«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҰБАЙЛАРЫНАН ЖӘБІР КӨРГЕН ҚЫЗ КЕЛІНШЕКТЕР демеу табатын орталық

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Табиғатынан гүлдей әдемі, нәзік келетін әйелдер физикалық әрі психикалық жағынан ерлерге қарағанда әлсіз. Бұл – заңды да. Сондықтан да олар ерлерді қорған санайды. Десе де, қорған болуға тиіс күйеулерінің қолынан зорлық-зомбылық көріп жүрген нәзік жандар жоқ емес, бар. Өткен жылы облысымызда тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген 46 әйелдің арызы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Бұл – тіркелгені ғана. Ал тіркелмегені қаншама?! Көктемнің алғашқы мерекесіне орай осы мәселеге көңіл аударуды құп көріп, “Әйелдерді қолдау орталығы” қоғамдық өңірлік бірлестігіне бас сұқтық.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Қыз-келіншектерге қай кезде болсын көмек қолын созуға даяр қоғамдық бірлестіктің жетекшісі Алина Орлованы қызмет орнында жолықтырмасақ та, оның 4 нәзік жандыдан тұратын ұжымымен танысуымызға мүмкіндік туды. Татьяна Усманова, Найля Тажетдинова, Екатерина Шенкнехт және психолог Альфия Байгельдинова. Бұлар өңірлік әйелдердің күнделікті күйбең тіршілікте кездесетін мәселелерін бес саусақтай жатқа білетін қыз-келіншектердің есімдері.

Бір бөлмелі пәтерде орналасқан орталық осыдан 15 жыл бұрын құрылған. Орталықта әлеуметтік қызметкер, заңгер, психолог мамандар қызмет етеді. Олардың көмегіне көбінесе тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер жүгінеді. Күніне соғылған телефон қоңыраулардың төртеуі осы мәтіндес болады екен.

 

– Бізге хабарласатындардың дені – жақындарынан зорлық-зомбылық көрген нәзік жандар. Олар толғандырған мәселелерін ешкімге шер тарқатып айта алмағандықтан, бізге хабарласады. Өз кезегінде біздің мамандар олардың әр айтқан сөзіне құлақ салып, мәселеден шығу жолдарын көрсетеді. Біз: “Осылай істе, былай істе” деп кеңес беруден аулақпыз. Хабарласқандардың есімдерін құпия ұстаймыз. Телефон арқылы сөйлескісі келмей, көзбе-көз жүздескісі келген жағдайда орталыққа шақырып, олармен тілдесеміз. Орталыққа хабарласатын нәзік жандардың жастары да әртүрлі. Жуырда орталыққа 70 жастағы бір әжей келіп, 40 жылдан астам уақыт бойы бірге отасқан жұбайынан қорлық көретіндігін айтып, көмек сұраған болатын. Көріп отырғаныңыздай, отбасылық зорлық та жас талғамайды. Әйел адам ешқашан өз мәселелерімен жеке қалмауы тиіс. Қандай да бір зорлыққа төтеп беру үшін әйелдің қасында міндетті түрде арқасүйері болу қажет. Егер де ол “арқасүйердің” өзі жарына қорлық көрсетуші болса, онда мамандарға жүгінген абзал, – дейді орталықтың психологі Альфия Байгельдинова.

Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Жұбайлар арасында ара-тұра келіспеушілік туындайды. Бірақ жұбайына қол көтеру жөн емес. “Отан отбасынан басталады” демекші, ең басты мақсат отбасында бала қолайлы жағдайда тәрбиеленуі тиіс. Осы мақсатпен орталық мүшелері отбасылық тәрбиеге қатысты әртүрлі семинарлар мен дәрістер өткізеді. Бастапқыда қалалық деңгейде жұмыс істейтін олар қазіргі таңда облысымыздың барлық аудандарында семинарлар өткізіп келеді. Семинарлардың тақырыптары әрқилы болғанымен, негізгі өзегі әйелдер болып табылады.

– Солтүстікқазақстандық әйелдер көбінесе ұлттық тәрбиеге байланысты отбасылық зорлықты сыртқа шығаруды ұят санап, мәселелерін өздері шешуге тырысады. Бірақ соның салдарынан өздеріне зиян келтіріп жатқандарын аңдамайды да. “Ауырын жасырған өледі” дейді емес пе? Отбасылық зорлықты да дерттің бір түрі деп қабылдауға болады. Оны да емдеу керек. Себебі, әйел жасырғанымен ол өзіне көмектесе алмайды. Қайта “дертті” одан әрі үдетіп, ем қонбайтындай етіп алады, – деді ол.

Орталық сондай-ақ адам саудасына қатысты да мәселелермен бетпе-бет кездесіп, жас қыздарға тауар ретінде қарайтын көзқарасқа айырықша қатаң түрде тыйым салынса екен, дейді.

– Құдайға шүкір, былтыр облысымызда осы тек-тес мәселемен шағымданған нәзік жандар болмады. Десе де, адам саудасы мәселелерімен айналысу – орталықтың басты бағыттарының бірі. Жыныстық құлдыққа түсетіндердің көбі – өрімдей жас қыздар. Ауылдан қалаға келіп, тез арада байлыққа кенелгісі келеді. Жарнамалар арқылы жұмыс іздейді. Шетелде қызмет еткісі келіп, Интернеттегі жарнамаларға сеніп, қалай жыныстық құлдыққа түсіп қалғанын байқамай да қалады. Сондықтан да біз аудандарға шығып, бойжеткендерге “Адам саудагерінің құрығына түсіп қалмас үшін не істеу керек?” сынды тақырыптарда семинар-тренингтер өткіземіз, – деді ол.

Осыдан бірер жыл бұрын орталық жанынан 6 жатын орынға шақталған әйелдерді оңалту орталығы іске қосылып, онда жыныстық құлдықтан босап шыққан және тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер орналасып, психолог әрі дәрігерлердің қарауында болды. Бұл орталықтан талай бойжеткендер мен қыз-келіншектер “дерттерінен” айығып, өмірге нық қадам жасаған болатын, дейді Альфия Байгельдинова. Өкінішке қарай, қаражаттың жоқтығынан оңалту орталығы өз жұмысын тоқтатты. Десе де, негізгі орталықтың жұмысы тоқтаған емес. Олар зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектерге көмектесуге әзір.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp