Нәзік жандарды бүгінгі күні әр салада кездестіруге болады. Ердің ісі саналар күзетшіліктен бастап, әскери қызметке дейін. Тіпті, атауының өзі адам жүрегінде үрей тудыратын патологоанатомия саласына саналы өмірінің 44 жылын арнаған әйел де бар екен. Өмірінің тең жартысын мәйіттерді зерттеуге арнаған облысымыздың штаттан тыс бас патологоанатом дәрігердің аты-жөні – Алла Козленко. Ол №3 қалалық аурухананың патологоанатомиялық бөлімшесінің меңгерушісі әрі патологоанатом дәрігер. Онымен сұхбаттасудың да сәті түсті.
– Алла Николаевна, неліктен патологоанатомиялық саланы таңдадыңыз?
– Мен дәрігердің отбасында дүниеге келдім. Менің анам да – патологоанатом дәрігер. Әлі күнге дейін Омбы қаласында қызмет етіп келеді. Медицина саласы бала кезімнен маған жақын болғандықтан, мен де болашақ мамандығымды осы саламен байланыстырдым. 1969 жылы Омбы қаласындағы жоғары медициналық білім ордасын бітірген соң жолдама бойынша Петропавл қаласының №3 қалалық ауруханасында қызмет етіп келемін. Бір жағынан қорқынышты естілетін бөлімшені халық арасында мәйітхана деп атау кеңінен таралған. Бірақ оны мәйітханадан бұрын мүрденің тәнін зерттейтін орталық деп атау дұрысырақ. Біз, патологоанатом дәрігерлер бұл бөлімшеде ауруханада, не кенеттен үйде жан тапсырған адамның қандай дерттен қайтыс болғанын анықтап, дәрігерлердің қойған диагноздарын растаймыз. Және әртүрлі хирургиялық оталардан кейін ағзадан алынған өскіндердің, тіпті, саусақтарға, бетке шыққан сүйелдерді, соқыршек пен жарықтарды зерттеп, оның патологиясын анықтаймыз.
– Бөлімшеде қанша дәрігер қызмет етеді?
– Қазіргі таңда бөлімшеде менімен қоса 5 дәрігер, 11 зертханашы мен 15 санитар қызмет етеді. Тәулік бойы жұмыс істейміз. Мереке, демалыс дегенді білмейміз. Өліктерді қабылдауға әрқашан даярмыз. Мұздатқыш камералар, талдауға қажетті зертханалық құрылғылар, өзге де медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілдік. Әр дәрігерде өзінің жеке бөлмесі бар. Лаборант қызметкерлерге де бар жағдай жасалған. 1965 жылы салынған бөлімшенің ескі бөлігінде қазіргі таңда күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Онда қаралы зал, мұздатқыш камералар мен санитарлардың бөлмелері жайғасқан.
– Кадр жетіспеушілігі мәселесі ше?
– Біздің бөлімшеде де мамандардың жетіспеушілігі өткір тұр. Өткен жылы 640 мүрдеге зерттеу жүргізіп, 87 мың биопсия жасадық. Жалпы штатқа сәйкес бөлімшеде 5 емес, 14 дәрігер болуы тиіс. Әдетте әрбір патологоанатом дәрігер жылына 150 мүрдені зерттеп, не болмаса, бір өзі 3 мың биопсия жасауы қажет. Біздің бір жылға атқаратын жұмысымыздың мөлшерімен бағамдайтын болсақ, бөлімшедегі 5 дәрігер 26 дәрігердің жұмысын атқарып жүр. Жұмыс өте көп. Бұл – дәрігерлерге қатыстысы. Ал зертханашыларға келсек, одан айтарлықтай мәселе туындаған емес. Себебі, біздің облыстағы медициналық колледжде зертхана ісі мамандығы бойынша жас ұрпақ білім алып келеді. Олар колледжді аяқтаған соң осы салаға маманданып, жұмыс істеуіне болады. Мен өзім де сол колледжде сабақ беремін.
– Өңірімізде патологоанатомиялық бөлімше №3 қалалық ауруханада ғана бар ма?
– Кезінде бұл бөлімше орталықтандырылған бөлімше болатын. Қазіргі таңда облысымыздың Шал ақын, Айыртау аудандары мен онкологиялық диспансерде осындай бөлімшелер бар. Және сот-медициналық сараптама орталықтары да қызмет көрсетеді.
– Сонда бөлімшеде сот-медициналық сараптама да жасала ма?
– Жоқ. Оның облысымызда арнайы филиалдары бар. Және біздің бөлімше денсаулық сақтау саласына бағынса, олар тікелей Әділет министрлігіне қарайды. Олардың саласы біздің қызметке жақын болғанымен, мақсаттарымыз әртүрлі. Біздің бөлімшеге өз-өзіне қол жұмсау, зақым алу, уланып қайтыс болу себептерінен басқа жағдайда көз жұмғандардың барлығы зерттеуден өтеді.
– Емдеуші дәрігерлерге қарағанда, адам тәніндегі дертті өз көздеріңізбен көріп, тікелей зерттеулеріңізге мүмкіндік бар. Зерттеу жұмыстарын жазумен айналысасыз ба?
– Әрине, тәжірибемнің молдығынан зерттеу жұмыстарымен айналысқымыз келеді-ақ. Бірақ күнделікті атқаратын жұмысымыз басымыздан асып жатады. Онымен айналысу үшін уақыт керек. Күнделікті болмаса да, адамның жер жастануы қазір әп-сәтте. Ауру айтып келмейтіндей, өлім де айтпай келеді емес пе? Сондықтан зерттеу жұмыстарымен айналыспасам да, мақалалар жазып тұрамын.
– Сонда қазіргі таңда адамдар көбінесе қандай дерттен жиі қайтыс болады?
– Бүгінгі күні жүрек-қан тамырлары ауруларынан о дүниелік болған адамдар саны көп. Екінші орында – қатерлі ісік дерті. Туберкулезден болған өлім-жітім біршама азайып келеді.
– Қазіргі таңда мәйітті күйдіріп, оның күлін құмыраға салып сақтап жүретін адамдар жайында ара-тұра естіп қаламыз. Бөлімшеде крематорий бар ма?
– Жоқ. Білуімше, еліміздің үлкен қалаларының аталмыш бөлімшелерінде де ондай қызмет түрлері көрсетілмейді. Біздің бөлімшеде аза залы бар. Онда қайтыс болған адамның туған-туыстары оны ақтық сапарға шығара алатындай жағдай туғызылған.
– Десе де, әйел бола тұра күнделікті өліктерді көріп, олармен жұмыс істеуден жүрексінген жоқсыз ба?
– Керісінше, мен үшін тірі адамды емдеу, онымен жұмыс істеу қорқынышты көрінеді. Жалпы медицинаның қай саласы болсын таза қызмет түрі емес. Оны Сіз жақсы білесіз. Науқастар әртүрлі болады. Үй-күйсіз жоқ адамдар да арасында кездеседі. Мен өзімнің мінезім мен ой-түйсігіме салсам, маған патологоанатомия саласында қызмет етуден артық жұмыс жоқтай көрінеді. Сот-медициналық сараптама саласының маманы да бола алмас едім. Себебі, онда да әртүрлі жарақаттар алған, көп жатып қалған өліктерді зерттеуге тура келеді. Оның үстіне медициналық университетте оқып жүргенімнің өзінде патологоанатомиялық үйірменің төрайымы болатынмын. Және бұл саланың маманы болу үшін сен терапияны, хирургияны, гинекологияны және өзге де мамандықтарды жетік меңгеруің қажет.
– Дүниеден озған адамдарды күнде көру жүрегіңізге ауыр тиетін шығар?
– Онсыз бола ма?! Адам болғаннан кейін бір кездері өмір сүріп, ойнап-күліп жүрген адамның бір мезетте қайтыс болғанын көру, әрине, көңіліңе тиеді. Аяйсың. Кей кездері кішкентай ғана сәбилердің өзі өмірден өтіп жатқанда көзіңе жас оралып, қиналасың. Бірақ біз, біріншіден, маман екендігімізді естен шығармауымыз қажет. Әр өлген адаммен бірге қайтыс болсақ, неміз қалады? Сондықтан бойыңды да, ойыңды да өзгеріссіз келе жатқан өмірдің заңдылығына бейімдейсің.
– Сөз соңында дәрігер ретінде оқырмандарға айтар тілегіңіз бар ма?
– Дәрігер ретінде айтарым, адамдар өз денсаулықтарына мұқият болса екен деймін. Кей кездері ауырып жүрген адамнан бұрын ауырмай-сырқамай жүрген адам да қайтыс болып жатады. Ең болмағанда, жылына бір рет емханаға қаралу жөнінде кеңес етер едім. Саламатты өмір салтын ұстану қажет. Себебі, жас ұлғайған сайын өлімнің қорқынышты екенін түсінесің.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.