Зағипа АХМЕТОВА,
журналист.
“Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дейтін аталы сөзге сүйенсек, бірнеше жыл Қызылжар ауданына қарасты Трудовая Нива ауылында тұрып, кейін облыс орталығындағы Жұмысшы кентіне көшіп кеткен Жетпісбай Смағұлов ақсақал туралы жергілікті тұрғындардың айтары мол.
– Жыл сайынғы Рамазан айында ауыз бекітуді, Құрбан айт мерекесінде Құрбан шалуды уағыздап, жастарды бірлікке жұмылдырып, имандылыққа шақыруынан, дініне берік болып, Алланың ақ жолымен жүруге насихаттап, бізге үлгі көрсетуінен оның текті адам екенін көре білдік, – дейді көршілері.
Екі ауыл жұртының Жетпісбай ақсақал туралы осындай лебіздерін естігеннен кейін, Жұмысшы кентінде тұратын ақсақалды іздеп бардым. Мені қарсы алған басына орамал тартып, тізеден төмен көйлек киген келіншек: “Атам бесін намазын оқып жатыр, күте тұрыңыз”, – деп, мені қонақ бөлмеге шақырды.
Тұрмыстары бақуатты, қонақ бөлмесі бір жылқының асын берердей кең екен. Үй ішінде ұқыптылық, жинақылық байқалады. Көп күттірмей, қарияның өзі де келіп кірді. Мен келген себебімді түсіндіргеннен кейін: “Жақсылықты адам алдымен өзі үшін, Алланың ризашылығына бөлену үшін жасайды ғой, сондықтан да оны жария етудің керегі жоқ”, – деп қаламаған кейіп танытты.
Ұштап қойған қаламын қалтасына қайта салып қоятын “жасық” тілші болғым келмей, үнсіз қалған кейіпкерімді түрлі сұрақтармен әңгімеге тарттым. Сөзге сараң, жүзі қатал адамның сырын ашатын сөз құдіретінен жасалған жұмбақ кілт болады емес пе? Жолым болып, дөп түстім ғой деймін. Жым-жырт болған үнсіздіктен кейін, жуан дауысты Жетпісбай атаның әңгімесі ақтарылып жүре берді…
Ресей елінен 1992 жылы атамекеніне қоныс тепкен Смағұловтар әулеті – қазақтың ұлттық қасиетінің, ата-баба салт-дәстүрінің қаймағын бұзбай, ислам дінінің діңгегін берік ұстап, шаң жұқтырмай алып келген отбасылардың бірі. Қазақстан енді ғана тәуелсіздік алып, етек-жеңін жия алмай жатқан кезеңде көшіп келген олар Үкіметке қол жаймастан, қолдағы бар қаражатына Трудовая Нива ауылында үлкен үй тұрғызады. Жұмыс көзі жоқ ауылда мал өсіруді қолға алған Жетпісбай Сыздықұлы қой, жылқы, сиыр ұстап, егін салып, тұрмысын дөңгелетіп әкетеді. Олардың Ресейдегі тұрмыс-жағдайы да өте жақсы болған көрінеді. Енді қалған өмірін ата-бабасының жерінде өткізіп, ұрпағының өз елінде еңбек етуін мақсат еткен ол мұның бәрі уақытша қиындық екенін жақсы түсінеді. Қайда болғанда да, адам байлықты еңбекпен бағындырады емес пе? Жетпісбай Смағұловтың еңбекқорлығы көршілеріне де өнеге болды. Ол ата-бабаларымыз киелі төрт түлік мал өсіріп, шалқыған бай болғандығын айтып та, ісімен де көрсетіп берді. Жыл сайын ораза біткеннен кейінгі кіші айт кезінде көршілерінің үйлеріне кіріп, аруақтарға Құран оқып, дастарқаннан дәм-ауыз тиіп шығуды сауап санайды. Тіпті, күн шығып кеткенше ұйықтап жатқан көршілерін оятып, мұның дұрыс еместігін айтып, дастарқан жайғызып, бұл күндері ата-бабалардың аруақтары Құраннан дәме ететінін ескертеді. Бұрын мұндай діни мерекеге аса мән бермейтін чапайлықтар Жетпісбай ақсақал көшіп келгеннен кейін, ауызашар беріп, Құрбан шалып, соғым сою, басқа да мерекелерде бас қосып, ауыз-бірлігі жарасқан ауыл екендіктерін нықтай түсті. Ол бәйбішесі екеуі бес уақыт намаз оқып, басқаларға үлгі болса, қазақы әдет-ғұрыптармен тәрбиеленген ұлдары мен келіндері де өздері қатарластарының алдында жақсы жақтарымен өнеге көрсетті.
Трудовая Нива ауылы Петропавл-Көкшетау тас жолынан бірнеше шақырым жерде. Қыста қар жауғанда жолды көміп тастап, қатынас болмай қалатын. Қалаға қатынап жұмыс істейтін және оқитын балалар, күнделікті ауызсу тасу, сырқаттанған адамдардың емханаға қатынауы бар дегендей, қар басқан жолды күн сайын Жетпісбай Сыздықұлы өздерінің жекеменшік тракторымен тазалап жүрді. Мұндай қиындықтан құтылу үшін келесі жылы өзінің қаржысына 200 көшет сатып алып, оларды Трудовая Нивадан Көкшетау-Петропавл тас жолына дейін отырғызып шықты. Қазір көрсеңіз, олар биік болып өсіп, жолды қар басудан сақтайтын мықты тосқауылға айналды.
Бүгінде алты ағаш отырғызса, айғайлап жар салатын жақсыларды да көріп жүрміз ғой. Үндемей жүріп, үлкен шаруаларды тындырып келген Жетпісбай ақсақалдың көп ісі өзгелерге үлгі-ақ. Осыдан 12 жыл бұрын Бескөлдегі мұсылмандар зиратының іргетасын қалаған да осы Жетпісбай ақсақал болатын. Бұрын өмірден қайтқан мұсылмандарды Подгорное ауылы маңындағы қорымға апарып жерлейтін.
– Сіздің Бескөлдегі мұсылмандар зиратын ашуға бастамашы болуыңызға не себеп болды? – деген сауалыма:
– 1992 жылы қайтыс болған бір қарияны жерлеуге Подгорныйдың зиратына апаруға жол жабық болды. Жоқ-жітік отбасы болатын, жолды тазалауға біраз әурелендік. Сол кезде “Осынша кең жерімізден неге мұсылман зиратына жер бөліп алмасқа?” деген ой келді. Келесі жылдан бастап аудан басшыларынан мұсылмандар зираты үшін 15 гектар жер бөлуді сұрап, есіктерін қақтым. Күн сайын, ай сайын табалдырығын тоздырып жүргенде жылдар өтіп кетті. Ол жанар-жағармай станциясын салуға сатылып кеткен билік басындағы бір шенеуніктің жері болып шықты. Не болса да, шешінген судан тайынбас деп, облыс әкімінің қабылдауына кіріп, айтысып-тартысып жүріп, ақыры 2001 жылы 27 маусымда әділет басқармасында заңды тіркеуден өткізіп қолыма “362 шаршы метр жерге мұсылмандар зираты үшін жер бөлінді” деген құжат алдым. Сол жылы бір қойымды сатып, орман шаруашылығынан 200-дей қарағай көшетін алып, көпшілікпен бірге зираттың маңайына отырғыздық. Әрине, мұндай үлкен іс бір адамның қолынан келмесі анық, өзіме қолдау жасаған адамдар көп болды. Зиратқа жақын жерде тұратын Нығметжан Жантасов ақсақалдың да бұл іске қосқан үлесі мол. Зираттың маңайын өрт қауіпсіздігі үшін трактормен жыртқызамын деп жүргенде, республикалық байланыс торабының 120 желісін үзіп жіберіп, үлкен қателік те жасап қойдық, – деп жауап берді. Соған байланысты кінәні өз мойнына алған Жетпісбай ақсақал кеткен шығынның біразын жан қалтасынан төлеп, қатты ұялғанын және әрең құтылғанын айтып, күліп те қойды. Айтуына қарағанда, аруақтар үшін жасалған сауапты істің қайтарымы мол. “Тумақ барда – өлмек бар”, сондықтан да жер бетіндегі “аз күнгі қонақтың” мәңгілік үйі – оның зираты. Бүгінгі күні о дүниелік болған жерлестеріміз жатқан Бескөл мұсылмандар зиратының көлемі 15 гектардан асып кетті. Осындай игілікті істің бастамашысы болған Жетпісбай ақсақал ойға алған біраз ойын іске асырғаннан кейін Мекке-Мәдинеге барып, мұсылмандық парызын өтеп қайтыпты.
Жетпісбай қажының арғы тегі Есіл ауданының Тауағаш елді мекенін қоныс еткен. Бабасы Қосщығұл жастайынан арабша сауат ашып, дін жолын ұстанған адам болыпты. Төрт түлік малы сайлы, елінің байы болып, бір табын жылқысын сатып, кезінде Тауағашта халыққа мешіт салып берген екен. Мешіт тұрғызғаннан кейін Меккеге қажылыққа аттанып, сол жақта қайтыс болған. Бірнеше жылдан кейін ұлы Смағұл да әкесінің қабіріне зиярат етуге және өзінің қажылық парызын өтеуге барып ол да, сол жақта о дүниеге аттанады. 2006 жылы Меккеде жатқан бабаларына зиярат жасауға барған Жетпісбай қажы: “Мүмкін бабаларым мені алып қалар” деп, отбасымен қоштасып кеткен екен. “Алланың қалауымен еліме қайта оралдым”, – деп, Меккеден әкелген ұзындығы жарты метрден асатын Құран кітабының бетін бір сипап қойды.
Бәйбішесі Мәдина да – бес уақыт намазын оқып, дінін берік ұстанған жан. Дүниеге он бала әкелген алтын құрсақты әже мен Жетпісбай қажы бүгінде жеті баланың қызығын көріп отыр. Олар қауіпсіздік, кәсіпкерлік, білім беру сияқты түрлі салаларда абыройлы еңбек етуде. Үлкен ұлы Ақан мен келіні Айман – әке-шешесіне, іні-қарындастарына қамқоршы. Немересі Арыстан – кикбоксингтен республика чемпионы. Шетелдерде өтетін жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап, жеңіспен оралып жүр. Атамекенге оралған ағайынның тәуелсіздік жылдарында жасаған ерен еңбегін осылайша әр қырынан көруге болады. “Адамға дүние – байлық емес, иман – байлық” деп түсінген Жетпісбай қажы жуырда ислам дінінің түп тамыры бастау алған жер Иерусәлимге барып, ондағы киелі жерлерге тағзым етіп, өз көзімен көріп қайтыпты.
Тамыры терең, жапырағы қалың бәйтеректің саясына мықты пана болатыны сияқты, Жетпісбай қажының шаңырағында жастайынан бойына адамгершілік нұрын құйып, жақсылықты бойларына түйіп өскен, өз Отанын, елінің тәуелсіздігін қорғайтын иманды ұрпақтар өсіп келеді. Ол – артына қалдырар өнегесі мол Жетпісбай ақсақалдың арқасы. Ортамызда осындай жол сілтейтін көнекөз қариялардың болғаны қандай жақсы!..