«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЙШАТТЫҢ АЯЛЫ АЛАҚАНЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өмір ШАЛАБАЙҰЛЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Отбасылық үлгідегі Балалар ауылында тәрбиеші-ана қызметін атқаратын Айшат Жүнісовамен сұхбаттасуымызға мекеме директоры Арыстан Әкімжановтың сөзі себеп болды. Елбасының “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты мақаласындағы “Тек еңбек қана барлық қазақстандықтардың әл-ауқатқа және жаңа өмір сапасына қол жеткізуін қамтамасыз ете алады” деген қағидалы сөздерін өмірлік мақсатқа айналдырып, жандарына серік еткен қарапайым мамандық иелерінің төккен тері, бейнетінің өтеуі, марапатқа бөленуі кей жағдайда ұмыт қалып жатады. Ал әкенің жүрек жылуынан, ананың ыстық құшағынан ажырап, жетімдіктің зарын тартқан жаутаңкөздерді өз баласындай бауырына тартқан жандарды қалай марапаттасақ та жарасар еді деген өтінішінен кейін болашақ кейіпкерімізбен тілдесуді жөн көрдік.

Айшатты жұмыс орнынан тез-ақ тауып, әңгімеге тарттық. Сөзге қақпақылдап отырмасаң, қысқа ғана жауаптасуды қолай көретін тәрізді. Соған қарағанда, ауылда туып-өскен жұдырықтай қыздың тұйықтау болмысына қала өмірі көп әсер ете қоймаған тәрізді. Алайда, іске ширақтығы, биязы мінезі жүріс-тұрысынан аңғарылмай қоймайды. “Бөбек” қорының қолдауымен тұрғызылған отбасылық үлгідегі Балалар ауылында 2001 жылдан бері жұмыс істейді. Мұнда 4 отбасының әрқайсысында 6-18 жас аралығындағы 34 балғын тәрбиеленеді. Олардың бірі ұлттық шаңырақ ретінде құрылып, Айшаттың қарауындағы 8 ұл-қыз ана тілдерінде білім алып, жас құрақтай желкілдеп өсіп келеді. Шеттерінен сыпайы, әдепті, өнерлі.

 

– Шынын айтсам, осы жұмысқа күтпеген жерден келдім десе де болады. Аудандағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істеп жүрген едім. Бірде отбасылық үлгідегі Балалар ауылына тәрбиеші-аналарды қабылдауға конкурс жариялаған хабарландыруға көзім түсті. Қалаға көшуге оқталып жүрген маған бұл жаңалық жерден жеті қоян тапқандай әсер етті. Мекеменің немен айналысатынында шаруам жоқ. Бар үміт-ниетім – қайтсем де жұмысқа орналасу. Жасым да, мамандығым да, тұрмыс құрмауым да конкурс шарттарына дөп келіп тұр. Мына қызықты қараңыз, көп үміткердің ішінен комиссияның таңдауы маған түскеннен кейін бойымды қорқыныш билеп ала жөнелді. Жұмысқа қабылданып, сабама түскен соң тәрбиеші-анаға деген талаптың күштілігі санама енді жетсе керек. Байқаймын, жауапкершілік мен ойлағаннан да әлдеқайда күрделі секілді. Жастайымыздан еңбекпен шынығып өскен ауылдың қызымыз ғой (тәрбиеші-ананың аптасына бір күн ғана демалыс алуға құқығы бар – Ө.Ш.), мәселе әртүрлі отбасыдан жиналған, жас шамасы да, мінез-құлқы да, тәлім-тәрбиесі де әрқилы балаларға қалай қамқорлық жасау тәжірибесінің жетімсіздігіне келіп тірелгенде қатты дағдардым. Қанша өбектеп, айналып-толғансам да, туған ата-аналарының без-бүйректігі мен тасбауырлығы жүректеріне ауыр зіл түсірген, мінездерінен адамдарға деген сенбеушілік, кісікиіктік қасиеттері біліне бастаған сәбилердің мұңды жанарлары өңменіме шаншудай қадалып, көпке дейін үйренісе алмай жүрдім. Бүгінгі қоғамның ауыр дерті еңсемді езіп, кетіп қалсам ба деген сәттер де болды. Бірақ бауыр басып қалған көгенкөздер мен ортаны қиып кете алмадым. Басқа біреу дәл мен сияқты қамқорлық жасай алмайтындай көрініп, өзімді-өзім жігерлендірдім. Бүгінде оларсыз өмірімді елестете алмаймын, – дейді Айшат Жүнісқызы ағынан жарылып. Олар туралы сөз қозғағанда ішкі қиналысын жасыра алмай, жанары жасқа шыланып шыға келетінін байқатпауға қанша тырысса да, иман үйірілген жүзінен аңғарылып қалады.

Арыстан Әкімжановтың айтуынша, Балалар ауылы ашылғалы 15-ке жуық тәрбиеші-ана қызметтен кетуге мәжбүр болған. Олардың көпшілігі жұмыстың ауырлығына, талаптың күштілігіне, тәртіптің қатаңдығына шыдай алмаған. Араларында ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүруді ойлап келгендері де кездеспей қалмаған. Айшат болса, өзіне жүктелген міндеттерді үлкен жауапкершілікпен атқарып, ұршықша үйіруге, таң атқаннан түн ауғанша тізе бүкпеуге әбден дағдыланып алған. Балаларды ұйқысынан әлдилеп ояту, бес мезгіл тамақтандыру, мектепке шығарып салу, қарсы алу, тазалық-үлгерімін бақылау, өнегелі қасиеттерге үйрету, еңбекке баулу, кешкі ұйқыға жатқызу, айта берсе, шаруа бастан асады. Осылайша әр бүлдіршінге жылы мейірімін төге отырып, толыққанды отбасы үлгісін қалыптастырудың жолдарын іздестіруден еш жалыққан емес.

– Бізде ата-ананың қамқорлығынсыз қалған қазақ балалары тәрбиеленеді. Бірінің әке-шешелері ішкілікке салынса, енді біреулерінікі асыраудан бас тартқан. Осында Қарағанды жақтағы Тұрлыбековтар отбасынан 4 бала тәрбиеленген болатын. Жанар деген үлкен апалары алып кетті. Жақсы азамат болып өскендерін естіп, еңбектің еш кетпегеніне мерейіміз өсіп қалды. Бауыржан, Мәдина, Ләззат секілді ұл-қыздарымыз жоғары, арнаулы оқу орындарында білім алып жүр. Тағдырдың ауыр тауқыметіне ұшыраса да, мойымай ел азаматы болып өскендеріне қуанамыз.

Өз басым, тәрбиеленушілердің үйдегі- түздегі шаруаларды бірлесіп атқару арқылы көпшіл, қоғамдық еңбекке ынталы болып өсуін басты назарда ұстаймын. Сол сияқты жасы мен мінез ерекшелігіне қарай тәрбие берудің де маңызы зор. 10-сыныпта оқитын Ислана ең үлкеніміз саналатындықтан, бәріне қамқор, қолқанат болып жүреді. Кенжеміз Аслан 2-сыныпта оқиды. Бәрі бір үйдің баласындай, жұптары жазылмайды. Көпшіл, ұйымшыл, ынтымақшыл. Бос уақыттарында түрлі үйірмелерге қатысады, қолөнермен, іс тігумен айналысады. Үй шаруаларына көмектеседі, – дей келіп, Айшат өзін мазалаған кей мәселелерді ортаға салды. Біріншісі – жыл санап саны азаюдың орнына көбейіп келе жатқан жетім балаларды қинайтын баспана жайы. Осы мекемеден үлкен өмірге аяқ басқан 32 жетімектің біреуі ғана баспаналы болған. Екіншісі – отбасылық үлгідегі Балалар ауылдарының санын көбейтіп, олардың материалдық-техникалық әлеуетін нығайтқан жөн. Өйткені, баланың қалыпты өсуіне осындай үлгідегі орта ғана жан-жақты мүмкіндік жасайды деп есептейді.

Осылайша толғанған әрі ұстаз, әрі тәрбиеші, әрі асыл ана қасиеттерін бір бойына тоғыстырған Айшаттың аялы алақанының ыстық табы бір сәт те суымасына шын пейілмен сенесің.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp