– Жансақтау бөлімінде қызмет еткен кездерде жауапкершіліктің не екенін жаныммен сезіндім. Өмір үшін күрескен сәбилердің жүрек лүпілін есту үшін біз бар күшіміз бен білімімізді салатын едік, – дейді ол.

Қызметіне деген жауапкершілігі мен еңбекқорлығының арқасында 2009 жылы аурухананың бас медбикесі қызметіне тағайындалады.

– Жұмыстың қайсысы болсын қиындықпен келетіні анық. Біздің жұмыс адам өмірімен тығыз байланысты. Сондықтан қандай жағдайда болсын қырағылық танытуың қажет. Әсіресе, медбикелер өз жұмыстарына аса жауапты болуы тиіс, – дейді ол.

Қарамағындағы әрбір медбикенің жұмысына үлкен мән беретін Галина Өміржанқызы оларға кеңес беруден жаңылған емес. Әріптестері де оны өз ісіне жауапты маман ретінде танитындығын жасырмады. Өткен жылы кәсіби мереке қарсаңында атқарған адал еңбегі үшін облыс әкімінің Алғыс хатына ие болған Галина Қоқышева былтыр Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Денсаулық сақтау министрінің алғысына ие болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp