«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МОЗһАБ ҰСТАНУДЫҢ АРТЫҚШЫЛЫҒЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Келмеске кеткен кеңес үкіметінің құрамында болған жетпіс жылдық бодандық дәуірінде дін апиынға айналдырылып, діндарлар халық жауы атанған уақытта аталарымыз асыл дінімізді жасырын насихаттап, біздерге аманат етіп жеткізді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан бойынша мешіт саны алпыс шақты болса, қазіргі уақытта үш мыңға жақын мешіт бар, бұл көрсеткіш те жылдан-жылға өсіп келеді. Бұл – еліміздің дінге деген бетбұрысының айқын мысалы.  

 

Қасымхан ИСАЕВ,

“Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы.

Алайда, қазағымның дархандығын, жомарттығын пайдаланып, жат ағымдардың да белсенділігі өршіп тұр. Осының нәтижесінде мұсылман қоғамында құраниттер, уахабистер (бұл топ өздерін сәләфпіз деп атайды), Хизбут-тахрир, Ахмадия секілді теріс пиғылды ағымдар қаптап кетті. Әрине, мұның бірден-бір себебі – сол уақыттағы діни білікті мамандардың жетіспегендігі, сол кездегі заң жүйесінің кейбір олқылықтары. Осының нәтижесінде басқа ағымдардың жетегіне еріп, отбасысымен, жақын жораларымен қатынастарын үзіп кеткендер аз емес. Бұл күрделі жағдайдың алдын алу мақсатында Елбасымыздың жеке бастамасымен 2001 жылы “Нұр-Мүбарак” Египет Ислам мәдени университеті ашылды. Мұндағы негізгі мақсат – бір бағыттағы дәстүрлі Әбу Ханифа мәзһабын елімізде тарату. Қазіргі кезде, Құдайға шүкір, еліміздің түкпір-түкпірінде аталмыш діни оқу орнының түлектері халыққа адал қызмет жасауда.

Мәзһаб сөзінің тілдік мағынасы жол, көзқарас деген ұғымдарды білдіреді. Шариғаттағы мағынасына келетін болсақ1 – арнайы тәсілдер, ережелер арқылы Құран мен сүннеттен шығарылған үкімдер мен көзқарастар жиынтығы. Мәзһаб ұғымын жете түсіне бермейтін кейбір шала сауатты адамдар халық арасында: “Сен сүннетпен жүресің бе, жоқ әлде ханафи мәзһабымен жүресің бе?” дегендей кертартпа сөздерімен ханафи мәзһабын пайғамбар жолынан бөлек етіп көрсетуге тырысуда. Әлемнің қырық пайызға жақын мұсылмандарын құрайтын Әбу Ханифа мәзһабы он ғасырдан артық Қазақстан жерінде тарап, ата-бабамыздың ұстанып келген жолы болатын. Егер мәзһаб ұстану, ол адасу немесе дін негізінен ауытқу болса, осы уақытқа дейін аталарымыз адасып келген бе?! Бұл Алла тағаланың дінді қияметке шейін сақтаймын деген уәдесіне қарама-қайшы емес пе?!

Мәзһабтың шығу тарихына келер болсақ, Пайғамбарды (с.ғ.с.) көздері көрген сахабалардың және сахабаларды көзі көрген табиғиндердің өздері діни мәселелерде араларындағы білімділерге жүгінгендігін байқаймыз. Кейінгі ғасырлардағы адамдардың Әбу Ханифа секілді Құран ілімімен қоса хадис ілімін, мантық-қисын, фиқһ негіздерін, сахаба фәтуалары мен басқа да ғұламалардың көзқарастарын, т.б. ислами ілімдерді жетік біліп, әрбір аятты зерделеп, мыңдаған хадисті мұхият зерттеген мүштәһид ғалымдардың шығарған үкімдерімен жүруге қаншалықты зәру әрі мұқтаж екені айтпаса да түсінікті. Ал өз бетінше әрекет еткен адамның ақиқаттан адасуы әрі өзгелерді де адастыруы әбден мүмкін. Мәзһаб ұстанбаймын деген қатардағы адамның мысалы мынаған ұқсайды: физика ғылымында білгірлердің анықтаған тұрақты формулалары бар. Қарапайым адамдар сол формулаларды қолдана отырып есептерін шығарады. Ал оны қолданбаймын деп бас тартқандар өздері сондай формулаларды ойлап табуы ләзім. Ал ол үшін ондай адамның білімі одан бұрын өткен ғалымдардың білімінен асып түсу керек, олай болмаса, бұрынғы формулаларды қолданбаймын деуі бекершілік. Міне, дәл осы тәрізді мәзһаб ұстанбаймын деген адам да Имам Әбу Ханифа, Имам Мәлік, Имам Шафиғи, Имам Ахмад ибн Ханбал секілді мүжтаһиттік дәрежеге жетпеген жан болса, мәзһабсыз жүрем деуі де бос әурешілік.

Мәзһаб ұстанбаймын деген адамның өзі кез келген мәселеде жауап таппаса, Сауд Арабиясында оқып жүрген студенттерге хабарласып, үкім сұрайды, өз кезегінде ол дәрменсіздігінен сол жерде оқытып жатқан ұстаздарынан сұрайды. Өмірінде Қазақстанда болмаған, салт-дәстүрінен, әдет-ғұрпынан хабарсыз ол өздеріндегі өмір салтына сәйкес үкім бере салуы мүмкін. Міне, соның нәтижиесінде Қазақстандағы мұсылмандар арасында түсінбеушіліктер орын алып, елдің бірлігіне, ынтымағына сызат түсіруі ықтимал.

Ханафи мектебі жалғыз адамның Құранға немесе сахих хадиске қарап үкім шығаруынан құралмайды. Себебі, біріншіден Ханафи мәзһабы Құранға да, хадиске де сүйенеді. Екіншіден, бұл мәзһаб жалғыз Әбу Ханифаның емес, одан бөлек Әбу Юсуф, Мұхаммет ибн әл-Хасан әш-Шәйбани және Зуфар ибн әл-һузәйіл және т.б. ханафи ғалымдарының ижтиһаттарынан (шариғи-ғылыми тұжырымдама) құралады. Ханафи кітаптарында Әбу Ханифаның пікірі қабылданбай, екі шәкіртінің пікірі бойынша пәтуа берілген жағдайлар көптеп кездеседі. Бұл жайт ханафи мәзһабының тек Әбу Ханифаның пікірлерінен тұрмайтындығының айқын көрінісі болып табылады. Ал мәзһабтың Ханафи деп аталуы, Әбу Ханифаның бұл мектептің ұлық ұстазы болғандығымен байланысты. Демек, бұл атау шартты болып саналады. Сондықтан да, ханафи мәзһабын ұстану жеке басқа табыну емес!

Ханафи мәзһабы Алланың қалауымен, шариғи дәлелдерге (Құран, сүннет) сүйенуі, шариғи дәлелдерден үкім шығарарда бірізділіктен айнымас үшін арнайы әдіс-тәсілдер мен қағидаларды қолдануы, сондай-ақ оның мансап-құмар емес, ынсапқұмар ғұламалардың ақыл-дасулары, кеңестерінің негізінде құрылғандығы арқылы замана белесінен сүрінбей өтіп, күні бүгінге дейін жетті. Һарун ар-Рашид заманында имам Әбу Ханифаның шәкірті имам Әбу Юсуф Бағдат қаласында қазы болды. Кейінірек бас қазы (Қадил-қудат) лауазымына дейін көтерілді. Міне, осылайша ханафи мәзһабы Ислам халифатының ресми мәзһабына айналды. Ханафи мәзһабы тарихта қашан да бір мемлекеттің ресми мәзһабы болып келді. Қазақ жерінде билік құрған Қарахан мемлекетінің ресми діні ислам болса, шариғат заңы ханафи бағытында болды. Өз жерімізді айтпағанда, ислам әлемінің басым бөлігін басқарып, күллі әлемге айбынын асырған кешегі Осман халифатының және оған қарасты өңірлердің біразы ханафи мәзһабын ұстанғаны ақиқат. Қыпшақтан шыққан Заһир Бейбарыс билік құрған Мысыр елі, бертін келе османдықтарға қараған кезден бастап, 1925 жылға дейін ханафи заңына бағынып келді. Бүгінге дейін бұл мәртебесінен айнымай, қазір күллі мұсылман қауымының үштен бірін құрайтын ханафи мәзһабы Түркия және Балқан түбегіндегі түріктер, Македония, Босния-Герцоговина, Грекия, Болгария және Румыниямен қатар, Орта Азияның, соның ішінде Қазақстан халқының да ұстанып отырған жолы болып табылады. Ханафи мектебі осыншалықты өмірлік тәжірибесі мол мәзһаб екеніне ешкім дау айта алмайды.

Соңғы уақытта халық арасында мәзһабсыздыққа шақырып, елдің шырқын бұзып жүрген жат ағым өкілдерінің негізгі мақсаты – еліміздің ынтымақ, бірлігіне сызат түсіру. Сол үшін дінге бет бұрған бауырларымыздың, жақындарымыздың діни ұстанымына мән беруіміз керек. Қазіргі Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының ұстанып әрі насихаттап отырған жолы ата-бабамыз ежелден ұстанған ханафи мәз-һабы біздің кез келген сұрағымызға жауап беріп, қандай да болсын қажеттілігімізді өтей алатындай бай әрі өте қолайлы екенін естен шығармайық. Тәуелсіздігіміз баянды, ұрпағымыз иманды, ибалы болсын десек, етек-жеңімізді жиып, жан-жаққа жалтақтамай, “жаңалық ашудан” алыс болып, бір негізге жүгінейік.

1Қайрат Жолдыбай “Дін мен діл”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp