«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ “ҚЫЗ ЖІБЕГІ”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жерлес жазушы Ғабит Мүсіреповтің “Қыз Жібек” пьесасы осы күнге дейін театр сахнасынан түскен емес. Шығармашылық өмірінде Гамлеттің бейнесін сомдауды қаламайтын актер жоқ болса, актрисалардың арасында Қыз Жібекті ойнауды арман етпейтіндері жоқ шығар, сірә. Арманы орындалған актрисалардың бірі – Самал Тәшімова. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының сахнагерімен сұхбаттасудың сәті түсті.  

– Самал Қабдоллақызы, ақылына көркі сай деген ұғымды қалыптастыра алған Қыз Жібек бейнесін сахнада сомдау қиын болған жоқ па?

– Қазақтың қай қызы болсын Қыз Жібекке ұқсауды қалайтындығы жалған емес. Мен де сол қыздардың бірімін. Қазақ киносының алтын жауһарына баланған “Қыз Жібек” фильмін бала кезімізден көріп, содан тәрбие алдық. Жібектің образын сомдаған Меруерт Өтекешеваны қазақ қызы сұлулығының эталонына балап өстік. Екі иықтан түскен екі бұрым қою шаш, ақ маңдай, қара көз, қыр мұрын, сымбатты мүсіннің иесі Меруерт апамыздай болуды арман еттік. Актерлік мамандықтың қыр-сырын меңгеріп жүргенде-ақ қазақтың классикалық шығармаларынан Баян сұлуды, Қыз Жібекті, шетелдің Джульеттасын сомдауды қаладық. Сол арманым өткен жылы орындалды. Жерлес жазушы Ғабит Мүсіреповтің 110 жылдық мерейтойына арнап біздің театрымыз “Қыз Жібек” пьесасын сахналады. Оны Ғабит Мүсірепов атындағы театрдың бас режиссері Жанат Хаджиев қойды. Пьесаны қолға алғаннан-ақ ерекше көңілмен дайындалдым. Пьесадағы Қыз Жібектің әрбір сөзін ұғынып, оның данышпандығы мен көркіне тағы да бір көз жеткіздім.

 

– Қойылымдағы Қыз Жібек баршаға мәлім Қыз Жібекке қарағанда қазақы қыздарға тән еркелік пен хас сұлулықтың бейнесіндей. Мұның сыры неде?

– Режиссер Сұлтан Қожықовтың қиялынан туған “Қыз Жібек” Жанат Хаджиевтің “Қыз Жібегіне” қарағанда ерекше. Әр өнер иесі өз бейнесін өзі қалыптастырады емес пе?! Оның үстіне театр сахнасында “Қыз Жібек” жырын өзге қырынан оқыған режиссерлердің бірегейі – дәл осы Жанат Хаджиев. Байқасаңыз, театрымызда қойылған “Қыз Жібек” өзгеше. Жібектен гөрі басты рөлге Бекежанның бейнесі шығады. Кинотуындыны өнерсүйер қауым жатқа білгендіктен, Бекежанды жүрек жұтқан су-жүрекке теңеу қалыптасты. Ал бұл қойылымда режиссер Бекежанның жасаған іс-әрекеттерін ақтауға тырысады. Төлеген ғашық жігіттің кейіпкері болса, Бекежан, керісінше, жік-жікке бөлінген елін бір арнаға тоғыстырғысы келген батырдың бейнесінде. Ал Жібек сол баяғы қазақ қызына тән асқақ мүсін, сұлулықтың нышаны болып қала бермек.

– Сіздің театрда ойнаған әр рөліңіз қызықты. Солардың арасынан ерекше көзге түскені – “Тығырық” қойылымындағы Лаураның бейнесі.

– Тәуелсіздіктің жаршысы болған көтерілістің негізінде сахналанған бұл қойылымды театрымыздың режиссері Баатырбек Шамбетов қойған болатын. Егемендікті ту еткен бойжеткендеріміздің бірі – Ләззаттай батыр қыздарымыздың өткерген қиын мезеттерін сахнада сомдау – мен үшін үлкен абырой. Ол кездегі қазақ жастарының елінің алдында жасаған ерлігі әлі күнге дейін өнер саласында тереңірек әспеттеліп, суреттелмей келеді. Тарихи оқиға негізінде қазіргі қазақ жастарының патриоттық рухын асқақтататын небір туындыларды дүниеге әкелу болашақтың еншісінде.

– Өзге қандай рөлдерді сомдап үлгердіңіз?

– 2004 жылы Т.Жүргенов атындағы Ұлттық өнер академиясының музыкалық драма және кино актері мамандығын аяқтап, осы театрға жолдамамен келген болатынмын. Содан бері театрда сахналанған қойылымдардың денінде ойнап келемін. Қ.Қорғанұлының “Қанмен жазылған хат”, М.Хасеновтың “Пай-пай, жас жұбайлар-ай”, Ә.Оразбековтің “Бір түп алма ағашы”, М.Задорновтың “Күйеуіңізді сатыңызшы”, К.Гальдонидің “Екі қожаға бір қызметші”, Д.Исабековтың “Тыныштық күзетшісі”, С.Жүнісовтің “Қысылғаннан қыз болдық” және тағы басқа қойылымдарда әйел бейнелерін сомдаймын.

– Білікті актриса ғана емес, сонымен қатар күміс көмей әнші екендігіңізден хабардармыз.

– Театрымыз сазды-драма театры болғандықтан, актерлеріміздің дені ән салады. Әншілікті актерлік ісіммен қатар алып жүремін. Осыдан бірер жыл бұрын концертімді өткізген болатынмын. Орындайтын әндерімнің дені тыңдармандарға жақын болғанын қалаймын. Және өзге әнші әріптестерімдей дәстүрге сай ұлттық киімдердің де сахналық үлгісін қалыптастыруды мақсатым деп білемін.

– Өзіңіз жайында қысқаша айта кетсеңіз?

– Мен Павлодар облысындағы Екібастұз ауданының Ақкөл ауылының тумасымын. Тұрмыс құрмағанмын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp