«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДЕНЕ БІТІМІҢ СЫМБАТТЫ БОЛСЫН ДЕСЕҢ, аэробикамен айналыс

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әлемде сұлу көрінгісі келмейтін адам жоқ шығар, сірә. Әсіресе, нәзік жанды әйелдер қауымы қай жаста болса да, келбетті көрініп, сымбатты мүсіннің иесі болғысы келеді-ақ. Ол үшін нәзік жандылар ашығу арқылы артық салмақтан арылуға да дайын. Бірақ артық салмақтан құтылудың тағы бір мүмкіндігі бар. Ол – фитнес. Фитнес-клубтарды қазіргі таңда қаланың әр бұрышынан кездестіруге болады. Солардың біріне біз де кіріп көрдік.

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Фитнес-клубтарға жиі баратын әйелдер бұл клубта да көп екен. Тал түс болса да, клуб дене жаттығуларымен айналысатын адамдарға лық толы. Аэробика, шығыс биі, хип-хоп, йога дейсің бе – барлығы бар. Біз халық арасында кеңінен танымал аэробикаға кіріп көрдік. Қателеспеппіз. Степ, фитбол, пилатес, классикалық, би элементтері бар аэробика дене жаттығуларының барлық түрлерін өзіне шоғырландырған. Аэробикадан топтық жаттығулар кешенін жүргізетін нұсқаушы Юлия Карганская жоғары оқу орнында 4 жыл бойы экономист-есепшінің мамандығын меңгерсе де, бірде-бір рет мамандығы бойынша қызмет етіп көрмеген. Саналы өмірін аэробикаға арнаған ол шаһарымыздың қыз-келіншектері арасында белгілі жаттықтырушы. Қазіргі мамандығы бойынша арнайы білім алмаса да, бала кезіндегі ата-аналарының жетектеп, әртүрлі үйірмелерге қатыстыруы, дене шынықтырумен табанды айналысуы болашақ кәсібін таңдауға септігін тигізген.

 

– Бала кезімнен бос уақытым болған емес. Таэквондо, суда жүзу, спорттық балдық би және өзге де үйірмелерден қалмайтынмын. Мектепте әртүрлі спорттық жарыстарға қатысып тұратынмын. Қыста шаңғы, коньки, жазда қашықтыққа жүгіру, жүзу менің сүйікті ісім болатұғын. Универтетте бсиілім алып жүріп те, спорттан қол үзгенім жоқ. Менің алдымдағы қыздар сияқты аэробикаға қатысып, ақырында өзімнің жаттықтырушымның орнына сабақтар өткізе бастап, қазіргі қызметіме солай аяқ бастым, – дейді ол.

Астана, Омбы, Түмен қалаларында аэробикадан өткізіліп тұратын семинарлардан қалыс қалмайтын Юлия Олеговна күнделікті өткізіп тұратын жаттығуларын түрлендіріп, жандандырып тұрады.

– Өйтпесең болмайды. Бұрынғы аэробика мен қазіргі аэробиканы салыстыруға болмайды. Бұрын өмір сүру салты өзге болатын. Қазіргі таңда жұртшылықтың тең жартысы отырып жұмыс істейді. Өмірге қажеттінің барлығы қол астында. Қызметтерінде жылжымалы орындықтарында отырып, компьютерге телміреді. Үйде де сол, аруларымыз күш салып еңкейіп кір жуудан қалды. Ыдысаяқтарды да ыдыс жуғыш машинаға салып, өздері диванға жайғасып отырады. Содан артық салмақ пайда болып, сымбаттылықтарынан айрылдым деп ойлап, мазасыз күй кешеді. Өзіне деген сенімділік жойылады. Ал аэробика, фитнес, йога дейсіз бе, ең біріншіден, адамның жан дүниесіне әсер етуі тиіс. Сонда ғана дене жаттығуларының пайдасы тиеді, – деген ол аэробиканың түр-түрімен таныстыра бастады.

Мәселен, үлкен доппен өткізілетін дене жаттығуы кешенін фитбол деп атаса, пилатес адамның денесін дұрыс пайдалануға үйретеді. Аэробика міндетті түрде музыканың ырғағымен жасалады.Сол арқылы адам көңілін де жайландыра алады. Қыстың соңғы айында аэробикамен айналысқысы келетіндер саны еселенеді екен. Қыс құрсауынан босаған табиғаттай әйел адамдар да қыс бойы жинаған артық салмақтарынан арылғылары келеді , дейді жаттықтырушы.

– Аэробикамен айналысуға ден қойғандардың тең жартысы – артық салмақтан арылғысы келетін қыз-келіншектер. Бірақ арасында саламатты өмір салтын ұстанатындары да бар. Мәселен, үй шаруасымен айналысатын әйелдер бос уақыттарын тиімді өткізу үшін қатысады. Кейбіреулері басқа себептермен келеді. Сондықтан жаттығу алаңына келген әрбір қыз-келіншекпен жақынырақ танысып, оның не себептен аэробикамен айналысуға шешім қабылдағанын сұрап, біліп аламыз. Сосын сол мақсатқа қол жеткізуге тырысамыз, – дейді Юлия Карганская.

Қазқатар тізілген қыз-келіншектер жаттықтырушымен бірге белгілі бір жаттығуларды қайталай бастады. Олардың арасында 40 жастан асқан әйелден бастап, жасөспірім қызға дейін кездестіруге болады.

– Аэробикаға қатысуға келетін жас қыздар мен орта жастағы әйелдерді салыстыруға келмейді. Жаттығу үстінде орта жастағы әйелдердің мектепте дене шынықтыру сабағына қатысқандары бірден байқалса, мектеп жасындағы қыздардың арасында дұрыс еңкеюді де білмейтіндері бар. Себебі, қазіргі жасөспірім ұл-қыздар далада доп қуып, жүгіріп ойнаудың орнына көгілдір экран мен фейсбук, твиттерлері мен агенттерінен бас тарта алмайды. Күндері қимылсыз өткендіктен, аурушаң болып келеді. Ал дене жаттығулары адамға сымбатты мүсінмен қатар деннің сау болуын қамтамасыз етеді.

Расында да, жаттығулардан кейін қан айналымы жақсарып, баяу соққан жүректің дүрсілі екі еселеніп, бұлдыраған көз ашыла бастағандай күй кешесің. Сөйтсек, аэробиканың әр жаттығуынан кейін адамның тыныс алуы жиілеп, сол арқылы қанның ағысы жүйеленіп, жүректің бұлшық еті жаттығады. Бойларында белгілі бір дерттері бар адамдар да аэробикамен айналыса алады. Жаттықтырушының айтуынша, денсаулықтарында кінәраттары бар келушілерге арнайы жеңілдетілген жаттығулар ұсынылады. Сол арқылы әйелдерде жиі кездесетін бел мен буын ауруларының белгілері жойылатын болып шықты. Бірақ аэробикаға келген қыз-келіншектің қай-қайсысы болсын белгілі бір уақытта артық салмақтан арыламын деген ойдан аулақ болуы тиіс, дейді Юлия Олеговна. Себебі, артық салмақтан арылу үшін кей кездері бір жылдың өзі аздық етеді. Десе де, денені шынықтыру арқылы дене мүсінін ғана емес, өмірлерін де өзгертіп жатқан әйелдер көп екен.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp