«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АНАЛАР мен АРУЛАР АРДАҚТАЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

7 наурызда облыс әкімі Самат Ескендіров Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында облыстың белсенді қыз-келіншектерін Халықаралық әйелдер күні мерекесіне арналған салтанатты жиналыста құттықтады.

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Аталмыш өнер ордасының табалдырығын аттаған әр нәзік жанға қызғалдақ гүлін табыс етумен басталған риясыз құрмет салтанатты шараға ұласты.

– Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналардың қай елде, қандай қоғамда болсын орны ерекше. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев “Қазақстан – 2050” Стратегиясында әйелдердің қоғамдағы рөлін ерекше атап көрсетті. Мемлекетіміз отбасының, ана мен баланың барлық жағдайын қамтамасыз ету жолында көптеген істер атқарды, – деген облыс әкімі Самат Ескендіров өңіріміздегі әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталды.

 

Себебі, өңірімізде қыз-келіншектер саяси және әкімшілік қызметтің 50 пайызының тізгінін ұстап отырса, облыстық мәслихаттағы депутаттардың төрттен бірі – нәзік жандар. Ал денсаулық пен білім беру саласында бұл санның анағұрлым көп екені түсінікті. Осылай барлық дерлік салада қажырлы еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің елдің дамуына қосар үлесі қаншалықты зор болса, олардың ана атану міндеті соншалықты жауапты. Осы орайда салтанатты шара барысында Елбасының Жарлығымен 4 көп- балалы анаға “Күміс алқа” тапсырылды. Олар: Қызылжар ауданынан – Жаңыл Қалиева, Айыртау ауданынан – Нина Авдевич, Жамбыл ауданынан – Анна Любимова, Петропавл қаласынан – Галина Зольникова.

Түрлі салада еңбек етіп жүрген 18 қыз-келіншекке облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты тапсырылды. Солардың бірі – Мамлют ауданындағы “Диқаншы” ФШ-ның басшысы Марина Ділдәбаева. 2009 жылдан бері егіншілікпен айналысып жүрген ол өткен жылғы қуаңшылыққа қарамастан, әр гектардан 18 центнерден өнім алған көрінеді.

– Елімізде гендерлік теңдік бар. Осының арқасында жұмыс істеймін деген әйелдер қауымына мол мүмкіндік берілді. Бұл табиғатынан жауапты, ерік-жігері мықты әйел затының рухани тұрғыдан өсуіне, жетілуіне жол ашты, – дейді Марина Ділдәбаева.

Зор құрмет көрсеткен ер-азаматтарға марапатталушылар шексіз алғысын білдіргеннен кейін салтанатты шара мерекелік концертке ұласты.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp