«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚҚАЙЫҢ “АҚСАП”, АРТТА ҚАЛЫП, ТАЙЫНША “ТӨРТТІККЕ” ЕНІП ТҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жеңіс ЕРМҰҚАНОВ,

журналист.

Өткен аптада облыс әкімі Самат Ескендіров Аққайың және Тайынша аудандарында жұмыс сапарымен болып, олардың экономикалық-әлеуметтік даму көрсеткіштерімен танысты.

Аққайың ауданы даму деңгейі бойынша 8-орында. Әсіресе, ауыл шаруашылығының әлеуеті, балабақшамен қамту және кәсіпкерлікті дамыту жұмыстары сын көтермейді. Осы орайда облыс әкімі Самат Ескендіров аудан активімен кездесіп, аталған мәселелерді шешу жолдарын қарастырды. Сондай-ақ облыс әкімі аталмыш ауданға жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады.

Ауданның әлеуетін №1 Смирново орта мектебінің жағдайымен танысудан бастаған облыс әкімі білім беру мекемесінің бүгінгі жағдайына қанықты. Қазіргі таңда аталмыш мектепте 232 оқушы 2 ауысыммен білім алуда. Өткен жылғы түлектер ҰБТ-дан орта есеппен 78,3 ұпай жинаған. Ал биыл білім беру жүйесіне электронды оқу үдерісі енгізілуде. Ол үшін 1 мультимедиалық, 2 компьютерлік сынып жарақтандырылған көрінеді. Оқушыларға сапалы білім берумен қатар, саламатты өмір салтын қалыптастыруға да үлкен мән берілген. Қысқы спорт түрлерінен ауданның, тіпті, өңір құрамасының негізгі бөлігі осы мектептің оқушыларынан жасақталатын көрінеді. Балалар тоғызқұмалақ пен шахмат ойындарына да қызығушылық танытқан.

 

Бұдан кейін өңір басшысы аудандық орталық аурухананың жұмысымен танысты. 75 орынға шақталған емдеу мекемесіне соңғы жылдары “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында 5 дәрігер мен орта білімі бар 6 медициналық қызметкер келіпті. Десе де, маман тапшылығы әлі де сезіліп отыр. Аталмыш ауруханаға дәл қазір 5 маман қажет.

Самат Ескендіров аудан орталығында қаланып жатқан емхананың құрылыс барысымен де танысты. “100 мектеп, 100 аурухана” мемлекеттік жобасы аясында іргесі қаланған емхананың құрылысына 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Тәулігіне 250 адамды қабылдай алатын емдеу мекемесін 2014 жылы пайдалануға беру көзделіп отыр.

Облыс әкімінің Аққайың ауданының активімен болған кездесуінде осы өңірдің әлеуметтік- экономикалық дамуы сөз болды.

Аудан әкімі Рүстем Елубаев 2012 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 15 миллиард 648 миллион теңгені құрағандығын жеткізді. Егіннің орташа шығымдылығы гектарынан 16 центнерден айналған. Барлығы 286 мың тонна бидай бастырылды. Сондай-ақ танап басына жаңадан сатып алынған 62 бірлік жоғары өнімді техника шығыпты. Алдағы егістікке техниканың 74 пайызы әзір. Жанармайдың 3/1-і алыныпты. Соңғы 10 жылда ауыл шаруашылығының ішкі жалпы өнімі – 4 есе, ауданға құйылған инвестиция – 37 есе, өндіріс көлемі 2 есе артыпты. Десе де, аудан даму деңгейі бойынша соңғы орындарда.

– Аудан бірқатар көрсеткіш бойынша соңғы орында. Басты табыс көзі – ауыл шаруашылығы ақсап тұр. Негізгі капиталға сырттан қаржы тарту жағы да өзгелерден әлдеқайда төмен. Бүлдіршіндердің 92 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып отырса да, соңғы орында. Туберкулез ауруына шалдыққандар басым. Техниканың 80 пайызы ескірген. Бұл тұстарды жақсартуға күш салу керек, – деді облыс әкімі Самат Ескендіров.

Ауданда тіркелген кіші бизнестің тең жартысы ғана белсенділік танытып, тұрақты жұмыс істейді. Соңғы екі жылда Индустрияландыру картасына бірде-бір жоба енбепті. Ауылдықтарға шағын несие беру жағы да дұрыс жолға қойылмаған.

– 2012 жылы аудандағы 15 микрокредиттік ұйымның 14-і түк бітірмеген. Тек “Фортуна” серіктестігі жалғыз өзі жұмыс атқарды. Ауылдықтар бұл ұйымнан 8,4 млн. теңгенің 86 шағын несиесін рәсімдеген. Өзгелерінен пайда болмаса жапқан дұрыс, – деді облыс әкімі.

Самат Ескендіров ауданның әлеуметтік саласын да сынға алды. Тұрғындарды таза ауызсумен қамту жағы тым өзекті бола тұра, “Ақбұлақ” бағдарламасы аясында еш жоба қолға алынбай отыр. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы да қызметін тиісінше атқармайды. Бірқатар нысандары толығымен тозған. Техникалық кәсіби білім беретін мекемелердің материалдық базасының тек 3/1-і ғана толық. Жиын соңында өңір жетекшісі көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарын уақытында, сапалы жүргізуді тапсырды.

Осы күні облыс әкімі жұмыс сапарымен Тайынша ауданында болды. Өңір жетекшісі өндіріс ошақтары мен әлеуметтік нысандарды аралады.

Тайынша ауданының орталық ауруханасы облыста бірінші болып 190 орынға шақталған емдеу мекемесіне қарасты 48 мың ауылдық электрондық базаға тіркеліпті. Аталмыш ауруханада қағаз машақаты түбегейлі шешіліп, қаңтарылып тұратын кезек мүлдем жоқ. Штат құрамы толық. Жылына орта есеппен 700-ге тарта сәби туады екен. Ана мен бала өлімі тіркелмепті.

Аудан орталығында салынып жатқан 50 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй де облыс әкімінің назарынан тыс қалмады. Құрылыс қарқыны жоспарға сай жүргізілгендіктен, жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Самат Ескендіров “Көкшетехстрой” серіктестігінің 20-400 мм. дейінгі полиэтилен құбырларын шығаратын цехтың жұмысымен танысты. Өндіріс ошағы жыл басынан бері жалпы құны 50 миллион теңге болатын 235 тонна құбыр құрастырыпты.

Осы күні облыс әкімі аудан активімен де кездесті. Аталмыш жиында тайыншалықтардың макроэкономикалық көрсеткіштері сараланды.

– Өндіріс ошақтары былтыр 6 миллиард 542 миллион теңгенің өнімін шығарды. Бұл ретте кіші және орта бизнестің үлесі екі есе артты. Негізгі капиталға инвестиция тарту 13,8 пайызға өсті, – деді Тайынша ауданының әкімі Иван Турков.

Ауданға былтыр “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламасы аясында 200 миллион теңге бөлінген. Оның тек 92 пайызы игеріліпті. Облыс әкімін жоба аясында ауылдықтардың тың ойларын жүзеге асыруға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру жағы қызықтырды.

– Өткен жылы 26 несие рәсімделді. Орта есеппен әрбіріне 2 млн. 200 мың теңгенің қаржылық қолдауы көрсетілді. 24-і мал шаруашылығын дамытуға қатысты. Қалған екеуі техникалық бақылау станциясын ашуға ниет танытты. Осының арқасында жаңадан 18 жұмыс орны ашылды, – деді аудандық тұрғындарды жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Юлия Салунина.

2012 жылы жұмыссыз отырған 2 мыңнан артық тайыншалық еңбекке орналастырылған. Оның 1,5 жуығы тұрақты табыс көзімен қамтылған.

– Жұмыспен қамту мәселесін шешу қашанда алдыңғы қатардағы басымдық болу керек. Биыл біз аудандардың даму деңгейін бірінші кезекте осы көрсеткішке қарап бағалайтын боламыз. Елбасы бұған үлкен мән беріп отыр. Өйткені, жұмыспен қамту жағы дұрыс жолға қойылса, ауылдықтардың экономикалық әлеуеті өсіп, тұрмысының жақсаруына үлкен сеп болады, – деді облыс әкімі Самат Ескендіров.

Жалпы Тайынша ауданы былтырғы даму деңгейі жөнінің облыс бойынша 4-орында. Тұрғындардың 80 пайызы орталықтандырылған су желісін пайдаланады. Алайда, өзге аудандармен салыстырғанда бұл көрсеткіш өте төмен. Өткен жылы мектепке дейінгі тәрбиемен қамту жағы да сын көтермейді. Ал үстіміздегі жылы аудан басшылары жіберген олқылықтарының орнын толтырып, балабақшаға деген сұранысты 100 пайызға орындаған.

– Тайынша ауданының қарқынды дамуына мүмкіндік баршылық. Жалпы өңір бойынша Ғабит Мүсірепов атындағы, Тайынша, Айыртау және М. Жұмабаев аудандарының көрсеткіштері көш басында келеді. Экономикалық өсім осы 4 ауданда байқалады. Жағдайды жақсарта түсу қажет. Әсіресе, ауылдықтардың еңбекақысына аса мән берген жөн. Бұл маңызды шаруаны ұдайы назарға алып, бақылап отыру керек. Аудан әкімі мен орынбасарларына, құрылымдарға барлық бағыттар бойынша 2013 жылдың жоспарын жасауды тапсырамын, – деді облыс әкімі Самат Ескендіров.

Актив отырысын қорыта келе, өңір басшысы көктемгі егіс науқанына дайындықты қыздыра түсу керектігін атап айтты.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp