«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өмір-дерек

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Нұргүл Оқашева – 1990 жылдың 3 желтоқсанында Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Мергенсай ауылында дүниеге келген. 2012 жылы Астана қаласындағы Еуразия Ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. “Жүрегім жырдан ғана жаратылған” атты тұңғыш жыр жинағының авторы. Бірнеше республикалық мүшәйралардың жүлдегері, Фариза Оңғарсынова атындағы “Өлең, мен сені аялап өтем!” атты ақын қыздар мүшәйрасының жеңімпазы. Өлеңдері “Көкшетау жас ақындар антологиясы” жинағына енген, республикалық басылымдарда жарияланып жүр.

Бүгінде Мамлют ауданындағы Краснознаменный ауылындағы орта мектепте мұғалім болып еңбек етеді.

Нұргүл ОҚАШЕВА.

МҰҚАҒАЛИДЫҢ

МОНОЛОГЫ

Кезеді көңілімді бұла көшкін,

Бұл шабыт қой, өлеңге тым әуеспін.

Алапат арманымның ақ дауылын

Сезеді, түсінбейді бірақ ешкім.

 

Кең дүние кеңге салмай арқамды бір,

Жабығам жасай алмай дарқан дүбір.

Сәби болғым келеді, мені осылай,

Салғанда талапайға тарпаң ғұмыр.

Көңілімнің көкпеңбек хошы налып,

Жан-тәнімді жанардың жасы қарып,

Маңдайыма ақ өлең түзу түскен,

Қисық жолмен келеді көшін алып.

Қайран менің өлеңім – тізбекте бір,

Сенен солай мың үміт үзбек көңіл.

Жалғандықтың жарысқан жолдарымен,

Ақиқаттың ауылын іздетті өмір.

Намыс ойнап найзағай жанарымда,

Тұла бойға қызу қан, тарадың ба?

Күшім жетпей күншілге қаншама рет,

Шарасыздан тапталдым табанында.

Күндестердің беу, далам, ғұмыры кек,

Орап жатыр мойнымды құрығы дөп.

Тау тағысы секілді тас тағалы,

Ақындардың тіріде тұғыры жоқ.

Су жетпеген гүлге ұқсап өзегіне,

Мен де өмірдің шөлдедім өзеніне.

Мәңгі кәусар көңілім, қарызбын мен,

Күретамыр қазағым, өз еліме.

Дарқаныма, далама жүгінемін,

Кетем сосын таға алмай біріне мін.

Жасын сүртіп Алаштың жанардағы,

Ақиқат боп мен ертең тірілемін.

АНА ТІЛІ

Қарашық болып орнаған

мәңгі жанарда,

Бабамның тілі аманат маған, саған да.

Шын ұлық ету тұғырын туған тілімнің,

Мұңлық болып кешсем де

ғұмыр-ғаламда.

Жүрсе де мейлі жанарларымнан

жас парлап,

Бақытың үшін күресу маған асқан бақ.

Мен сенің тылсым тағдырыңменен

дос болғам,

Анамның асыл құрсағын

құшып жатқанда-ақ.

Өзің арқылы жыр жазып

келем жігермен,

Өкінем бірде, қуанам кейде, күлем мен.

Армандарымды құндақтағандай

хатқа орап,

Ақша бұлттарға қарай жібергем.

Сағынышымды жеткізіп,

сүйіп, жұбанып,

Жабығып, жылап, көңілге құрсау

мұң алып.

Өзің арқылы арызымды айтып әкеме,

“Мәңгілік” деген мекенге

салдым шығарып.

Адыра қалып қорқыныш пенен

шер-мұңым,

Жаңбырлы түнде жүректің

бердім теңдігін.

Өзің арқылы сырттансып

жүрген сыртымнан,

Көк аттылардың қашырдым

талай дегбірін.

Таңдарымды іздеп, арманымды

іздеп жоғалған,

Таппадым сая сағымы

бөлек сонардан.

Тайғанақтау бұл тағдырымның жолында

Өзіңді сақтап жығылсам, менде

жоқ арман.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp