Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровтың төрағалығымен облыстық аграрлық кеңестің көктемгі-дала жұмыстарына арналған отырысы өтті. Онда алдағы егіс науқанына ғылыми негізделген агротехникалық технологияларды қолдану мәселелері талқыланды. Отырысқа агрокеңес мүшелері, облыстық және аумақтық ведомстволардың, аудандық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімдерінің басшылары, тәжірибе станциясы мен Солтүстік Қазақстан өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары қатысты.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аграрлық кеңестің төрағасы, “Солтүстік Қазақстан ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС директоры, ғылым кандидаты Белгібай Қанафин 2012-2013 жылғы күзгі-қысқы кезеңде қалыптасқан жағдайға байланысты көктемгі-дала жұмыстарын ылғал қорымен қамтамасыз ету мәселелеріне тоқталды. Белгібай Қанафиннің айтуына қарағанда, биылғы 10 ақпандағы мәлімет бойынша егістік алқаптарға түскен қардың қалыңдығы 56 см.-ге жеткен, бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 5-40 см.-ге көп, былайша айтқанда, 2 жылдық норма. Наурыз айында жылдағыдан көп ылғал түседі, ал сәуір айында нормадағыдай болады деп болжанып отыр. Сондықтан ерте көктемнен бастап ылғал сақтау технологиясына баса мән берген жөн.
Ауа райын болжау орталығының деректеріне қарағанда, мамыр, шілде айлары жауынды болмақ.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Тұқым” ЖШС шетелдерде озық әдіс ретінде қолданылып жүрген нөлдік технологияны меңгеруді 2006 жылы қолға алыпты. Серіктестіктің бас агрономы Евгений Дубов заманауи техникалар кешенін толық пайдаланған 2010 жылдан бері ғана аталмыш технологияға қол жеткізгендіктерін атап айтады. Соның арқасында шаруашылық 2011 жылы әр гектардан – 42,7, былтырғы әдеттен тыс қуаңшылықта 20 центнерден жоғары өнім алған.
“Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжам әдістемелік орталығы” ОФ-нің директоры Жұманғали Қожахметов агроқұрылымдардың дәнді дақылдар ауруларымен және зиянкестерімен күрес жүргізуде биыл назар аударатын шараларына тоқталды.
Облыстық тәжірибе станциясындағы сұрыпты агротехника зертханасының меңгерушісі, ғылым кандидаты Ольга Гаас дәнді, дәнді-бұршақты және майлы дақылдарды өсірудің болашағы жайлы сөз қозғады. Қазіргі уақытта көптеген шаруашылықтарда егіс айналымы бұзылған, олар негізінен жаздық жұмсақ бидай егумен ғана шектеледі, көпжылдық шөп алқаптары едәуір азайған, топырақ қорғауға арналған агротехникалық шаралардың қажетті кешені сақталмайды, органикалық және минералдық тыңайтқыштар аз көлемде сіңіріледі. Осындай қалыптасқан жағдайларды айта келіп, Ольга Семеновна тәжірибе станциясы ғалымдары әзірлеген ұсыныстарды алға тартты.
Солтүстік Қазақстан өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының (СҚӨМҒЗИ) бөлім меңгерушісі, ғылым докторы Владимир Мешетич облыстағы жемазық өндірудің қазіргі жағдайы мен оны дамыту жолдары жайлы өз ойын ортаға салды.
Агрокеңес мүшесі, “Зенченко және К” КС-нің бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Геннадий Зенченко облыста жемшөп сапасын анықтайтын бірде-бір агрохимиялық зертхананың жоқтығын атап айтты. Бұрындары осындай зертхана ұйымдастыруға бюджеттен қомақты қаржы да бөлінген көрінеді. Алайда, СҚӨМҒЗИ аталмыш мәселені әлі де облыстық деңгейде шеше алмай отыр. Ал мал шаруашылығын кешенді дамыту үшін ондай зертхана ауадай қажет.
“Мәмбетов және К” КС директоры Константин Мишинев аудандастырылған көпжылдық шөп тұқымдары өңірде өндірілмейтіндігін мәселе етіп көтерді.
Агрокеңесте тәжірибе станциясы ғалымдары әзірлеген “Облыста көктемгі-дала жұмыстарын өткізу және ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіру бойынша нұсқаулар жобасы” мақұлданып, оны агроқұрылымдарға таныстыру ұсынылды.