«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКЕ ЖОЛЫН ҚУҒАН ҚЫЗ аға тергеуші Гүлнәр Нұрбаева жайында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлнәр Нұрбаева – Петропавл қалалық ішкі істер басқармасының 1-ші полиция бөлімінің аға тергеушісі. Қарақшылық шабуыл, тонау, алаяқтық сияқты ауыр қылмыстарды ашу бойынша жұмыс жүргізеді. Аса қырағылық пен білімділікті, төзімділік пен жан-жақтылықты талап ететін мамандықты игеріп жүргеніне биыл жетінші жыл.  

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Полиция капитаны Гүлнәрдің тергеуші мамандығын таңдауына әкесінің қазасы себеп болған. Есіл ауданының тумасы Жапар Нұрбаев та саналы ғұмырын полиция қызметіне арнапты. 1994 жылы қызметтік міндетін орындау сәтінде мерт болған. Гүлнәр ол кезде небәрі 10 жаста ғана екен. “Сол күннен бастап, полицейдің киімін киіп, тергеуші болуды армандадым, әкемнің қол жеткізбей кеткен белестерін бағындырғым келді”, – дейді ол. Осы арманына жету мақсатында замандасымыз Қарағанды милиция мектебіне, кейін осы қаладағы жоғары оқу орнына түсіп, заңгер мамандығын игеріп шығады. Петропавлға қызмет етуге арнайы жолдамамен келген.

 

Аға тергеушi Гүлнәр Нұрбаеваның жұмыс күнi сағат таңғы сағат 8-ден басталады. Ол әдеттегiдей өз бөлмесіне шапшаң кіріп, шешімі тез арада шығарылуы тиіс қылмыстық істермен айналыса бастайды. Жас маманның кешкі сағат 11-ге дейін, тіпті, тәулік бойы қызметтік бөлмеден шықпайтын сәттері болып тұрады екен. Мыңдаған жазылған парақтар, ұзын-сонар дәлелдер мен қорытындылар, ұйқысыз түндер… Мұның бәрі кейіпкеріміз үшін мән бермейтін күнделікті қызметке айналғалы қашан?! Тергеуші жұмысының оңай еместігі бірден көзге түседі. Неге десеңіз, бір жағынан, істі жәбірленушінің көңілінен шығатындай аяқтау керек болса, екіншіден, заң шеңберінде қылмыскерлердің тиісті жазасын дәлелдеп, міндетіңді соңына дейін жеткізу қажет. Әрі бұл кәсіпте гендерлік айырмашылықтарға орай жеңілдік жасалмайды, кешiрiмділік болмайды. “Тергеуші – әйел емес, ең алдымен, офицер” деген қағида бірінші күннен-ақ жадымызда сақтаулы, дейді Гүлнәр миығынан күліп.

Бұдан басқа әр күн сайын қоғамда жайсыздық тудыратын, қылмысқа бейім адамдармен кездесіп тұру полицейлердің бойынан төзімділік пен өз ісіне деген сүйіспеншілікті талап етеді. Тергеу оқшаулағыштарына барып, жауап алу, тергеу-жедел топтарының құрамында қызмет ету әйелдер үшін оңай шаруа емес. Бірақ Гүлнәрдің өз ісін сүйетіндігі байқалып тұр. Сұхбатымыздың барысында “тергеуші болғаныма ризамын, қайта өмірге келсем де, осы мамандықты таңдар едім” деумен болды.

Бiр қылмыстық iс 250-беттен, 5-6 томнан тұрады. Ал көп эпизодты істердің көлемі ондаған томға жуық. Қылмыскердің кінәсін дәлелдейтін шүбәсіз айғақтар әрдайым табыла бермейді. “Аға тергеуші бұл жағдайда білімі мен тәжірибесін барынша пайдаланып, дұрыс шешім қабылдай білуі тиіс. Өйткені, әр істің артында адам тағдыры тұрғанын ұмытпауымыз керек”, – дейді ол.

Гүлнәрдің қызмет барысында қол жеткізген жетістіктері де аз емес. 2011 жылы Конституция күні мерекесіне орай облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Облысымызда Қарулы Күштер құрылымында қызмет ететін қыз-келіншектер арасында ұйымдастырылған байқауда вице-мисс атағын жеңіп алған. Ал жұмыс қорытындысы бойынша үздік нәтижеге қол жеткізіп, басшылық атынан алғысқа ие болғаны – Гүлнәр үшін еңбегінің еленгені.

“Бала кезімде сақшы болуды жиі армандайтынмын. Әр сәт қызметімді мінсіз атқаруға тырыстым, алдағы уақытта да білмеген тұстарымды түзеп, тәжірибемді шыңдауға барынша атсалысамын. 1994 жылы әкем кенеттен қайтыс болғанда, анам үш сәбиімен бірге жалғыз қалды. Бірақ бірімізді де тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өсірді, тәрбие-білім берді. Оның атына кір келтірмей, кіршіксіз қызметіммен танылсам, содан асқан бақыт бар ма?!” – дейді Гүлнәр ағынан жарылып.

Ол – бүгінде ұл бала тәрбиелеп отырған ана, сүйікті жар.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp