«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЕРКЕКТІҢ ЖҰМЫСЫ ЕКЕН ДЕМЕЙМІН”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Күлбайраш ҚАСЫМОВА:

“ЕРКЕКТІҢ ЖҰМЫСЫ ЕКЕН  ДЕМЕЙМІН”

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Ес білгеннен бері қаншама етікшілерді көріп, оларға аяқ- киім жөндетіп жүріп, солардың ішінен ешбір әйел көрмеппін. Таяуда өзім бұрын-соңды кездестірмеген мамандық иесімен танысудың реті келді. Өз ісінің майталманы Күлбайраш Қасымова Петропавлдағы мүмкіндігі шектеулі балаларға мамандандырылған №2 коррекциялық мектеп-интернатта аяқкиім шебері болып қызмет атқарады.

Ол қазіргі Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің ғимаратында болған қазақ интернатында оқыпты. Өзі Қызылжар ауданының бүгінде жұрты да қалмаған бір ауылынан екен.

 

Әкесі қайтқанда отбасындағы сегіз баланың үлкен екеуі тұрмыста болады да, ол анасына қолғабыс тигізіп, кейінгі бесеуіне бас-көз болып қалады. Бауырларын өсіріп-өндіру үшін отбасы ауыртпалығын шешесімен бірге бөліседі. 17 жастағы өрімдей бойжеткен Петропавлға келіп, бұрын Пушкин көшесінде болған аяқкиім фабрикасына жұмысқа кіреді.

– Ол кезде фабриканың директоры Александр Поздников деген ғажап кісі еді. Жағдайыма қанық болған басшы маған өте көп көмектесті. Мені Галина Исаева деген аяқкиім шеберінің қасына қосып, маған үйретуін тапсырды. Жұмысқа тез төселіп кеттім. Галина Александровна да туғанымдай болып кетті. Әлі күнге дейін жағдай сұрасып тұрады, сәлеміміз түзу. Өз ісіме тиянақты, икемді екенімді көрген бастығым Александр Николаевич мені Ереван қаласындағы екіжылдық жоғары санатты аяқкиім модельер-конструкторларын даярлайтын техникумға жіберді. Оны бітірген соң бұрынғы фабрикама қайта оралып, сол жерде бас-аяғы 33 жыл модельер-конструктор болып жұмыс атқардым. Одан елдің қиын кезеңдерінде 7 жыл жеке кәсіпкерде модельер-пішуші-конструктор болдым. Мүмкіндігі шектеулі балаларға мамандандырылған №2 коррекциялық мектеп-интернат жанынан оқу-өндірістік комбинат ашылып, сонда жұмысқа шақырды, – дейді Күлбайраш Қасымова.

Ол осында келген үш жыл ішінде бір курсты бітіртіп шығарып, екінші топты қабылдап алған. 2012 оқу жылында бітірген алғашқы 9 түлегінің барлығы да жұмысқа орналасып, біреуге алақан жаймай, өздері нәпақа тауып, күн көріп жүр. Білікті шебер сабақ барысында тек жұмысшы адам ғана тәрбиелеп қоймай, оқушылары арасында жолдастық қатынас қалыптастырып, олардың бойына бір-біріне көмек, қайырымдылық сияқты адамгершілік қасиеттерді де сіңіреді. Сонымен қатар балалардың не істесе де, оны жақсы атқаруын қатаң қадағалай отырып, алдындағы болашақ аяқкиім шеберлерін өз ісіне жауапкершілікпен қарауға баулиды. Бітіріп шыққан оқушылар аяқкиім жөндеумен қоса, тігуге де үйреніп, бір жарым жыл ішінде нағыз аяқ-киім шеберлері болып шығады.

Күлбайраш Қасымованың айтуынша, ол еңбегінің нәтижесін шәкірттерінен көреді. Балалардың арасында шеберлік әліппесін бірінші курстан меңгеріп әкететіндері де бар. Жұлдызбек Өтепов, Сергей Тимошин деген балалары аяқкиім тігетін арнайы машинкамен тігуді де меңгеріп алған. Балалардың арасында үйреткенді қабылдамайтындары да кездеседі, олармен жұмыс ұзаққа созылады. Бірақ шәкірттерінің барлығы осында үйренбесе, олармен тап мұндағыдай ешкім отырмайтынын түсінеді. Сондықтан үйреткенді қағып қалуға тырысады. “Етікшіні бізі асырайды” демекші, бұл кәсіп өздерінің болашақтағы наны екенін біледі. Еңбегінің ел кәдесіне жарағанын сезінуді үлкен бақытқа балайтын Күлбайраш Қасымова балалардың барлығымен уақытпен санаспай жұмыс жүргізеді.

– Оқу-өндірістік комбинат ашылғалы үш жыл. Аяқкиім цехын ашқан күннен бері Күлбайраш Қасымова осында жұмысқа қабылданды. Содан бері ол өз ісінің маманы екенін көрсетіп келеді. Шебердің педагогикалық білімі жоқ, бірақ мамандығы бойынша арнаулы орта білімі болғандықтан, материалтану, технология сияқты арнайы пәндерден сабақ береді. Мектеп-интернатта жүргізілетін тәрбие жұмыстарына да атсалысады. Өте белсенді. Еңбекақысы шамамен 60-70 мың. Былтыр зейнеткерлікке шықса да, қалада аяқкиім тігетін арнайы мамандар тапшылығынан оның әлі де жұмыс істеуін өтіндік, – дейді оқу-өндірістік комбинаттың директоры Николай Соколов.

Күлбайраш Қасымова өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарында Коммунистік партия қатарына өтіп, комсорг, екі шақырылымда қалалық мәслихат депутаттығына сайланған. Ол белсенді қызметкер, өз ісінің майталманы болуымен қатар екі ұл өсірген асыл ана, аяулы әже, сүйікті жар. Баласының үлкені Данияр – Есіл аудандық ІІБ бастығының орынбасары, кішісі Бақтияр Петропавл қаласындағы “Қазақтелекомда” маман болып қызмет істейді. Екеуі де СҚМУ-ді бітірген, жоғары білімді.

Күлбайраш Қадырәліқызының айтуынша, ол еңбек жолында ешқандай қиыншылық көрмепті. “Оған жанымда ылғи жақсы адамдардың болғаны себеп болды. Осы жұмысқа келуіме де бір кезде бірге істеген Галина Иванова, Николай Буш сияқты адамдардың септігі тиді. Олар әлі де бірге істеп жүр. Жұмысым өзіме ұнайды. Бұл мамандықты еркектің жұмысы деп ешқашан арланбаймын”, – дейді ол жүзіне күлкі үйіріліп.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp