Олеся Гонтарьдың “Гармония” интерьер студиясын ашқанына бір жылдан сәл ғана асқан. Осы шамалы уақыт ішінде оның атқарған шаруасы аз емес. Олеся Викторовна өз ісін дөңгелетіп отырғанымен қатар, денсаулығында кінәрат бар Карина деген бүлдіршінге ота жасатуға қаражат жинауға көмек қолын созып жүр.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Гармония” интерьер студиясының атауы айтып тұрғандай, бұл жобада иесін қызықтырғанның барлығы бір-бірімен үйлесімде жүзеге асып келеді. Оны ашқан кезде басқаларға ұқсамайтын ерекше болғанын қалаған Олеся Викторовна студияның ішін қолөнер бұйымдарымен әшекейлеуді жөн көріпті. Ол студия ішін шағын бөлмелер сияқты бөліп, безендіру үшін қолөнер шеберлерінің жасаған бұйымдары мен туындыларын сатуға қабылдайды. Бірақ оларды сатқаннан өзіне ешқандай пайда түсірмейді. Шеберлер үшін бұл тиімді. Өйткені, басқа жерлерге сатуға берсе, оған пайыз көп қосылып, заттарының сатылуын тежейді.
Жамбыл ауданындағы Архангелка ауылында дәрігерлер отбасында дүниеге келген Олеся Викторовна химия-биология бағытындағы гимназияда, университеттің химия факультетінде оқыған. Магистратура бітіріп, диссертация қорғаған. Университетте қызмет атқарып, жас кезін ғылымға арнаған нәзік жанға өз ісін бастауда қиындық болғаны айтпаса да түсінікті. Алайда, студияның қазіргі кейпі көздің жауын алады. Өз жұмысын руханилыққа бағыттаған Олеся Гонтарьдың қасында бірге жұмыс істеп жүрген жандармен ойлары, көзқарастары бір. Бүгінде ол жобасын қолдап, көмек қолдарын созатын жақтастары, достарымен бірге алға қойған жоспарын жүзеге асырып келеді. Соның бірі – Каринаға қайырымдылық көмек көрсету.
– Бірде қызына ота жасатуға ақша жинау үшін қойылған жәшік көзіме түсті. Алғашында оған көмек көрсету үшін өзіміздің студияда ақша жинайтын қобдиша қойдым. Кейін қайырымдылық көрмесін ұйымдастыруды жөн көрдік. Менің қайырымдылықпен айналысуыма жұбайымның жиһаз дүкенінің көмегі тиді. Тұрақты еңбекақың болмаса, қайырымдылықпен айналысу – қиын іс. Қайырымдылық қобдишасына, негізінен, өзімнің жасаған бұйымдарымды және кейбір шеберлердің өздерінің келісімімен берген заттарын сатудан түскен ақшаны саламын. Ондай адамдар бар. Нақтылап айтар болсам, пластиктен әшекейлер жасайтын Татьяна Бармина, жас натуралистер стансасының мұғалімі Татьяна Мандрик, сонымен қатар өздерінің қайда істейтінін айтпайтын, бірақ қолөнер бұйымдарын сатып, түскен ақшасын қайырымдылық қобдишасына салуымды өтінетін де жандар бар. Сондай кеңпейілді жандардың қолдауымен таяуда Каринаның қорына арналған алғашқы қайырымдылық көрмесін өткіздік. Ол акция жөнінде республикалық және жергілікті телеарналардан көрсетілді. Осы көрсетілімдерден кейін жұртшылықтың қызығушылығы оянды, олар Каринаның ата-анасына қоңырау шалып, хабарласа бастады. Осындай игі шараның бастау алғаны және оған өзімнің кішкентай болса да қосқан үлесім барына қуаныштымын. Мамыр айының соңына дейін оған қажетті қаржыны жинауымыз керек, – дейді Олеся Гонтарь.
Олеся Викторовнаның айтуынша, адамдар әртүрлі. Өткен қайырымдылық акциясында өздері ештеңе сатып алмаса да, қобдишаға 500, 2000, 15 000, 50 000 теңге салғандар, сондай-ақ 200 теңгенің түйреуішін 1500 теңгеге бағалағандар болған. Кезекті қайырымдылық акциясын наурыздың 7-8-і күндері “Рахмет” сауда үйінде өткізбекші. Әдеттегідей қайырымдылыққа арналған қолөнер бұйымдары арнайы үстелге қойылады. Ақша салатын қобдиша да сол жерге орналастырылады. Сатып алсаң да, жай ақша салсаң да өз еркіңде.
– Қызым Карина 6 жаста. Қызымның денсаулығына алаңдап, көмек қолын созған Олеся Викторовнаға алғыстан басқа айтарым жоқ. Ол Карина туралы білген күннен бастап, бізге қайырымдылық жасауға барынша көмектесіп келеді. Отаны Германияда жасайды. Неміс қайырымдылық қоры егер қажет қаржының жартысы жиналса, жартысына көмектеспекші. Қазір соған және Олеся сияқты қайырымды жандардың көмегіне үміт артып отырмын, – дейді Каринаның анасы Анжелика Павлова.
Олеся Гонтарьға қолдан жасалған бұйымдарын сатуға беріп, қайырымдылық шарасына атсалысып жүргендер арасында жас натуралистер стансасының оқушылары да бар. Бұл балалар өз беттерімен жұмыс істеуге, ең бастысы кішкене күндерінен қайырымдылық, жақсылық жасауға үйренеді. Олеся Викторовна алдағы уақытта осы ұжыммен бірлесіп, “Жас дизайнерлер шеберханасын” құруды жоспарлап жүр. Жас натуралистер стансасының және кейбір мектептердің оқушыларының қолдарымен жасаған бұйымдарын сатуға студияда арнайы сөрелер де дайындап қойыпты.
“Шеше көрген тон пішер” деген бар емес пе, анасының игілікті ісін көрген қызы да қайырымдылыққа атсалысу ниетімен өз қолымен бұйымдар жасап жатқан көрінеді. Ол заттарын жақында ұйымдастырылатын қайырымдылық көрмесіне шығарып сатпақ және сыныптастарының арасында да насихат жүргізіп жүр. Олар сәтін салса, “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей, ел болып Каринаға көмектесетіндеріне сенімді.
Суреттерді түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.