«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ШӨПШЕК СҮЙГЕН ӘЖЕЙ 113 жасқа келеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бикамал Мұржықова әжей осы жылдың 13 наурызында 113 жасқа келгелі отыр. Облыс орталығында тұратын кейуанамен жолығудың сәті түсті.  

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Бір ғасырлық ғұмырды артқа тастаған Бикамал әжей осындай жасына қарамастан, тың. Үйіне келген бізді қазақы салт бойынша жылы қабылдап, әңгімеге қосыла кетті.

Әжей 1900 жылы Жамбыл ауданының Суаткөл ауылында дүниеге келген. 1917 жылы жаппай мал-мүлікті кәмпескелеу уақытында оның отбасы ауылдан қыр асып көшіп кетеді. Содан бері туысқандарының бірімен де көріспеген әжей олардан әлі күнге дейін хат-хабар күтетіндігін мұңлы көзінен аңғармау қиын болмады.

 

– Әкемнің есімі – Әбдібек, анам – Тиыштық. Ұзатылған соң мені ауылда қалдырды. Апам мен інімді ертіп, ауылдан шет аймақтарға көшіп кетті. Содан бері олардан еш хабар жоқ, – деген ол, – бір кездері “Жди меня”, “Бармысың, бауырым?” атты бағдарламалары арқылы туысқандарын іздестіріп көргенменен, одан түк шықпады, – деп сөзін жалғады.

Әжейдің әңгімесін тыңдай отыра осынша жасқа келуінің сыры жайында сұрамай кете алмадық.

– Өмірімде еңбектен басқа ештеңені көргенім жоқ. Ауылда сауыншы болдым, өгіз жегіп, жер жырттық. Соғыс жылдары бар ауыртпалық әйелдер мойнында болды. Тракторды меңгердік. Онымен көктемде жер жыртсақ, күзде егін ордық. Ұжымшардың малын бақтық, – деген ол денсаулықты күтудің бір сыры еңбекте екендігінен айнымады.

Кейуана бір қыз, екі ұл тәрбиелеп өсіріпті. Одан тараған ұрпақ қазіргі таңда еліміздің әр түкпірінде өсіп келеді. 12 немере, 22 шөбере, 1 шөпшек сүйген әжей. “Бар байлығым – балаларым” деп айтудан жаңылған емес. Барлық балаларына жоғары білім берген ана қазіргі күні облыс орталығында немересі Назбек пен келіні Алтынгүлдің қолында. “Балдайым” деп еркелеткен әжейдің шөпшегінің есімі – Шам-шырақ. 1 жастан асқан балдай балапан да әжесінің алдынан кетер емес. Екеуі естелік суретке түсті. Бір ғасыр ғұмыр кешкен Бикамал әжей сөз соңында еліне батасын да аямады. Елге тыныштық, береке тілеген ол қазақ халқының көбейгенін де қалайтындығын жасырмады. Қоштасарда бізге де аман-саулық тіледі әжей. Ал біз болсақ кейуанаға шөпшегінің қуанышын көруін тіледік.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp