Ерлан МАХМЕТОВ,
СҚО ІІД баспасөз қызметінің инспекторы.
Есіл аудандық ішкі істер бөліміне Бірлік ауылының тұрғыны арызданып, қорасынан жылқысы жоғалғаны жайлы хабарлаған. Ақпарат жинау мақсатымен тәртіп сақшылары оқиға орнына шығып, жеделіздестіру шараларына кірісті. Сұрастыру барысында оқиғаның куәгері табылды. Ол көршісінің түн ортасында көшеге шығып бара жатқанын көрген. Бұл адамды іздеп таппақ болғанда, тәртіп сақшылары оның үйінде қонбағанын да анықтаған.
Тәртіп сақшыларының назарына күдікті ретінде іліккен Бірлік ауылының 29 жастағы еш жерде жұмыс істемейтін тұрғынын іздеу шарасы басталып кетті. Сұрастыру жұмыстары барысында оның Бірліктен 12 шақырым жерде орналасқан Александровка ауылына жол жүріп кеткені мәлім болды. Келіп түскен жедел ақпарат бойынша мал ұрлығына қатысты күдіктінің Петропавл қаласында екені анықталды. Күдіктінің қалада тұратын туыстары оның бірнеше күн бұрын келіп кеткенін айтқан. Әйтсе де, полиция қызметкерлері осында торуылдай жүріп, көп ұзамай күдіктіні тұтқындады. Ұрлыққа қатысты тұлғаны тергеу барысында ол өз кінәсін толық мойындады.
Ол бұл ұрлыққа алдын ала әзірленіп барса керек. Ауылдасының қорасына кірмес бұрын қалада мал етін саудалайтын кәсіпкермен келісіп, жылқыны 150 мың теңгеге сататынын айтқан. Арзан бағаға ет сатып алып, пайда түсірмек болған кәсіпкер келіскен. Бірлік ауылының тұрғыны қораның құлпы болмағандықтан, мал тұрған қораға еш кедергісіз еніп, жылқыны алып шыққан. Дайындап әкелген жүгенімен атты ерттеп, төте жолмен Александровка ауылына қарай Есіл өзені арқылы өткен екен.
Кәсіпкерден ақшасын алған күдікті бірден қалаға бет алған. Үш күн бойы ол түрлі ойын-сауық орындары мен моншаларда көңіл көтерген. Мал ұрлығынан түскен барлық ақшаны осылайша жұмсап үлгерген.
Ұрлыққа қатысты тұлғаның үстінен Қылмыстық кодекстің 175-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылып, тергеу жүруде. Бұрын сотталмаған ауыл тұрғыны үш жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін.