«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРДАГЕР ҰСТАЗДАР ҰМЫТ ҚАЛҒАН ЖОҚ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Халықаралық әйелдер күні қарсаңында облыстық білім басқармасы және балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының қызметкерлері бірлесіп білім саласының нәзік жанды ардагер ұстаздарына арнап мерекелік дастарқан жайды. Оларды көктеммен бірге келетін шуақты мерекемен құттықтап, гүл шоқтарын сыйлады.  

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Салтанатты шараға шақырылған ұстаздар балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының түрлі түсті шарлармен әсем безендірілген фойесіне жиналды. Көптен көріспей сағынысып қалған ұлағатты ұстаздар шара басталмас бұрын бір-бірін құттықтап, өзара шүйіркелесіп те үлгерді.

 

Өңірімізге белгілі әнші Қайырлы Гафуровтың орындауындағы “Жан анам” әнімен басталған шара облыстық білім басқармасының бастығы Нұрболат Бикеновтің ұлағатты ұстаздарға арналған құттықтауына ұласты.

– Құрметті әріптестер, Сіздердің әрқайсыңыздың білім саласына қосқан үлестеріңіз өлшеусіз. Көпшілігіңіз зейнеткерлікке шықсаңыздар да әлі де жас ұрпақ тәрбиесінен алыстап кеткен жоқсыздар. Қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүргендеріңіз қаншама?! Сонымен қатар біріңіз немере тәрбиелесеңіздер, екіншіңіз шөбере сүйіп отырсыздар. Сіздердей ұлағатты жандарды ұстаздардың жаңа буын өкілдері үлгі тұтады. Сіздерді жарқын мереке – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін! – деді Нұрболат Бикенов.

Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің бұрынғы тәрбиеленушісі, әнші Димаш Жакупов: “Мен өзімнің әнімді бүгінгі мерекелік дастарқанға келіп отырған сүйікті анашым Валентина Ивановнаға арнаймын. Осы күні қолым бір жетістікке жетсе, ол Сіздің берген тәрбиеңіз бен жүрек жылуыңыздың арқасы”, – деп өзінің алғысын жетімдер үйінің бұрынғы басшысы В.Кондратоваға арнады. Ал әріптестерін құттықтаған Валентина Ивановна “Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды” әнін нақышына келтіріп шырқады.

Білім басқармасының бұрынғы қызметкерлері Нүрикамал Жұмабаева мен Нина Пожарницкая да әріптестерін мерекемен құттықтап, ақ тілектерін арнады.

Бұл күні айтылған жылы лебіздер жүректен-жүрекке жетті. Жиналған ұстаздар өздеріне көрсетілген құрметке алғыстарын білдіріп, марқайып тарқасты.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp