«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУРЕТШІНІҢ СЕРІГІ ҚЫЛҚАЛАМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әкем мені ылғи “Көбелек” деп атайтын еді, – деп бастады әңгімесін өңіріміздің тумасы, суретші Алтын Кәрімова. – Бала кезімде мектептен үйге дейінгі жол бойы қарда жатып, қолымды әрі-бері ербеңдетіп, өзімді көк аспанда ұшып жүрген көбелектей елестететінмін. Оны әкем көріп: “Мына жерге аспаннан көбелек түскен бе, ізін қалдырыпты ғой”, – деп үнемі айтатын…

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Алтын Кәрімова – ата-аналары “халық жауы” атанған мыңдаған баланың бірі. Оның әкесі Кәрім Шәйкенов Аққайың ауданындағы Амангелді ауылының мектебінде ұстаздық еткен жылдары “Қара тізімге” еніп, “КарЛАГ”-тың суық камерасында өмірінің бір емес, бірнеше жылын өткізіпті. Одан кейін ұстаздық ете алмаса да, бар білімін балаларының тәрбиесіне жұмсайды. Сондықтан да ауыл мектебінің біліміне көңілі толмай, қызын 7-сыныпта облыстық спорт-интернатқа оқуға береді. Орыс тілінде білім алған суретші әкесінің ізін қуып, педагогикалық мамандықты меңгереді. Алғашқы мамандығы бойынша музыка пәнінің мұғалімі Алтын Кәрімқызы Аққайың ауданындағы Шағалалы ауылының мектебінде бір жыл қызмет етіп, Петропавл қаласына көшіп келеді. Мұнда облыстық “Қазақстан-Петропавл” телеарнасында суретші-көркемдеуші болып қызмет етіп, Алматы қаласына арман қуып, көркемсурет училищесіне оқуға түседі. 1976 жылы туған өңіріне оралып, суретшілік қызметіне кіріседі. Содан бері 37 жыл бойы өнер саласында аянбай еңбек етіп келеді.

 

– Қазақстан Суретшілер одағының жұмысы ол кезде дүркіреп тұрды. Облысымыздың қай ауданында қандай ғимарат салына бастаса болды – біздің суретшілер сақадай сай тұрып, оларды безендіруге бір адамдай жұмылатын, – деп есіне алады ол. – Ал қазіргі Суретшілер одағының басты мақсаты – сол кездері салынған, уақыт өте тарихи ескерткішке айналған әшекейлер мен монументтердің сақталуын қадағалау, – деп бүгінгі күнгі суретшілер өмірі тек картина салумен шектелгенін айтып, ішіндегі күйінішін осылайша білдірді.

Әңгімеміздің тақырыбы суретшілердің қазіргі тыныс-тіршілігіне ауысқандықтан ба, Алтын Кәрімова өзінен бұрын көзге еленбей жүрген дарынды суретшілердің жай-күйіне ауысты. Сөз көп суретшілердің әлі күнге дейін өз шеберханаларының жоқтығынан басталып, арнайы көрме залының жоқтығына ойысты.

– Суретшілер жұмыс істемейді емес, істейді. Бірақ сол жұмыстарын жұртқа көрсете алмайды. Салған картиналарымыз шаң басып, жұмыс бөлмелерімізде немесе пәтерлеріміздің қылтималарында жатады. Ал өзгелер осы өнердің түрінен ғана үлкен табысқа кенеліп жатыр. Өкінішке қарай, елімізде көрмелерді тек үлкен қалаларда ғана жасай аласың. Бірақ ол үшін қалтаң қалың болуы керек. Ал суретшілердің барлығы байлыққа кенеліп жатыр деп ойламаймын, – деді солтүстікқазақстандық суретші.

Кәрім Сүтішев көшесінде орналасқан бір қабатты ғимараттың аядай бөлмесін шеберхана деп атаудың өзі қиын екен. Оны тек ғимараттың сыртында “Суретшілер” деп екі тілде жазылып, ілулі тұрған көк түсті тақтадан ғана білуге болады. Жұтаң күйді кешкен суретшілердің шығармашылығы бір сәт те тоқтаған емес. Ішіндегі ойын, арманын сөзден бұрын майлы бояу арқылы жеткізетін суретші Алтын Кәрімқызы да әлі күнге дейін қылқаламын өзіне серік етеді. Ол әртүрлі тақырыптарда қалам сілтейді. Негізінен батик жанрында сурет салатын ол кенеп бетіне де табиғаттың көріністерін осы мәнерде әспеттейді. Оның, әсіресе, ұлттық тақырыптағы суреттері көздің жауын алады. Бала кезінде әкесінен естіген аңыз-ертегілер, нақыл сөздер, жырау мен әншілердің ғибратты әңгімелері оның картиналарында көрініс тапқан. “Көгере бер”, “Қыз көктем”, “Жалын құс”, “Алғашқы сәуле”, “Ғаламшар” суреттерінен аңыз-ертегілердің сарынын байқау қиын емес. “Ақын”, “Екі құлын-шақ”, “Қыз қуу”, “Той” картиналары қазақ халқының дүниетанымына сәйкес. Әсіресе, “Ақын” туындысында сал-серіліктің ұшқыны, қазақ ақындарына сай суырыпсалмалық қасиеті аңғарылады. “Екі құлын-шақ” туындысын қазіргі Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының кіреберіс қабырғасына арнайы салған екен.

– Қазақ әрқашан бауыр еті баласын құлынға теңеп, немересін, шөбересін осылай деп еркелеткен. Мен де бұл суретте қазақ халқының өскелең ұрпаққа деген сүйіспеншілігін кескіндегім келді, – дейді Алтын Кәрімова.

Өкінішке қарай, қабырғаға салынған ол суреті баяғыда жойылған. Кейбір суреттері “БТА банкінің” ғимаратында ілулі тұрса, кейбірі өңірлік бейнелеу өнері мұражайына сыйға тартылған. Қайсыбірі көрмелерде қолды болған.

Өңіріміздегі нәзік жанды жалғыз ұлттық суретші Алтын Кәрімова – Қазақстан Суретшілер одағы мен халықаралық суретшілер одағы қауымдастығының мүшесі.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp