«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОБЪЕКТИВТЕ – билік тізгінін ұстаған қыз-келіншектер

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында “Арманмен қанаттанған” тақырыбында фотокөрме ашылды. “СҚО іскер әйелдер қауымдастығы” ҚБ бұл шараны өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген әйелдерді ұлықтау мақсатында ұйымдастырды.

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Көрмеде қызметтері әртүрлі әйелдердің 50-ге жуық суреті қойылды. Оларға қарап, облысымызда отбасылық өмірімен бірге қызметті тең ұстап келе жатқан нәзік жандардың қатарының көптігіне қуанасың. Көбіне басшылық қызметте жүрген арулар бейнеленіпті. Әйелдердің портреттері, олардың кәсіби және шығармашылық жұмыстағы сәттері мен отбасы мүшелерімен, әріптестерімен бейнеленген кездері қабақ қадатады. Суреттермен бірге көрме сөрелеріне іскер әйелдердің түрлі марапаттары қойылған. Көрменің ашылу салтанатына суреттерде бейнеленген нәзік жандардың өздері де қатысты. Оларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаған қалалық мәслихат депутаты Жангелді Тәжин сұлулық пен мейірімділік жаршысы – арулардың өмірдегі орны ерекше дей отырып, барша қыз-келіншектерге игі тілегін арнады. Өнерпаздардың орындауындағы арулар жайлы әндер де бұл күні ерекше шырқалды.

 

Өнер колледжі – музыкалық-эстетикалық бағыттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-кешеннің директоры Роза Кәшенова аталмыш оқу орнын бірнеше жылдан бері басқарып келеді. Ерекше сопрано дауысқа ие нәзік жанды жүздеген жас таланттардың өнер айдынынан өз орындарын табуына жол сілтеді. Фотокөрме тақырыбына орай “Ендігі арманыңыз қандай?” деген сұрағыма Роза Әбутәліпқызы былай деп жауап қатты: “Екі арманым бар: бірі – өмірімнің қуаны шы – ұлымның өмірден өз жолын тауып, ел азаматы болғанын көргім келсе, екіншісі – өзім басқаратын мектеп-кешені тез арада ғимаратқа қол жеткізсе деймін. Өнерлі балалардың лайықты білім алуы үшін бізге концерттік залы бар, жабдықталған үлкен ғимарат қажет-ақ”.

“СҚО іскер әйелдер қауымдастығы” ҚБ төрайымы Бақытжан Сәмиеваның айтуынша, үшінші жыл қатарынан “Нұр Отан” ХДП-ның мұрындық болуымен облысымызда “Әйелдер саясаты көшбасшысының мектебі” жұмыс істеуде. “Іскер әйелдер туралы мұндай көрмелер әлі де ұйымдастырылады. Біз билік тізгінін ерлермен қатар ұстай білетін қыз-келіншектерімізді дәріптей білуіміз керек” – дейді қоғамдық бірлестік төрайымы.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp