«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАЙСАР ҚЫЗ Әсем Назырова әлем чемпионатына қатысады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біздің өңірімізде спорттық бағдарлау дами бастағалы соншалықты көп уақыт өте қойған жоқ. Онымен айналысатын жерлестеріміз де тек соңғы жылдары шыға бастағаны анық. Ерлер арасында жетінші қысқы Азия ойындарында Аслан Тоқбаевтың командалық есепте құрлық чемпионы болғанын көгілдір экраннан тамашалап, артынан өзін құттықтаған едім. Кейін бұл спорт түрімен қыздарымыздың да шұғылданып жүргенін естіп, солардың бірімен кездесуге ниет қойғанмын.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ол – Әсем Назырова 1995 жылы Аққайың ауданының орталығы Смирново ауылында дүниеге келген.

– Жастайымнан спортқа, соның ішінде шаңғы тебуге әуес болдым. Смирновоның №2 орта мектебінде оқып жүргенімде Нұрлан Дүйсенбинов деген дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мені шаңғы тебуге баулыды, – деді ол.

Осы тұста бір айта кетеріміз, 1961-1962 жылдары Қазақстанда, соның ішінде Өскемен және Алматы қалаларында дами бастаған спорттық бағдарлау біраздан кейін тоқырап қалады да, тек Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін қайта жанданады. Алғашқы жылдары республикамыздың бірде-бір спортшысы КСРО құрамасына ене алмаса, егемен ел мәртебесін иеленгеннен кейін спорттық бағдарлау жарыстарына Қазақстан дербес қатысу құқығына ие болды. Міне, осы кезден бастап өңірімізде онымен шұғылдануға шындап ден қойылды.

 

– Менің шаңғы тебу қабілетімді танығаны шығар, мектепте оқып жүргенімде осы түрді дамытуды қолға алған алғашқы бапкерім Марат Валеев: “Сен енді спорттық бағдарлаумен айналысуың керек. Талпынған адамның алмайтын асуы болмайды. Тек ықыласың болсын. Спорттық бағдарлауды “Жүгіріп келе жатып шахмат жүрісін ойлау” деп те атайды”, – деді бапкерім.

Әсемнің осы сөздері ақиқатқа негізделгеніне келіспеуге лажың жоқ. Өйткені, спорттық бағдарлаудың негізгі мақсаты – қашықтықты барынша жылдам жүріп өту десек те, ойлау, төңіректе төте жолды таба білу. Картамен және компаспен жұмыс істей алу қабілетінсіз оған жету оңай емес.

Он жеті жасар Әсем осы спортпен он жылдан бері айналысып келеді екен. Бүгінде ол Борки кентіндегі кәсіби-педагогикалық колледждің екінші курсында оқи жүріп, жоғары спорт шеберлігі мектебінде жаттығады. Мұнда оны облысымыздағы әйгілі жаттықтырушы Юрий Чуприков пен оның зайыбы Наталья Юрьевна баптап жүр.

Өткен жыл он жеті жасар Әсемге өте сәтті болыпты. Ол былтыр Щучье қаласында болған Қазақстан чемпионатында жасөспірімдер тобында еліміздің жеңімпазы мерейіне бөленіп, тұғырдың биігіне көтерілген. Сол жетістігі үшін “Спорт шебері” атағын иеленіпті.

– Сен Қазақстан чемпионы болдың. Енді ел намысын қорғайсың. Жақында Қытайда Азия чемпионатына қатысатын құрамаға алындың. Жақсы дайындалуың керек, – деп ескертті бапкерлерім. Осы айтқандай, 2012 жылы Қытайда сынға түстім. Аса жолым бола қойды дей алмаймын. Он екінші орынды місе тұттым, – деді Әсем ағынан жарылып.

Алайда, қатысқандардың көбі одан ересек, әрі тәжірибелі де екен. Барлығы жиырмадан аса үміткердің ішінде мұндай дүбірлі додаға тұңғыш қатысқан жасөспірімнің көрсеткіші соншалықты көңіл құлазытатындай да емес.

– Сен ақпанның жиырма алтысы күні Қызылжар ауданының Большая Малышка ауылындағы “Серебряный бор” шоғында республикалық жарысқа қатыстың ғой?

– Ол жасөспірімдердің республикалық спартакиадасы. Мектептер мен колледждер оқушылары сынға түсті. Өз тобымда бірінші орынды жеңіп алдым. Ал командамыздың алдын шығысқазақстандықтар ғана орап кетті, – деді Әсем.

Онымен әңгіме барысында спорттық бағдарлаудың ережелеріне өзім де қаныға түстім. Атап айтқанда, бұл түр бойынша жарыстар үш кезеңнен тұрады. Мәселен, ең қысқа қашықтық “Спринт” деп аталады. Екіншісі – орта, үшіншісі – ұзақ қашықтық. Алғашқы екеуінен ойдағыдай өткен спортшы көрсеткен уақытына қарай соңғысына жіберіледі. Қатысушының жас ерекшелігі бойынша ең ұзақ қашықтық 5 шақырымнан басталып, 10 шақырымға дейін жетеді.

Спорттық бағдарлау сайыстарын көрген адам жарысушының омырауына ілінген картаны байқайды. Осы картада аралық қосындар белгіленген. Бірақ ол тайға басылған таңбадай айқын болмайды. Спортшы жарыс үстінде жүретін жолын өзі ойлап табуы керек. Бұл ретте оған қолындағы компас көмекке келеді. Бірнеше қосындардың жолдарын оймен тапқан спортшының түпкі мақсаты – қашықтықты барынша аз уақыт жұмсап өту. Тағы бір ерекшелігі – спорттық бағдарлау жарыстары қыста да, жазда да өте береді. Қыста шаңғымен сынға түссе, жазда жүгіріп жарысады.

– Менің алдағы мақсатым – Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында өтетін әлем чемпионатына ойдағыдай дайындалу. Сондықтан күн құрғатпай жаттығудамын, – деді Әсем.

Оған соңғы сұрақтарымды қойдым.

– Әсем, жарыс үстінде жолды бағдарлаудан басқа қандай ойға берілесің?

– Қайтсем жеңемін деп ойлаймын.

– Демек, жігерленеді екенсің ғой?

– Әрине, жігерленемін. Менің жеңілгім келмейді. Өзгелерден кеммін бе, деп өзімді қамшылап, рухани күш аламын. Спортта қайсарлардың ғана жолы болады!

СУРЕТТЕ: Ә. НАЗЫРОВА.

 

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp