«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АҚЫЛ-КЕҢЕСІ – ТЕМІРҚАЗЫҒЫМЫЗ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ұрпақтың білуге, үйренуге деген қызығушылығын ояту әр кезде ұстаздарға жүктелері сөзсіз. Олар алтын ұя – мектептің жаны да, ары да екенінде дау жоқ. Сондай ардақты жандардың бірі, жоғары сыныптарда қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ берген, сынып жетекшіміз, бүгінгі күні Дәуқара орта мектебінің директоры – Алданыш Нүрпейісов.

Алданыш Нұрахметұлы менің және басқа да сыныптастарымның қоғамда жауапкершілігі мол, азаматтығы жоғары тұлға ретінде тәрбиеленіп, қалыптасуымызға үлкен әсер етті. Ұстазымыз бізді адамгершілік құндылықтарымызды дамытуға, үлкенді сыйлауға, кішіге ізет көрсетуге үйретумен қатар, шығармашылық тұрғыдан ойлауға және қандай да болсын өзгерістерге бейімделуге үйретті. Мектепте жүргенде ұстазымыздың берген ақыл-кеңестері біздің жадымызда мәңгі сақталып, адал жолдан тайдырмайтын темірқазығымызға айналды. Қазір осы кісінің тәлім-тәрбиесін алып, өзіміз де үлкен өмірге қадам бастық. Әрқайсымыз еліміздің түрлі оқу орындарында білім алып жүрміз. Колледждерге түсіп, бүгінде еңбек майданына араласып кеткен сыныптастарым да бар.

 

Алданыш Нұрахметұлы Дәуқара орта мектебінде 27 жылдан астам уақыт қызмет атқарып келеді. Алматы қаласында Қазақ мемлекеттік университетін қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша 1985 жылы бітірген. Еңбек жолында мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметінде болды. 2009 жылдың мамыр айында мектеп директорлығына тағайындалған. Бүгінгі күні білім беру жүйесіне енгізіліп жатқан өзгешеліктер облыс орталығынан шалғайда жатқан Дәуқара орта мектебіне де жетті. Ол жайында мектеп директоры Алданыш Нүрпейісов:

– Мектепке жаңа ақпараттық технологиялар енгізіліп, материалдық-техникалық жарақтануы жақсарды. Қазіргі заман талабына сай жабдықталған арнайы мультимедиалық кабинет те ашылған. Оқушылардың жұмыс істеуіне толық мүмкіндік бар. Физика, информатика, қазақ тілі мен әдебиеті және “Өзін-өзі тану” кабинеттері де сабақтың мақсатына сай жабдықталды. Соңғы екі-үш жыл бойы жергілікті бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, мекеме ғимаратының шатыры, бірінші-екінші қабаттары толық жөндеуден өтті. Балалар шағын орталығы, ауылдық мұражай, мәжіліс залы ашылды. Бірнеше жылдан бері қараусыз қалған спорттық алаңқай да оқу жылының басында қайта жөндеуден өткізіліп, балалар игілігіне берілді. Мектебіміз күннен-күнге көркейіп, білім сапасы жылдан-жылға арттырылуда. Осының барлығына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларындағы білім сапасына баса назар аударуының нәтижесінде қол жеткізіліп отыр , – деді.

Мектеп басшысы: “Ата-аналар өз перзенттерін білім ошағына жетелеп әкеліп тұрса, олардың сенімі – ұстаздар үшін үлкен абырой” десе, мектеп түлектері мен ауыл адамдары да Алданыш Нұрахметұлының өңіріміздің білім беру жүйесіне қосқан еңбегін ерекше бағалап, құрмет тұтады.

Мінезі тұйықтау болғанымен, адамнан жақсылығын аямайтын ұстазым – ел игілігі үшін еңбек етіп жүрген абзал жан. Үлкеннің де, кішінің де алғысына бөленген ол – қамқоршы жұбай, ақылшы әке. Зайыбы Күләш апаймен бірге екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. “Ерінбей еңбек етсең, бақыт келіп басын иеді” дейтін ұстаздың қыздары: Ардақ – математика магистрі, Алтын – дәрігер-онколог болса, ұлы Айқын экология мамандығының магистрі.

Салтанат РЫСПАЕВА,

М.Қозыбаев атындағы

СҚМУ-дің студенті.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp