«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІБІН ҰРПАҒЫНА МҰРА ЕТУ – Динараның басты арманы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының кәсіпкерлік әлеуетті күшейту бағыты бойынша шағын және орта кәсіпкерлікке сервистік қолдау көрсету, шағын және орта бизнестің топ-менеджментін оқыту, шетелдік серіктестермен іскерлік байланыстар орнату, кадрларды еңбек нарығындағы қажетті мамандықтар бойынша әзірлеу және қайта даярлау бойынша бірқатар мемлекеттік шаралар жүзеге асырылуда. Былтыр осы бағдарламаның аясында өңіріміздің бес кәсіпкері шетелде тәжірибе алып келді. Солардың бірі – петропавлдық “Рахат-Лукум” жеке кәсіпкерлігі директорының орынбасары Динара Орымбасаровамен сұхбаттасқан едік.

– Динара Әлімжанқызы “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша шетелге бару үшін бірнеше талап қойылады. Сол сыннан қалай өттіңіз?

 

– Бағдарламаның шарты бойынша мұндай сапарларға кәсіпкерліктің басшылары жолдама алады. Мен “Рахат-Лукум” кәсіпорны директорының орынбасары ретінде “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның өңірлік филиалына өтініш білдірген едім. Олар арқылы “Іскерлік байланыстар” жобасына қатысып, өткен жылдың мамыр айында Назарбаев Университетінде өткен үш күндік семинарда біліктілігімді жетілдіре түстім. Бұл оқытудан үлкен тәлім алдым. Онда бізге бизнес және оның ұйымдастырылу жолдары мен тәсілдері туралы кеңейтілген ақпараттар берілді. Семинарда шетелдік оқытушылар қызықты лекция оқыды. Маусым айында “Туран профи” халықаралық кәсіби академия базасында өтетін кәсіпкерліктің онкүндік оқуына баруыма тағы бір мүмкіндік туды. Онда да іскерліктің бизнес жобасын жасау жолдары, келіссөз жүргізу техникасы, маркетинг, бизнестің этикасы мен психологиясы, сондай-ақ бизнестің жаңа әдістері туралы терең білім алып қайттым. Бұл оқулардан кейін бізге арнайы сертификаттар табыс етілді. Ал тамыз айында IESC (Халықаралық сервистік атқарушы корпорация) өкілдерінің шақыртуымен Астанада конкурстық жүйеде сұрыптама ұйымдастырылып, оған мен де шақыртылдым. Әңгімелесу арқылы жасалған сұрыптауды вашингтондық мамандар жасады. Олардың ұйғарымымен бизнес жоспарын ұтымды жасаған қазақстандық 15 кәсіпкер АҚШ-қа бір айлық оқуға шақырылды. Біз олардың кәсіпкерлікті жүргізу тәжірибелерімен танысып, ақыл-кеңестер алып, біліктілігімізді арттырып, байланысымызды ұлғайтып, елге үлкен әсермен оралдық. Олар бізді өздері қарсы алып, оқытты, жергілікті кәсіпкерлермен таныстырды, шәкіртақы төледі. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылыпты. Мен үшін бұл сапар жемісті болды.

– Экономикасы нығыз елдің кәсіпкерлігінен қазақстандықтар көп нәрсені үйренген болар?

– Әрине, олардың өмір сүру салты мен еңбек ету әрекеттерінің өзімізге тиімді жақтарын санамызға тоқуға тырыстық. Бұл – менің іскерлік байланыспен алыс шетелге шығып тұрған бірінші сапарым. Көп мағлұмат, мол ақпарат, тәлімді тәжірибе алып қайттым. Біздің елді америкалықтардың біразы біледі екен. Әсіресе, Қазақстанды жерлесіміз А.Винокуровтың атымен теңдестіріп таныған кезде, менің бойымда мақтаныш сезімі тулады. 200 жылдық тарихы бар АҚШ-тың бүгінгі жетістігі көз қызықтырады десек те, біздің ел де 21 жылдың ішінде әлемге танымал болды. Сондықтан бірнеше жылдардан соң мемлекетіміздің де биік белестерден көрінетініне сенімдімін. Өркениетті ел болу үшін мемлекетіміз халқына барлық жағдайды жасап отыр, ендеше біздің де қайтарымымыз мол болуы керек.

АҚШ-қа келген бірінші күннен бастап жергілікті тұрғындардың жылы жүзділігі, өз жұмыстарына деген сүйіспеншілігі мені қатты қызықтырды. Әсіресе, бизнес саласындағы адамдар әр таңын шуақты көңіл күйімен бастайды екен. Біз АҚШ-тың бес штатында болып, шағын кәсіпкерліктердің және ірі компаниялардың жұмыстарымен таныстық. Вашингтон қаласына жолымыз түсіп, ондағы “Vie de Franc” пен “Spring Mill Bread” наубайханалары дайындайтын тағамдар әртүрлі және өте дәмді. Шағын кәсіпкерліктер өздерінің отбасылық бизнеспен айналысып отырғандығын мақтан тұтады. Бұл бағыт менің көңілімнен шықты. Атадан балаға мирас деген қағиданың маңызы біздің қазақ ұлты үшін де зор ғой. Сондай-ақ бос уақытымызда “Martinеs” деген тавернаға бас сұқтық. 1933 жылы құрылған бұл мейрамхана қызметкерлерінің қызмет көрсету мәдениеті бізді немқұрайды қалдырмады. Кішіпейіл, өз жұмыстарын өте жақсы білетін даяшылар тапсырысыңды әкеліп қана қоймайды, сондай-ақ қай тағамның немен сіңімді болатынын түсіндіріп, өздерінің біліктіліктерін танытып, қасымыздан кетпеді. АҚШ-тың атақты Президенті Джон Кеннеди әйелі Джаклинге үйлену ұсынысын осы тавернада жасаған екен. Ал онда үздіксіз 40 жыл еңбек етіп келе жатқан даяшымен тіл білмесек те, онымен оңай түсіністік. Осы сапардан кейін мен ағылшын тілін үйренуді қолға алдым. Америкалықтар бір жерде тұрақты жұмыс істеуді бағалайтынына көз жеткіздік. Біздің мамандардың басым бөлігі де кәсіпорын құрылған күннен бастап жұмыс істеп келеді. Біз де осы жағына үлкен мән берген едік. Нәтижесі жақсы болады екен.

Сондай-ақ Филодельфия қаласындағы итальяндық көше базары, Чикагодағы өткен түрлі құрал-жабдықтар көрмесінен жақсы әсер алмау мүмкін емес еді. Америкалықтар жұмыстың қадірін біледі. Жоғарыда айттым ғой, оларда отбасылық үлгідегі кәсіпкерліктер көп. Менің де осы бағытта жұмыс істегім келеді. Біздің жеке кәсіпкерлігіміз отбасылық болып саналады. Сондықтан болашақта бұл кәсіпті ұрпаққа мұрагерлік етсек деген үлкен арман туды.

– Осы сапарда шетелдіктермен байланыс орнатудың мүмкіндіктері болды ма?

– Бұл бағдарламаның негізі мақсаты шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнату арқылы өндірістегі жаңғыртулар мен ұлғайтулар болса, бұл біз үшін алдағы уақыттың еншісіндегі шешімдер деп ойлаймын. Көп нәрсені үйрендік, жаңаша жұмыс істеудің бағыттарын жоспарлай бастадық. Осы жолы барғанда, олардың кондитерлік цехтарынан алған рецептерді біз өндіріске енгізіп жатырмыз. Әрине, олар тарихы тереңге кететін өз кәсіпкерлігінің құпиясын оңайлықпен жария етпейді. Біз өзара келісіммен рецептер алмастық. Мен оларға кәсіпорынның дербес рецептерін бердім, олардан бес тәтті тоқаштың құрамын жазып алдым. Пісіріп көрдік. Сәтті шықты. Тұтынушыларға ұнады.

– Мемлекеттің кәсіпкерлікті қолдауы туралы не айтар едіңіз?

– Мен үшін кәсіпкерлік бағытта өздігімнен шетелге сапарлайтын күнді ойлау әлі алыс еді. Бұл мемлекеттің қолдауы арқасында іске асты. Оның үстіне жақсы ұйымдастырылған, толық қаржыландырылған шетелдік оқытулардың шағын және орта кәсіпкерлік үшін маңызы зор. Енді өз жұмысымызды жаңаша жүргізіп, табыстың жаңа көздерін тапқан кезде шетелдік әріптестерге тағы бір барсам деймін. Жалпы “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ арқылы басқа да бағдарламалар қолға алынған. Одан өз несібемізді көрудің жолдарын пысықтап, кәсіпкерлігімізді кеңейте түсеріміз анық. Сол үшін ең алдымен, Елбасыға үлкен алғысымды білдіргім келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp