Соңғы жылдары техникалық мамандықтарды игерген жастардың қарасы аз деп шулап жүргеніміз шындық. Ал олардың ерте жастан аталмыш салаға құштарлығын оятатын техникалық үйірмелердің жұмысын жандандыруға келгенде қаржының жоқтығын айтып, ақталамыз. Қарама-қайшылық.
Елімізде балаларды қосымша біліммен қамту 21 пайыздай. Бұл өзге елдермен салыстырғанда төмен. Себебі, әлемдік көрсеткіш 30-50%-ды құрайтын көрінеді. Осы орайда 2020 жылға қарай қосымша білім беруді әлемдік деңгейге жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жоспардың нәтижесін уақыт көрсетер. Ал әзірге бүгінгі жағдайымызға тоқталсақ.
“Қызылжар оранжереясы” МКҚК-нің қабырғасында “Жас геологтар мектебі” үйірмесі жұмыс істейді. Аталмыш үйірменің жетекшісі Владимир Ягодкин – өңіріміздегі энтузиаст геологтардың бірі.
Владимир Ягодкин геолог маман болғанымен, еңбек өтілінің 8 жылында ғана тікелей осы салада жұмыс істеген. Ал қалған жылдары педагогика саласында жүріп, еліміздің жер қыртысындағы түрлі түсті тастарды зерттеген. Содан да болар, зейнет демалысына шықсадағы жас геологтарға арналған үйірмені жүргізуден бас тартпаған. Бір қарағанда, ешқандай мәселе жоқ сияқты. Алайда, айтары бар.
– Қазіргі басты мәселеміз – қаржыландыру. “Жас геологтар мектебі” үйірмесінің “42 меридиан” командасы өткен жылы қазақстандық жас геологтар олимпиадасында бірінші орын алған еді. Бізді жеңімпаз ретінде алдағы жаз айында Ресей Федерациясында өтетін жас геологтардың олимпиадасына шақырды. Сондай-ақ балалардың үйірмеде алған білімін тәжірибемен тереңдету үшін жаз айларында тым болмаса бір-екі мәрте ашық аспан астындағы қазба жұмыстарына баруымыз керек. Алайда, қаржының жоқтығынан шетелге шықпақ түгілі, ел ішіндегі кен орындарына бара алмаймыз, – дейді Владимир Владимирович.
Осындай машақаты болса да, геолог мамандар әзірлесем деген мақсатын жүзеге асыру үшін “42 меридиан” командасын республикалық байқауларға көп жағдайда өз қаржысына апаруға мәжбүр. Мысалы, елімізде екі жылда бір рет өткізілетін қазақстандық жас геологтар олимпиадасына команданы танысынан қарызға ақша алып апарған көрінеді. “Әйтеуір, жаңа жылға дейін қарызымды өтедім” деп күлген Владимир Ягодкин бір жылдары “Родник” аулалық клубында аталмыш үйірмені 3 жылға жуық тегін жүргізген. Бертін келе ол клубтағы үйірме орналасқан бөлме жаттығу залына айналдырылып, жас геологтар шығарылып жіберілген. Сол кезде оқушыларды үйіне шақырып, үйірме жұмысын жалғастырған энтузиастың жағдайына қанық “Қызылжар оранжереясы” МКҚК-нің сол кездегі директоры Равиль Рязапов бос сынып бөлмесін береді. Сол жерде үйірме жұмысын жалғастырған Владимир Владимирович өзі кетсе, бұл үйірменің жабылып қалатындығын түсініп, тағы да табан тоздырады. Бұл жолы жүктеме сұрап.
– Бұл жұмысты жалғастырсын деген оймен студенттерді шақырсам, бас тартады. Ешкімнің үйірме жұмысын тегін жалғастырғысы келмейді. Осы орайда жүктеме сұрап, талай құзырлы органның есігін қақтым. Бірақ нәтиже болмады. Ақыры өткен жылдың тамыз айында “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына жазылдым. Көтерген мәселем бірден шешіліп, 18 сағат жүктеме берілді, – дейді геолог.
Бүгінде үйірме жұмысын жүргізгені үшін алатын еңбекақысын балаларға қажетті құрал-жабдықтар алуға жұмсайды. Әрине, балаларды құр сөзбен геология саласына қызықтыра алмасы сөзсіз. Ал болашақ геолог мамандарды даярлау үшін өз үлесін қосқысы келетін Владимир Ягодкин мұндай қаржылық шығынды өзі көтеруге әзір болғанымен, оның жұмысын жалғастырар келесі ұрпақ бұған даяр емес.
– Кәсіпкерлердің демеушілік жасауға, мемлекеттік органдардың қаржылай көмек көрсетуге құлықтары жоқ. Осы күнге дейін біз сияқты үйірмелер қаржыны қалай табады, кім қаржыландыру керек екендігін түсінбей-ақ қойдым. Кейде үйірмеге келіп жүрген оқушылардың ата-аналары көмектеседі. Бірақ олардың барлығы бірдей демеушілік жасай алатын жағдайда емес. Мұндай үйірмелердің шығынды екені сөзсіз. Алайда, мұндай қосымша білім балалардың мамандық таңдауына көмектеседі. Қазіргі таңда елімізде геолог мамандар тапшы. Сол себепті еліміз көп жағдайда шетелдік геологтардың қызметіне жүгініп отыр, – деген Владимир Ягодкиннің үйірмесіне қатысқан бес оқушы Семей қаласындағы геологиялық барлау колледжінде білім алып жатса, екеуі аталмыш оқу орнын бітіріп, толыққанды маман атаныпты.
блыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, қосымша білім беру үйірмелері жергілікті бюджеттен қаржыландырылады. Қазіргі таңда өңіріміздегі үйірмелердің негізгі бағыттары – спорттық, эстетикалық, қолданбалы, зияткерлік және тағы басқалар. “Тағы басқалардың” ішіне “Жас геологтар мектебі” үйірмесі кірген. Сондай-ақ өңірімізде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 30%-ға дейінгі қазақстандықтар бұқаралық спортқа тартылуы керек деген тапсырмасын орындау үшін белсенді жұмыс жүргізіліп жатқан көрінеді. Кезінде “Жас геологтар мектебі” үйірмесінің “Родник” аулалық клубынан не үшін шығарылғандығын енді түсіндік. “Артық қылуға” тырысқан түріміз ғой.
Облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат жанында авиамодель үйірмесін де жүргізетін Владимир Ягодкин 2003 жылдары әріптестерімен бірге бұрын сатылып кеткен жас техниктер стансасын қайта ашу мәселесін көтеріп, жоғары жаққа хат та жазыпты. Аталмыш мәселе бойынша жергілікті билік “Қазіргі таңда оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес, бірақ мәселе бақылауда тұр” деп жауап берген көрінеді. Содан бері 10 жылдың жүзі болды.
– Біз өткен жылдың қыркүйек айынан бастап жұмыс істеп жатырмыз. Авиамодель үйірмесіне келіп жүрген оқушылардың қатары әлі аздау. Көбі мұндай үйірме бар екендігін білмейді. Сол себепті жарнама беруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда облыс орталығында балаларды ұшатын авиамодельдерді жасауға үйрететін үйірме біреу ғана. Ал облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында ашылған авиамодель үйірмесі аядай ғана тар бөлмеде орналасқан. Онда балалар тек авиамодельдерді жасап үйренеді, – деген облыс орталығындағы аулалық клубтардың бірінде авиамодель үйірмесін жүргізетін Наил Сагитов өздеріне бөлінген материалдық-техникалық базаға көңілі толмайтындығын жеткізді.
оңғы жылдары техникалық мамандықтарды игерген жастардың қарасы аз деп шулап жүргеніміз шындық. Ал олардың ерте жастан аталмыш салаға құштарлығын оятатын техникалық үйірмелердің жұмысын жандандыруға келгенде қаржының жоқтығын айтып, ақталамыз. Қарама-қайшылық.
Өңірімізде “2011-2015 жылдарға арналған балалар-жасөспірімдер клубын дамыту” бағдарламасы бойынша жасөспірімдер клубының желісі ұлғайтылатын болады. Бүгін де кәмелетке толмағандардың 53 пайызы мектеп жанындағы әртүрлі үйірмелерге және спорт секцияларына тартылған. Ал 32 мың оқушы сабақтан тыс уақытта 72 қосымша білім беру мекемесінде айналысады. Үстіміздегі жылы жұмыспен қамтудың ұйымдастырылған нысандарымен кәмелетке толмағандардың “Тәуекел тобын” 100 пайыз қамту жоспарланған екен. Бүгінгі таңда қосымша білім беретін 1013 үйірме жұмыс істесе, онда 17390 бала қамтылған. Ал осы сықырлап тұрған сандардан көзіңді алып, аталмыш үйірмелерді жүргізетін мамандармен тілдессең, жағдайды өзге қырынан танисың. Политехникалық салаға бейімделген үйірмелердің жетекшілері қосымша білім беруде басымдық спорт, ән, би, сурет салу сияқты салаларға берілді деген өкпелерін жеткізеді. Осы тұста бір аңғарғанымыз, үйірмелер тек орыс тілінде жүргізіледі. Елбасының тапсырмасын орындауға келгенде белсенділік көрсеткендер мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі саясатты жүзеге асыруда неге салғырттық танытты екен?
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.