«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛУ – баршаның ісі

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұрсайын ШӘРІП, “Солтүстік Қазақстан”.

 

Биыл Қызылжар өңіріне жылдағыдан қар 2 есе көп жауды. Бұл диқан қауымы үшін мол ылғал қоры болса, ойпаңдау жерде орналасқан елді мекендерге – зор қауіп-қатер. Соған орай облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жер-жерлерде су тасқынының алдын алу шараларын өткізе бастады. Бұл іске департаменттің суда құтқару қызметі де қызу кірісіп кетті. Аталмыш мекеменің дауыскүшейткіш арқылы хабар тарататын жылжымалы экипажы 21 ақпаннан бері облыс орталығының Бензострой, Копай, Зайсан, Ойқала, Былғары зауыты, Заречный, Жұмысшы кенті ықшамаудандарын аралап, жергілікті тұрғындарға су тасқынының алдын алу шараларын түсіндіріп жүр. “Қар қорының көп жиналуына және көктемнің ерте келеді деп болжануына байланысты Петропавл қаласының ойпаң жерлерде орналасқан жеке тұрғын үйлері мен аула аумақтарын ағын су басу қаупі бар. Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында өз үйлеріңіздің маңайын және аулаларын қардан тазарту жұмыстарын жүргізуді және бірінші кезекте, қар суы ағатын жол жиектерін тазалауды, сөйтіп ағын суларға қалыпты жағдай жасауды ұсынамыз. Дер кезінде жүргізілген шаралар сіздің және көршіңіздің үйлері мен аулаларын су басу тәуекелінен барынша сақтайтындығын есте сақтаңыз!” – дейді олар.

 

Осындай ұсыным облыс орталығының жеке тұрғын үй секторларында күн сайын беріліп келеді.

Биылғыдай қарлы қыста су тасқынынан зардап шегетін ықшамаудандардың бірі – Заречный кенті. Әсіресе, аталмыш елді мекеннің 1-ші Заречный көшесінің тұрғындары қыс басталғалы түскен қалың қардан көп қиындық көрген екен.

– Біз қар жауған сайын мүмкіндігімізше аулаларымызды тазалап, қарды қолдың күшімен көшенің жүруге бөгет жасамайтын бос жеріне шығарып келеміз. Қазір олар тау-тау болып үйіліп қалды. Қыс түскелі көше жолы бірақ рет тазаланды. Ықшамауданның бұл бөлігі ойпаң жерге орналасқан. Үйінді қар тасып әкетілмесе, су тасқынынан зардап шегетін біз боламыз. Қардың өте көп екенін өздеріңіз де көріп отырсыздар, – деп зейнеткер Нина Кручинина қалалық коммуналдық шаруашылық пен жергілікті әкімдік облыс орталығының шет аймақтарына да жете көңіл бөлсе деген ойын жеткізді.

СУРЕТТЕ: суда құтқару қызметінің құтқарушы-сүңгуірі В.Ленков жұмыс үстінде.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp