Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биыл да 8 наурыз қарсаңында қоғамда өз орнын тауып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосып жүрген бір топ қыз-келіншектермен кездесті. Президенттің барша қазақстандық әйелдерге айтқан ізгі тілегін естіп, бетпе-бет жүздескен нәзік жанды 21 отандасымыздың арасында жерлесіміз Марина Венинг те болды. Астанадан оралған бетінде онымен сұхаттасудың сәті түскен еді.
– Марина Ивановна, биылғы әйелдер мерекесі Сіздің есіңізде ерекше сақталып қалатын шығар?
– Әрине, бұл шақырту мен үшін күтпеген оқиға болды. Орталықтан шалғай жатқан Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылында өз жұмысымды алаңсыз атқарып жүрген едім. Президент Әкімшілігінен қоңырау шалып, Елбасының қабылдауы мен құттықтауына шақыртылатыным туралы айтқан кезде бір сәт өз құлағыма өзім сенбедім. Сол сәтте қатты қобалжысам да, өзімді бақ қонған бақытты жандай сезіндім. Мен ауыл мектебінің қарапайым ұстазымын. Ұрпақ тәрбиесіне 5-6 жылдың ішінде қосқан еңбегімнің ел алдында бағаланғандығы – мен үшін үлкен қуаныш. Әрине, аяқастынан жиналған бұл сапарға жалғыз өзім дайындалсам, ауыртпалық сезінер ме едім. Бірақ ел бар, жұрт бар дегендей, туған-туыстарым, ауылдастарым, ұжымым қолдап шығарып салған кезде, Президентпен кездесуге үлкен шаттық сезімімен аттандым. Мереке алдында ауа райы қолайсыз болып тұрды. Бірақ оған да қарамастан, әп-сәтте Астананың төрінен бірақ шықтым. Серік Меңдібаев, Владимир Шпет, Қайрат Жанғожинов, Динара Әлдіменова сияқты ел азаматтарының көмегіне айтар алғысым зор. Әлбетте, биылғы әйелдер мерекесі есімде мәңгілік сақталары сөзсіз.
– Президенттің қабылдауында болған басқа қыз-келіншектермен жақын танысқан боларсыз?
– Астанада болған осы бірнеше күннің ішінде үлкен орта көрдім, жақсы адамдармен, белгілі тұлғалармен таныстым. Осыдан жарты ай бұрын маған біреу өнер жұлдыздары Қарақат Әбілдина, Алтынай Жорабаевамен немесе Олимпиада чемпионы Светлана Подобедовамен дастарқандас боласың десе, сенбес едім. Елбасының қабылдауында болған 20 жанның бәрімен ортақ тіл табысып кеттім.
– Өзіңіздің қоғамдағы орныңызды қалай бағалайсыз?
– Шындығында, 28 жасымда тас қопарып тастаған ештеңем жоқ. Менің мақсатым – өзімнің таңдаған мамандығымды абыройлы атқару, ұрпаққа бүгінгі заман талабына сай білім беруге атсалысу. Сондай-ақ мен – мемлекеттік тіл жанашырымын. Соңғы екі жыл ішінде ауданда, облыс шеңберінде болып жатқан байқаулар мен сайыстарға қатысып жүрмін. Мен бастауыш сынып мұғалімі болсам да, бүгінде ағылшын тілін үйренуге, өз білгенімді басқаға үйретуге ден қойған тәлімгермін. Әрине, бұл теңізге тамған тамшыдай ғана. Ал біздің мүмкіншілігіміз бұдан бірнеше есе артық. Тек өз бойыңнан сол күшті, сол қуатты аңғару керек те, оны әрі қарай дамыту керек. Мені үлкен мақсаттар жетелейді. Бүгін сол мақсаттарға қол жеткізуді арман етіп, жоспар құрсам, ертеңгі күні олардың жүзеге асарына сенімдімін.
– Әйел үшін отбасының маңызы неде?
– Мен қазақ отбасына келін болып отырған неміс қызымын. Бұл таңдауыма ешқашан өкінген емеспін. Жұбайым Есеннің арқасында өзімді асыл жар сезінемін. Бексұлтан мен Ерсұлтан атты екі ұлымыз бар. Мені өз қыздарындай көріп отырған аяулы ата-енем бар. Қара шаңырақтың келіні ретінде менің де парызым көп. Жалпы отбасында өзін тұлға ретінде қалыптастыра білген әйел ғана қоғамға септігін тигізе алады деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”
Суретті түсірген автор.