Қызылжар. Көктем. Қазақша КВН. Жаңа маусым басталды.
Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Екі күн қатарынан облыстық балалар шығармашылық орталығының сахнасында күлкі мейрамы тойланды. Бірінші күн маусымашар болды. Облыстық лигада ойнайтын командалар баптарын байқатты.
Бұған дейін бірде-бір құрамасы болмаған М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ден үш бірдей команда келген екен. Алайда, ол командалардың ойыны университеттегі факультетаралық КВН ойындарының деңгейінде жүргендігі байқалды. Ешбірінің ойыны көрермен көңілінен шықпады.
Екінші бір жаңалық – өнер колледжінің өнерлі жігіттері. Олардың таланттары бар, алайда тәжірибе жетіспейді. Бұл команданың болашағынан зор үміт күтуге болады.
Былтырғы маусымда “Ағайлар”, “Мағжан жастары” сынды командалар көзге түскен еді. “Ағайларды” енді сахнадан көре алмасақ та, “Мағжан жастары” биыл Өскеменде өтетін орталық лигаға жолдама алды.
Маусымашарға келген көрерменді қонақ командалар бір серпілтіп тастады. Екібастұздан премьер лиганың жұлдыздары “Біз қазақ пыз”, “Қыздар құрамасы және Баека”, ал елордадан Астана жастар құрамасы келді.
Келесі күні күлкі думанын оқушылар жалғастырды, яғни мектеп лигасының жартылай финалына жолдама сарапқа салынды.
Сахнада барлығы 11 құрама бақ сынады. Соның тең жартысы аудандардан келген. “Жарқын болашақ”, “Қарасай қырандары”, “Оппа, Сырым стайл” командалары жартылай финалға жолдама алды.
№2 орыстілді орта мектептен шыққан бастауыштың балаларынан құралған “Нонсенс” пен №20 орта мектептің бүлдіршіндері де сүрінген жоқ.
Бір қызығы, былтыр бір ойынға 3-4 командасын салатын қалалық классикалық гимназиядан осы жолы бірде-бір команда шықпады. Есесіне Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептен екі құрама, қазақ мектеп-гимназиясы мен №20 орта мектептің командалары сәтті өнер көрсетті.
Бұл ойында екі команданың бағы жанбай қалды. Оның бірі Бескөлдегі “Парасат” мектеп-лицейінің құрамасы болса, екіншісі Мамлют ауданынан келген “Нюбостон” командасы осымен өздерінің лига чемпионы атануға деген жорықтарын тоқтатты.
Маусымның жарқын жаңалықтарының бірі – Қазақстан КВН одағы Қызылжарға арнайы жобамен келмекші. Наурыздың 20-сында жоғары лиганың жұлдыздары “Назар аудар” (Орал), “Аралас” (Арал), “Демеушіміз – болашақ” (Астана) және одақтың президенті Есен Елеукен солтүстікқазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтамақшы.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.