«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АКРОБАТШЫ АЛИНА биікке самғауға құштар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Спортшылар арасында жасөспірім шағында-ақ “Спорт шебері” атағын иеленгендер баршылық. Ондайлар көп ретте гимнастикамен, акробатикамен, конькимен мәнерлеп сырғанаумен айналысатындардан шығады.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Мен жақында Петропавлдағы №31 орта мектептің тоғызыншы сыныбында оқитын, акробатикадан спорт шебері Алина Абуталиповамен кездесіп, он алты жасар қыз баланың айтарлықтай жетістіктеріне қанықтым.

Ол қаладағы “Акробатика” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне сегіз жасында келіпті. Балдырғанды шешесі Найля Абуталипова осы мектепке ертіп әкеліп, бапкерлерге тапсырыпты. Ондағы ойы жас бала көшенің ықпалына еріп кетпей, спортпен шұғылдануы керек деген ниеттен туғанын Алинаның өзі айтып берді.

 

Оны өз тобына жазып алған жаттықтырушы қыз баланың дене бітімі ыңғайлы, нәзік те икемді екенін қырағы көзімен байқаған. Ол жас баладан жақсы, шебер акробатшы шыңдап шығару баланың өзіне, еңбекқорлығына байланысты екенін ескертуді де ұмытпаған.

Содан бері өткен сегіз жылдың ішінде Алина өзін соңғы төрт жыл бойы баптап келе жатқан Александр Филимоновтың көмегімен бір биіктен екіншісіне өрлеп, шеберлікті меңгере түскеніне оның жетістіктері айғақ. Атап айтқанда, өткен жылы ол Алматы қаласында Қазақстан Республикасының чемпионатына қатысып, жеңіске жеткені үшін “Спорт шебері” атағы берілгенін бапкерінен білдім.

Ол Алина жаттығуларға мұқият келетінін, ерінбейтінін, түрлі өрнектерді бірлесіп көрсететін құрбылары Ирина Захаринамен және Мәдина Жүсіповамен ынтымақты, ыждағатты қимыл-әрекет жасайтынын бөле-жара атап көрсетті.

Оқушылардың мұндай жетістіктері өзінің отбасына ғана емес, мектептің де қолдау көрсетуіне байланысты болатынын айтуымыз керек. Бұл ретте №31 мектептің директоры Ирина Климова:

– Алинаны біздің оқушыларымыз да, ұстаздарымыз да мақтан тұтады. Оның мінезі биязы, сыпайы, кеуде қағуды білмейтін ұяң. Оқу үлгерімі де жақсы. Біз оның жаттығулардан қалып қоймауына жағдай жасауға тырысамыз. Ал республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуына тіпті де тілектеспіз, – деді.

Мектеп басшысының лебізінде жаңсақтық жоғын Алинаның сөйлеген сөзінен де анық аңғардық. Өте ұяң, үні биязы. Кей реттерде ертіп әкелген ұстазы әңгімеге араласып, жөн сілтеп, болған оқиғаларды оның есіне салып отырды.

– Шетелдерде халықаралық жарыстарға қатысқаныңды айтсайшы, – деп ескерткенде Алина Ресейде өнер көрсеткенін тілге тиек етті.

Ал мұндай жарыстардың ең айтуға тұрарлығы – Америка Құрама Штаттарында өткен әлем чемпионаты. Бұл жарыс АҚШ-тың Флорида штатындағы Орландо қаласында 2012 жылдың мамыр айында өткен әлем чемпионаты екен.

– Алина Абуталипова Қазақстанның чемпионы болғандықтан, осы әлемдік жарысқа ел құрамасының сапында қатысып, тоғызыншы орын алды, – деді А. Филимонов. – Көрсеткішін нашар деуге болмайды. Өйткені, мұндай сынға ол тұңғыш қатысқандықтан, абыржығанын айтпауға болмайды. Және де жиырма бір елдің жеңімпаздары бас қосты. Араларында әбден ысылған, талай мәрте топқа түскендері барын білдік. Алинаның алдына түскендер – солар.

Жаттықтырушымен әңгімеден оның шәкіртінің болашақта шеберлігін шыңдауына, жеңістерге жете түсуіне мүмкіндіктері мол деген сенімде екенін сездім. Бір кездері даңқымызды дүрілдетіп, бүкіл Кеңес Одағына атымызды жақсы жетістіктермен шығарған акробатшыларымыздың кейінгі уақыттарда өшіңкіреп кеткен табыстарына Алина Абуталипова сынды жас дарындар жеткізсе екен деп тіледім.

– Мына суреттерді қарап отырсам, үнемі биікке ұмтылатын сияқты көрінесің. Өйткені, сенің әрбір әрекетіңнен самғауды ұнататының сезілетіндей, – дегенімде ол жай ғана жымиып:

– Ол рас. Мен осы суреттегідей арман асуына самғағым келеді, – деп жауап қайтарды.

Наурыз айында келіп, қыз-келіншектерді, жалпы әйелдер қауымын жыл – он екі айда бір қуантатын төл мерекесімен құттықтағанымда ол:

– Сізбен осы кездесуімді пайдаланып мен де анамды құттықтағым келеді. Ол менің өмірімдегі ең жақын адамым, қорғаушым, қолдаушым. Сондықтан оған ұзақ та бақытты ғұмыр тілеймін! – деп қоштасты.

СУРЕТТЕ: А. Абуталипова; жаттығу сәті.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp