«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӘСІПКЕРЛЕР ЖӘРДЕМҚАРЖЫ АЛЫП, БІЛІМДЕРІН ЖЕТІЛДІРЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың төрағалығымен “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы болып өтті. Онда екінші деңгейдегі банк кредиттері бойынша кепілдік беруге және сыйақы ставкасын қаржыландыруға арналған өтінімдер, шағын және орта бизнес өкілдерін топ-менеджментке оқыту, кәсіпкерлік субъектілеріне тегін сервистік қызмет көрсетудің техникалық сипаттамалары қаралды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда Александр Лугин басқаратын “ТЕХГРУПП” жеке кәсіпорнында 6 адам еңбек етеді. Олар автокөлік құралдарына техникалық бақылау бойынша қызмет көрсетеді. Аталмыш кәсіпорын “Техникалық бақылау өткізу үшін стационарлық және оңтайлы желі, манипулятор мен металл құрылымдарын сатып алу” жобасын жүзеге асыруды қолға алып отыр. Жоба қосымша 5 жұмыс орнын ашуды көздейді. “Темір банк” АҚ ОФ-ден 14 пайыз сыйақыға алынған кредит осы мақсатқа жұмсалған.

Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша енді бюджеттен кәсіпкерге 3 жыл бойы 5 млн. теңгенің орны толтырылып, кредит сомасының 50 пайызына кепілдік беріледі. Кәсіпкер банкке тек 7 пайыздық сыйақы төлейді.

 

Ақжар ауданындағы Жұмали Нұрманов басқаратын “Талшық-Астық LTD” ЖШС 200 мың тонна астық сақтай алады. 84 адам еңбек ететін кәсіпорын “Талшық элеваторының мүліктік кешенін сатып алу және жаңғырту” жобасын жүзеге асырмақ. Жоба аясында 20 қосымша жұмыс орнын ашу қарастырылған. Осы мақсатта ЖШС “Сбербанк” АҚ-ның Қостанай қаласындағы филиалынан кредит алып отыр. Енді мемлекеттік қолдауға орай бюджет 3 жыл бойы кәсіпкердің 140,0 млн. теңгесінің орнын толтырады, сөйтіп банкке кредит үшін төлейтін сыйақы 3 пайызды ғана құрайды.

Петропавл қаласындағы “Бурчак” ЖШС нан мен кондитерлік бұйымдар өндірумен айналысады. Серіктестік директоры Окан Танрикулдің өкілінің айтуынша, “Казкоммерцбанк” АҚ ПФ-ның 14 пайыздық сыйақымен берген кредиті нан өндірісінің шығынын азайту үшін 3 автомобиль сатып алуға жұмсалған. Бұл қосымша 2 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Өңірлік үйлестіру кеңесі бұл жобаға да қолдау көрсетті.

Зүлфия Насибулина басқаратын ЖК автокөліктерді жуу, жылтырату және химиялық тазалау қызметімен айналысады. Сол үшін “Цесна банк” АҚ ОФ-нан кредит алған. Үйлестіру кеңесінің шешімі бойынша Зүлфия Аянқызына да банк кредиті сыйақысының 50 пайызын өтеуге бюджет қаржысы арқылы 3 жыл көмек көрсетеді.

Өңірлік үйлестіру кеңесінде “Назарбаев Университеті” АҚ негізінде шағын және орта бизнестің топ-менеджментіне оқытуға арналған өтінімдер қаралды. Ол “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының “Кәсіпкерлік әлеуетін күшейту” атты төртінші бағыты бойынша жүзеге асырылады. Оқу денсаулық сақтау, спорт нысандарының қызметі, көтерме және бөлшек сауда, жұмыртқа өндіру, малдың басқа да тұқымдарын өсіру сияқты экономиканың бірнеше түрлі өзекті саласын қамтиды. Аталмыш базада білім жетілдіруге 31 өтініш түсіпті. Солардың 12-сіне квота беру ұйғарылды. Қалған тілек білдірушілерге “Атамекен одағы” ОФ, “Сауда-өнеркәсіп палатасы” сияқты қоғамдық ұйымдар арқылы жолдама беруге ұсыныс жасалды.

Кеңесте “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында бизнес жүргізу бойынша кәсіпкерге тегін сервистік қолдау көрсетудің техникалық сипаттамасы қаралды. Бұл мақсатқа бюджеттен 37 млн. 370 мың теңге бөлініп отыр. Кеңес мүшелерінің ұйғарымы бойынша аталмыш қаражат кәсіпкерлерге тегін сервистік қызмет көрсету үшін бизнестің ең өзекті салаларына бағытталатын болды.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp