«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ҚУАНТҚАНЫМЕН, ескеретін жайлар да бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

“Солтүстік Қазақстан таратушы электр желілері компаниясы” (СҚ ТЭК) АҚ-ы бұрнағы күні С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың мәжіліс залында жергілікті атқару және аумақтық органдардың өкілдері, облыстық ТМРА департаментіндегі сарапшылар кеңесінің мүшелері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен электр қуатын тұтынушылардың алдында электр желілері бойынша қуат беру мен тарату қызметінің 2012 жылғы қорытындысы бойынша есеп берді.

Есепті жиында кәсіпорын басшысы Вячеслав Утябаев баяндама жасап, жыл ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, компания кернеуі 0,4 кВ-дан 220 кВ-ға дейінгі жалпы ұзындығы 13,9 мың шақырым құрайтын электр желілеріне қызмет көрсетеді. Қызмет көрсету аймағы өңірдің 45 мың шаршы шақырым аумағына жуық. Электр қуаты Петропавл қаласы мен облыстың сегіз ауданына беріледі және таратылады, желіге қосылған тұтынушылардың жалпы саны – 159 мың, соның ішінде Петропавл қаласы бойынша – 85,8 мың, ал қалған 73,2 мыңы облыс аудандары бойынша электр қуатын алушылар болып табылады.

 

2012 жылдың бірінші жартыжылдығында кәсіпорын облыстық ТМРА бұйрығымен бекітілген кВт/сағаты 2,46 теңге көлеміндегі (ҚҚС-сыз) 2012 жылғы 31 шілдеге дейін күші сақталған ортамерзімдік тариф бойынша электр қуатын беру және тарату жөніндегі реттелетін қызмет көрсетті. Ал есепті жылдың екінші жартыжылдығында кВт/сағаты 2,927 теңге көлеміндегі бекітілген шектеулі тариф бойынша жұмыс істеді.

Өткен жылғы жұмыс қорытындысы бойынша “СҚ ТЭК” АҚ желілерінің электр қуатын беру және тарату жөніндегі қызметтер көлемі 1191,1 млн. кВт/сағатты құрады, бұл тарифтік сметада бекітілген деңгейден 62,4 млн. кВт/сағатқа немесе 5,5 пайызға көп. 2011 жылмен салыстырғанда, электр қуатын тасымалдау көлемі 122,5 млн. кВт/сағатқа немесе 11,5 пайызға өсті.

2012 жылдың қорытындылары бойынша ағымдағы және күрделі жөндеуге жұмсалған қаржы 154,5 млн. теңгені құрады, бұл жоспардағыдан 8,1 пайызға көп. Әуе және кабельдік желілерді жөндеуге 64,6 млн. теңге жұмсалды. Сондай-ақ 39,1 млн. теңгеге аудандардағы және қаладағы электр желілері өндірістік ғимараттары мен имараттары жөндеуден өтті, 2,0 млн. теңге автокөлік құралдарын жөндеуге жұмсалды, 3,5 млн. теңге кабель желілерін жөндеу орындарында жолдарды қалпына келтіруге бағытталды және 1,1 млн. теңгеге электр қуатын есептегіш құралдары жөнделді.

Баяндамашы сөзінің соңында 2013 жылғы кәсіпорынды дамыту жоспарларына да тоқталды. Онда атап көрсетілгеніндей, биыл негізгі қорларды жөндеуге, жаңғыртуға және қайта құруға 1002,7 млн. теңге жұмсау жоспарланып отыр. Негізгі қорларды ағымдағы және күрделі жөндеуге 145,5 млн. теңге жұмсау көзделуде. Жөндеу жұмыстары науқаны аясында 1047,8 шақырым әуе және 3 шақырым кабельдік электр беру желілері, 145 кіші станция жөндеуден өтеді. Сол сияқты өндірістік ғимараттар мен имараттарды жөндеуге 11,5 млн. теңге жұмсау қарастырылған.

Баяндамадан кейін есепті жиынға қатысушылар компания басшысына қаралған мәселелер бойынша көптеген сұрақтар қойды. Кәсіпорындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Александр Липовой бұрынғы қала басшысы ретінде бүгінде үй аулаларының ортасына сығыстырыла жаңа құрылыстар жүргізілетініне өз келіспеушілігін білдіре отырып, мұндай аймақтарда инфрақұрылымдық жүйелерге, соның ішінде электр қуатына да шектен тыс салмақ түсетінін айтты. Сонымен бірге кәсіпорындағы кадрлар тұрақсыздығын реттеуге назар аударып, инвестициялық қаржының жетімсіздігін акциялар шығару, жеңілдетілген кредиттер алу және жергілікті әкімдіктің қаржысын тарту есебінен толықтыру қажеттігіне тоқталды.

Оған жауап қайтарған Вячеслав Батырұлының айтуынша, ішкі аулаларда тұрғызылған құрылыстарды электр қуатымен қамтамасыз ету бүгінде реттеліп келеді. Десе де, алдағы уақытта желілерге салмақ түсірмеу жайына ерекше назар аударылады. Ал инвестициялық қаржы тапшылығын сезінбес үшін тарату желілері бюджеттік және заемдық қаржы есебінен де салынуда. Сол сияқты кәсіпорында кадрлар тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған істер атқарылуда.

Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Иван Куропаткин алдымен электр қуатын берушілердің үзіліссіз қызметі үшін алғысын білдірді. Оның назар аударған мәселесі – елу жылдан бері жұмыс істеп тұрған кіші станциялардың жаңартылып жөндеу көрмей отырған жайы. Сондай-ақ қуат пайдаланатын нысандардың иелері өзгерген кезде оған қойылатын техникалық талаптардың көбейіп кететіні алаңдатады. Ардагер бұл сұрақтарына қанағаттанарлықтай жауап алды. Кәсіпорын кіші станциялардың сыртқы келбетін ғана емес, оларды бүтіндей қайта жаңғыртуды қолға алғалы отыр. Ал иесі өзгерген нысандардың техникалық талап шаралары бақылауға алынып, тәртіптеледі.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент бастығы Марат Мұстафиннің тұтынушыларға жақындай түсу жайы мен электр қуатын коммерциялық есепке алудың автоматты жүйелерін енгізу мәселесін шешу деңгейі туралы сұрағы көпшіліктің көкейінен шықты. Бұл орайда кәсіпорын басшысы Вячеслав Утябаев өздерінде “Бір терезе” қағидаты бойынша тұрғындарға қызмет көрсету орталығы ашылып, менеджмент сапасы жүйесі енгізілгенін айтты. Қуат тұтынушыларының барлық шағымдары қаралады. Ал автоматтық есепке алу жүйесін енгізу – ұзақмерзімдік қымбат жоба. Оны толық жүзеге асыру әзірге мүмкін емес, алайда ішінара қадамдар жасалуда. Ең бастысы, кәсіпорында сапалы қызмет алу үшін әкімшілік кедергі азайды.

Жиын барысындағы одан да басқа қойылған сұрақтар аз емес. Есепті кездесуге келгендер көтерілген мәселелер бойынша дәйекті жауаптар алып, компанияның жыл ішінде атқарған жұмысына қанағаттанарлық баға берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp