Ортамызда бір емес, бірнеше мамандықтың тізгінін ұстап, қоғамдық өмірге белсене араласып жүрген қыз-келіншектер жетіп артылады. Солардың бірі – “Томирис” гендерлік білім беру орталығы” қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Рахат Әзімбаева.
Жүрісі нық, қимылы шапшаң Рахат Омашқызымен кездескен сайын көз алдыма қазақ жазушыларының шығармаларында суреттелген қайсар, өжет қыз-келіншектердің бейнесі оралады. Саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған ол – қазақ және орыс тілі пәндерінің маманы. Алдынан өңіріміздің небір талантты ұл-қыздары тәлім алып, қазіргі уақытта шетелдерде білімдерін жалғастыруда. Ұлағатты ұстазды қызылжарлықтар сонымен қатар мемлекеттік тілдің жанашыры ретінде де таниды. Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған “ЛОРД” мектеп-лицейіндегі жұмысынан өзге, мемлекеттік тілді оқыту орталығында ересектерге сабақ беріп келеді. Әйелдер мерекесі қарсаңында оған жолығып, “Томирис” гендерлік білім беру орталығы” қоғамдық бірлестігінің жұмысы жайында бірер сұрақ қойған едік.
– Қоғамдық бірлестіктің мақсаты қандай?
– Біздің қоғамдық бірлестік гендерлік білім беру орталығы болғандықтан, негізінен жалпы қоғамдағы теңдікті насихаттауды көздейді. “Тәрбие тал бесіктен” демекші, оқушыларда жасынан гендерлік теңдік ұғымын қалыптастыруды мақсат етіп, жұмысымызды мектептерден бастадық. Оларға әр адам қоғамда өз орнын алуға құқығы барын, адамды жынысына қарап кемсітуге болмайтындығын әуелден ұғындырудамыз. Гендерлік теңдік деп кей кездері әйел мен ердің рөлі алмасып, нәзік жандарымыз табиғаттан берілген қасиеттерінен айрылып жатады. Одан отбасы құлдырайтындығы да белгілі. Сондықтан ұлттық тәрбиеге басымдық берілген. Қазақ халқының дүниетанымына тән отбасы мүшелерін қалыптастыруды мектеп жасынан тектен-тек бастаған жоқпыз. Қазақта әке – шаңырақтың иесі, ана – оның киесі, ұл – мұрагер болса, қыз – қонақ. Осы қарапайым заңдылықтың негізінде өскелең ұрпақ болашақта керегесі берік, шаңырағы биік отбасын құрса деген ниеттеміз. Сондықтан болашақ ана, жар болатын қыз баланың тәрбиесіне көп көңіл бөлеміз. Сол себепті де 2010 жылы “Томирис” қалалық білім беру клубын құрдық. Бұл клубтың жетекшісі – әл-Фараби атындағы мектеп-лицейінің директоры Күлімкөз Смайылова. Клубтың мақсаты оқушылардың көшбасшылық қасиетін дамыту болып табылады. Оның құрамына қазіргі таңда қалалық мектептердің бірнешеуі кіреді. Мектептерде қыз бала тәрбиесіне қатысты әртүрлі семинарлар өткізіліп, дәрістер оқылып келеді. Біздің түлектеріміз қазіргі таңда шетелдің белгілі жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастыруда.
– Қоғамдық бірлестік қандай іс-шаралар атқарып келеді?
– 4-5 жыл қатарынан қоғамдық бірлестік қаламызға әлемнің озық университеттері мен академияларының профессорларын шақырып, мектеп оқушыларына шетелде білім алудың ерекшеліктері жайында ақпараттық насихат жасап келеді. “Қазақстанның болашағы – білімді ұрпақта” деп Елбасы бекер айтпаса керек. Сол себепті бірлестік өскелең ұрпаққа жан-жақты білім беруді қалайды. Еліміздің үлкен қалаларымен салыстырғанда, Қызылжар өңірі әлемде болып жатқан жаңашылдықтар мен ақпаратты кештеу естиді. Солтүстікқазақстандық оқушылар да шетелдерде білім алу мүмкіндіктеріне ие болсын деген мақсатпен бірнеше жыл қатарынан түрлі елдердің белгілі университеттерінің өкілдерін қаламызға шақырып, оқушылармен кездесулер ұйымдастырып келеміз. Осыдан екі жыл бұрын Нью-Йорк университетінің өкілдері және қаланың мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарына арналған кездесу “Алтын Адам” қонақүйінде өткен болатын. Омбы қаласының тіл орталығымен тығыз қарым-қатынас орнатып, Швейцария, Ұлыбритания елдерінің де белгілі жоғары оқу орындарының профессорларын Қызылжар өңіріне шақыруды игі дәстүрге айналдырдық. Соның нәтижесінде қазіргі таңда біздің өңірден шетелде 5 оқушы білім алып келеді. 2-еуі – Ұлыбританияда, біреуі – Швейцарияда, ал қалғаны АҚШ-та оқып жүр.
– Олар тегін оқып жүр ме?
– Ол студенттер – шетелдік университеттердің жыл сайын өткізіп тұратын сайыстарының жеңімпаздары. Облысымыздың мектеп түлектері шетелдік оқу орындарына түсуге білімдері жетсе де, батылдары жетпей жатады. Ал әлемнің озық білім ордалары жыл сайын әртүрлі елдерден дарынды ұл-қыздарды іздеп, өздеріне білім алуға шақырып жатқандығын ақпараттың уақтылы жетпеуінің салдарынан білмей жатамыз. Сондықтан да біздің мақсатымыз – балаларды ақпараттандыру. Ондай университеттер студенттерді тегін, ал кейбіреулері 50 пайыздық жеңілдетілген бағамен оқытып келеді. Солтүстікқазақстандық түлектер осы мүмкіндіктен құр қалмасын деген ниетпен жыл сайын осындай кездесулерді ұйымдастырып тұрамыз. Жалпы жоғарыда айтып өткендей, гендерлік білім беруді ұлттық құндылықтарға негіздедік. Соның бір құндылығы – тіл. Осы мақсатпен өткен жаз мезгілінде облыс орталығында лингвистикалық лагерь ұйымдастырдық. Онда 9 мектептен өзге ұлт өкілдерінің оқушылары мемлекеттік тілді меңгерді. Үш маусымда 60 оқушы білімдерін жетілдіруге мүмкіндік алды. Мемлекеттік тілді оқушыларға тіл аясына ену арқылы үйретуді мақсат тұттық. Тілді мектеп партасында оқытып қана қоймай, қаланың мәдени орталықтарына саяхат жасап, өңірдің тарихымен танысып, тұрмыстық қолданыстағы қазақ тілін үйретуді, сондай-ақ жеке адамгершілік қасиеттерін дамытуды көздедік.
– Қызмет бабыңызға орай өскелең ұрпақпен, әсіресе, қыз балалармен тығыз қарым-қатынастасыз. Қазіргі қыздар қандай?
– Әрине, қазіргі заман талабы өзге болғандықтан, қыз балалар да соған орай икемделген. Барлықтары жұмыс істеп, қызмет бабымен жоғарылауды қалайды. Десе де, қай жағдай болсын әйел әйел болып қалуы тиіс деп санаймын. Әйелдер күні мерекесіне орай “Қыз – болашақ ана, болашақ жар” тақырыбында қыз балаларға арналған “дөңгелек үстелді” қаланың бірнеше мектептерінде өткізуді жоспарлап отырмыз. Онда “Қазіргі қоғамдағы қыз бала қандай?”, “Қоғам қыздарға қандай талап қояды?”, “Ер-азаматтар болашақ жарын қандай бейнеде көргісі келеді?” деген сұрақтарға жауап іздеп көреміз. Оның мақсаты – қыздарға ой салу. Қоғамда бүгінгі күні жат бағыттар пайда болып жатыр. Қыздарымыз жат ағымдардың жетегінде кетпес үшін алдын алу шаралары ретінде осындай кездесулер өткізіп тұрамыз. Тепе-теңдік – тепе-теңдікпен. Бірақ қай кезде болсын әйел адам әйел болып, қыз бала қыз болып қалуы тиіс. Олар осы бастан өздерін ұрпақ тәрбиелеуші ана болуға дайындауы қажет.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.