Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
“Солтүстік Қазақстан таратушы электр желілері компаниясы (СҚ ТЭК) АҚ-ы 2012-2013 жылдар кезеңіне бекітілген кәсіпорынның “Негізгі құралдар құрылысы, қайта құру және жаңғырту” инвестициялық бағдарламасын атқару мәселесі жөнінде “дөңгелек үстел” өткізді.
Кәсіпорынның мәжіліс залында өткен басқосуды “СҚ ТЭК” АҚ-ның президенті Вячеслав Утябаев қысқаша кіріспе сөзбен ашып, жиынға қуат беруші ұйымдардың басшылары, жергілікті атқарушы және аумақтық органдардың өкілдері, облыстық ТМРА департаментіндегі сарапшылар кеңесінің мүшелері және кәсіпорын ардагерлерінің де қатысып отырғанын жеткізе отырып, атқарылып жатқан инвестициялық бағдарламалардың тұтынушыларды электрмен жабдықтау сенімділігін арттыратынын айтты.
Бұл мәселеге бірінші болып сөз алған облыстық табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент директоры Марат Мұстафин толығырақ тоқталды. Оның мәлімдеуінше, 2012 жылғы кезеңге жаңғырту шараларына 702 млн. теңге инвестиция салу көзделген болса, жыл қорытындысында салымдардың жалпы көлемі 731 млн. теңгені құрап, жоспар 104 пайызға орындалған. Департамент бекіткен ұзақмерзімдік бағдарламасы бойынша 2012-2013 жылдардың ортамерзімдік кезеңіне электр желілерін қайта құруға және дамытуға 1,5 млрд. теңгеден астам инвестиция салу жоспарланған, деді ол.
Одан кейін сөз алған компанияның өндіріс жөніндегі вице-президенті Антон Макаров инвестициялық қаржының қайда жұмсалғанын тілге тиек етті. Баяндамада көрсетілгеніндей, өткен жылы оған 35-220 кВ бес кіші станцияға қайта құру, 10 және 0,4 кВ 20 шақырымдық әуе және кабельдік желілерге жөндеу мен ауыстыру жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде Бензострой, Жұмысшы кенті, Зайсан және 20-шы шағынаудан тұтынушыларын электрмен жабдықтаудың сенімділігі мен сапасы артты.
Сол сияқты кәсіпорын мамандары 220/110/10 кВ “Сібір”, “Қиялы”, 110/10 кВ “Жданово”, “Сүт комбинаты”, №7, №1 кіші станциялары құрал-жабдықтарын жаңарту жөнінде жұмыс жүргізді. Облыстың “ЗИКСТО”, “Мұнаймаш”, “ПАМЖ зауыты” АҚ-лары сияқты ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын, сондай-ақ қаланың өнеркәсіптік аумағы тұтынушыларын электрмен қамтамасыз ету сенімділігін арттыру үшін энергетиктер РП 12 және ПС 110/10 кВ №4 негізгі жабдықтарының қайта құру және жаңғырту жұмыстарын атқарды.
Облыс және қала кіші станциялары бойынша электр қуатын коммерциялық есепке алудың автоматты жүйелерін енгізуге 129,5 млн. теңге жұмсалды. Кәсіпорында іске қосылған инвестициялық бағдарламаның, қолдағы бар активтерді қайта құруға, сүйемелдеуге және техникалық қайта жарақтандыруға бағытталған шараларды жүзеге асырудың арқасында компания нормативтен тыс шығындарға жол берген жоқ. Энергетиктер 2013 жылы 716,2 млн. теңгенің инвестициялық бағдарламасын одан әрі үш бағытта жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Атап айтқанда, құрылыс пен қайта құруға 514 млн. теңге, электр үнемі шараларына 187 млн. теңге және электр құрал-жабдықтарын ауыстыруға 14,5 млн. теңге жұмсалады.
“Дөңгелек үстел” барысында “СҚ ТЭ” АҚ-ның президенті Вячеслав Утябаев тұтынушылардан және жиынға қатысушылардан түскен сұрақтарға жауап берді.