«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЫЛҒЫ ТАСҚЫН ҚАУІП ТӨНДІРЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Көктемгі су тасқынына байланысты атқарылып жатқан шаралар жайында ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі Асхат Бәкішевті сөзге тартқан едік.

– Асхат Қабыкенұлы, биылғы су тасқынына байланысты қандай болжам бар?

– Бүгінгі күні біздің облыс аумағына түскен қар көлемі нормадан артық. Мысалы, Тайынша, Есіл және Қызылжар аудандарында қар қорының жылдық орташа көрсеткіштен 2 еседей көп екендігі байқалады. Биылғы су тасқыны көктемгі қардың қалай еритіндігіне байланысты болады.

– Су тасқыны тұрғындарға қандай қауіп төндіреді?

 

– Есіл өзенінің жайылма алқаптарында орналасқан елді мекендердің үйлері мен аулаларын су басуы ықтимал. Бұдан басқа қар күрт еріген кезде саяжай учаскелері мен елді мекендерге баратын жолдар жабылып, тұрғындар азық-түліксіз, ауру адамдар медициналық көмексіз қалуы мүмкін.

– Облыста су тасқыны қауіп төндіретін қандай учаскелер бар?

– Өткен жылдардың тәжірибесіне сүйене отырып, 3 ерекше қауіпті бағытты атап айтуға болады.

Біріншісі – қардың еруіне және жерүсті суларының жоғары деңгейге көтерілуіне байланысты елді мекендерді су басу. Оған Мамлютка қаласын, М.Жұмабаев ауданындағы Байшілік, Бірлік, Возвышенка, Тимирязевтегі Дмитриевка, Жамбылдағы Жаңажол ауылдарын, Петропавлдағы Бензострой, Копай, Сенная база, Жұмысшы кенті, Ойқала, Заречный ықшамаудандарын жатқызуға болады.

Екіншісі – Есіл өзенінің тасуы 20-дан астам елді мекенге қауіп төндіреді. Олар: Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның – Новоишимка, Пески, Шал ақындағы – Жаңажол, Коноваловка, Есіл ауданындағы – Калиновка, Бірлік, Жарғайың, Петровка, Покровка, Поляковка, Николаевка, Қызылжар ауданындағы – Прибрежное, Новоникольское, Долматово, Ольшанка, Вишневка, Соколовка, Боголюбово, Вознесенка, Кривозерка, Тепличное ауылдары мен Затон станциясы, облыс орталығындағы – Былғары зауыты, Заречный ықшамаудандары, саяжай уаскелері.

Үшіншісі – Ақмола облысындағы Сілеті және Шағалалы су қоймаларынан судың шамадан тыс асып кетуі. Сілеті – Уәлиханов ауданындағы Береке, Қаратал, Қулыкөл ауылдарына, ал Шағалалы – Тайынша ауданындағы Бірлік, Заречное ауылдарының автожолдарына қауіп төндіреді.

Облыс аумағында ең суы көп тасқын 2007 жылы болды. Нәтижесінде жерүсті суларынан аудандар мен Петропавл қаласының 120-дан астам үйі зардап шекті, республикалық және жергілікті мақсаттағы автожолдар бүлінді.

– Су тасқынының алдын алу кезінде қандай шаралар жүзеге асырылады?

– Тұрғындарды, нысандар мен облыс аумағын қорғау жоспарына сәйкес су басуы мүмкін аймаққа 12645 адам, 5465 бас ауыл шаруашылығы малы кіреді, 2514 адам мен 2958 мал қауіпсіз жерге көшірілуге жатады.

Жергілікті атқарушы органдар, жол және басқа да кәсіпорындар мен ұйымдар авто-жолдарды, жол жиектерін, көпірлерді, суағарларды, мекемелер мен жеке үйлердің шатырларын қардан тазарту жұмыстарын жүргізеді.

Құрамында 3838 адам мен 1204 техника бар 238 апаттан құтқару қызметтері мен құрылымдары әзір етілді. Облыстың өзендері мен су қоймаларындағы жағдайды 14 гидрологиялық бекет қадағалайды.

– Облыстағы гидротехникалық құрылыстардың жағдайы жайында да айта кетсеңіз.

– Облыс аумағында 50 гидротехникалық құрылыс тіркелген, оның 4-еуі – қоймасы бар су торабы, 27-сі – қоймасы бар сукөтергіш бөгет, 1-еуі – су алу торабының бөгеті, 7-еуі – елді мекендерді қорғайтын бөгет, 10-ы – тұндырғыш-жинақтағышты, күл үйінділерін қорғау бөгеттері, 1-еуі – суөткізгіш құрылыс. Олардың 36-сы – жергілікті атқару органдарының, 4-еуі – республиканың меншігінде, 8-і – жекеменшікте, 2-еуі – иесіз. Жақын елді мекендерге қауіп тудырмайтын, шаруашылық маңызы жоқ және техникалық талаптарға жауап бермейтін 16 осындай гидроқұрылыс 2012 жылы пайдаланудан шығарылды.

Сергеевка және Петропавл су тораптарын жаңғыртуға республикалық бюджеттен 321,91 млн. теңге қаржы бөлінді.

– Жеке тұрғын үйлердің иелері су тасқынының алдын алу үшін қандай шараларды жүзеге асырғаны жөн?

– Таяу күндері жергілікті тұрғындар өз үйлерінің аулаларын қар мен күл-қоқыстан тазартуы, суағарларды мұздан аршуы қажет. Су тасқыны кезінде петропавлдықтар қауіпсіздік ережесіне ерекше назар аударса екен дейміз. Су басатын аумақтардағы саяжай учаскелеріне баруға қатаң тыйым салынады, өйткені су тез келіп, үйге барар жолды кесіп тастауы мүмкін. Су басуы мүмкін аумақтарда тұратын адамдар төтенше жағдай бола қалған кезде әрекет ету тәртібін жақсы білуі керек. Бірінші кезекте, өз үйіңді қорғау бойынша шаралар қолдану ұсынылады. Олар: есік пен терезелерді нығайту, бағалы мүліктерді жоғары қабаттарға (шатырға) шығару, электр құралдары мен сымдарды судан қорғайтын шаралар жасау.

Су күрт көтерілген жағдайда төтенше жағдай бойынша жергілікті органдардың нұсқауын басшылыққа алу керек.

Әңгімелескен

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp