Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
1. Өз үйінен безген бейбақ
Адамның азып кетуі оп-оңай ма осы, қалай? Олай дейтінім, ауылымыздағы тәуір отбасылардың бірінде өскен жас жігітті өткен жазда қаладағы К.Сүтішев пен Театральная көшелерінің қиылысына қойылған қоқыс жәшіктерін қопарып жатқан кезінде көрдім. Басында онша тани қоймағаным да рас. Үсті-басы сауыс-сауыс, сақал-шашы өскен, шын мәнінде құбыжыққа көбірек ұқсайтын жанның өз ауылымның баласы екені үш ұйықтасам, түсіме енер ме? Әйтеуір, қазақ баласы екенін байқағасын жанына жақынырақ барып, тілдесуге тырыстым. Обалы не, күнде көріп жүрген қаңғыбастардай емес, қашқақтаған жоқ. Елін сұрағанымда ауылымды атады, кімнің баласы екенін де жасырмады. Елден ерте кеткесін жастардың көбін тани бермейсің ғой, ал әкесін біле тұрып, өнегелі отбасының бірінің осындай күйге түскеніне қалай сенерсің?
Ақыры оның растығына көзім жетті. Бұл жайды ауылдас бір інішекке айтып, ол арқылы қаңғыбастың осы қалада тұратын апа-қарындастарына хабарласып, бауырларын іздеп тауып алуларын өтіндік. Бірге туған бауыр емес пе, олар жарғақ құлақтары жастыққа тимей, тез тауып алыпты. Қаңғыбасты жуындырып, киіндіріп, Тимирязев ауданында тұратын зайыбы мен балаларына апарып қосыпты. Сонда өзі үй болып, түтін түтетіп отырған жанның отбасынан безіп, қалаға келіп қаңғыбастық жолға түскенін қалай түсінуге болады? Оның “Қалаға жұмыс іздеп келіп, лайықты ештеңе табылмаған соң қаңғырып кеттім” деуі, әрине, қисынсыз. Онысы үйлі-баранды ер адамның емес, ездің ісі. Сірә, ездік пен азғындықтың арасы бірақ тұтам болса керек. Оның түп-төркінінде өзіне жүктелген жауапкершіліктен қашып, балашағасын емес, жеке қарабасын ғана ойлаған өзімшілдік жатыр. Оның ақыры жақсылыққа апармайтынын тағы да осы міскіннің басына түскен жағдайдан аңғардық. Ауылында жүргізушілік жұмысқа қолы жетіп, өмірінің келеңсіз кесапаты енді ғана ұмытыла бастағанда үйі өртеніп кеткен. Сөйтіп, өзі тіленген қайыршылыққа Тәңір шіркін қайта итермелегендей болып отыр. Алайда, “Аузы күйген – үрлеп ішеді” дегендей, ауылдас азаматымыз оған жол бере қоймас деп ойлаймыз. Иә, “Тұғырына саңғыған сұңқар оңбас, үйірінен қаңғыған тұлпар оңбас” деген осы болса керек.
Міне, осындай кесапатты кеселдің бүгінде әлеуметтік ауыр сипат алып бара жатқанын көрсек те, көрмегендей бейжайлық танытуымыз қалай? Орыс тілінде қысқаша “БОМЖ” деп аталатын, үй-күйсіз қалған тұрақты мекенжайлары жоқ қаңғыбастар жайына бүгінде ешкім бас ауыртпайды десе болады. Әділі керек, кеңес дәуірінде қаңғыбастық пен азғындық жолына түскен жандарға өте қатал қарайтын. Сондықтан күнделікті қорегін қоқыс төгетін жерден іздейтіндер аса көзге түсе қоймайтын, бірен-саран кездесіп қалған жағдайда, олар дереу есепке алынып, қалыпты өмір сүру дағдысына бейімдеу шаралары қарастырылатын. Қазірде оның бірі жоқ, қаланың жүзден астам қоқыс төгілетін орындарының әрқайсында оларды өзінің меншігіндей көріп, бір-бірінен қызғыштай қорғайтын кемінде екі-үш қаңғыбас жүреді. Қоқыс контейнерлерінен тамақ қалдықтарын іздеп, оларды астан-кестен шашып тастайтындар да солар. Құзғындай қоқыс торлаған бұлардың бәрін түгелдей үй-күйсіз жүрген қаңғыбастарға жатқызуға бола қоймас. Араларында нашар болса да, тұрғылықты тұрар орындары бар, бірақ тұрмыс тауқыметіне шыдай алмай азғындық пен арамтамақтық жолға түскендері де кездеседі. Осылардың қайсы болсын қоғам тіршілігінен тұл қалған топ екені анық.
Олай дейтініміз, осы қаңғыбастар не тірінің, не өлінің есебіне кірмейді. Былайша айтқанда, олардың дүниеде бары-жоғынан ешкімнің хабары жоқ. Оған әлеуметтік қорғау қызметкерлері де бастарын ауыртқылары келмейді, өйткені тұрғындардың мұндай тобына әлеуметтік көмек жасайтын бюджет қаржысы қарастырылмаған. Яғни, қоғамның осынау шыңырау түбіндегі бөлігі бізде ресми түрде жоққа саналады немесе қоқыс қопарып, қорегін тауып жүрген бейшараларды адамзат санатынан сызып тастаған сияқтымыз. Оған “Адам жоқ болса, проблема да жоқ” дейтін орыс мәтелі дөп келіп тұр.
2. Деректер жан түршіктіреді
Осы қоғамдық кеселді жайды орағытып өте алмайтын бір ғана ұйым бар, ол – қалалық ішкі істер басқармасы жанындағы үй-күйсіз және құжатсыз қалған қаңғыбас жандарды қабылдау-орналастыру орны. Ол ресми түрде баспана табу орны саналғанымен, ешқайсына ұзақмерзімдік баспана бере алмайды. Ондағы 30 орынға сот шешімімен бір айға қамаққа алынғандар жатады. Осы уақыт ішінде қаңғыбастың туған-туысқандары іздестіріліп, бар болса, оларға хабар беріледі. Бірақ азып кеткен туысқанын іздеп келіп, алып кететіндер некен-саяқ. Петропавл қаласында қаңғыбастар қонып шығатын арнайы орын жоқ, сондықтан қабылдау мекемесі жиналған қаңғыбастарды бейімдеу орталығына апаруға мәжбүр болады, алайда бір жылға дейін жатып тұрмысқа бейімделуге болатын бұл жерде үнемі орын табыла бермейді.
Қабылдау орнының мекеме бастығы Әділ Қайредденовтің айтуынша, күніне 25-30 қаңғыбас жиналады. Олардың көпшілігі көше кезген кезбелер, арасында “Көршінің бақылауы” акциясы бойынша жеткізілгендер және түрмеден шыққандардың ішінде тәртіп бұзғандар болады. Қызметтік міндетіне байланысты Әділ Нұрбайұлы қаладағы тұрғылықты жері жоқ қаңғыбастар жайына өте қанық. Оның келтірген деректері бойынша, қаңғыбастар көбінесе көшедегі жылу мен су құбырлары құдықтарын паналайды. Қаладағы мұндай коммуналдық желілер құдықтары 5 мыңға жуық. Бүгінде олардың көбі ашылмастай етіп жабылған, бірақ бәрін тас қылып бітеп тастауға болмайды. Өйткені, желідегі ақауларды жөндеген кезде құдықтағы техникалық тетіктер жиі пайдаланылады. Сол себептен желі құдықтарын қаңғыбастардан толық тазарту да мүмкін емес.
Аталмыш мекемеде қаладағы тұрғылықты мекені жоқ қаңғыбас жандардың электрондық деректер базасы жасалған, онда азғындық жолға түскен жандардың бәрі тіркелген. Қазір ресми тіркеудегі қаңғыбас саны 482 адам, олардың 80-90 пайызының ешқандай құжаты жоқ. Соның ішінде кез келген орынды пайдаланып, далада қонып жүргендері 170-180 адам деп есептеледі. Ал негізінен көбі қоғамның өздері сияқты ұсқынсыз тобындағыларды паналап, маскүнемдер мен нашақорларға, түрмеден шыққан жандарға жақын жүреді. Қаңғыбастардың 30 пайыздайының әртүрлі қылмысқа қатысты болатындығы да сондықтан.
Дерек көздерінен аңғарылатынындай, олардың қатарына қосылған жастар да аз емес. Оны көбінесе Балалар үйлерінің түлектері құрайды, қазір ол барлық қаңғыбастардың 10-15 пайызына жетіп отыр. Оның өзі біздегі жетім балаларға әлеуметтік көмек көрсетудің дәрменсіздігін танытады емес пе? Сондай-ақ менің ауылдасым сияқты жырақтағы елді мекендерден келіп қаланың қоқыс орнынан қорек іздейтіндер де көбейе түскен. Шошынарлық жайт, қаладағы қаңғыбастардың 10 пайызы ауылдан келгендер екен. Соның ішінде отыз шақты қазақтың да барын естігенде жер боласың. Атам қазақ жетімін жүдетіп, үйкүйсіз қалдырып көрген емес. Қанымызға сіңген бауырмалдық дәстүр барда қоғамнан безген, қара басынан өзгенің бәрін ұмытқан қаңғыбас бейбақтар қайдан шығады деп ойлайсың…
3. Қызыл Жарты Айдан басқа жаны ашитындар табылмағаны ма?
Тірі жүргендері болмаса, тізімде жоқ міскіндердің жағдайы қалалық ішкі істер басқармасы жанындағы тұрғылықты орны мен құжаттары жоқ тұлғаларды қабылдау-орналастыру орнынан басқа ешкімді қызықтырмайды. Оларға бюджеттен көк тиын қаржы қарастырылмайтындықтан әлеуметтік қорғау органдары да дәрменсіз. Бір сөзбен айтқанда, тағдыр тәлкегіне түскен бейшаралар өздерімен өздері жеке қалып отыр.
Қаңғыбастардың қиын жағдайы, әсіресе, биылғыдай қатал қыста қатты сезілді. Желтоқсандағы ай бойы созылған үскірік аязда қабылдау-орналастыру орнының қызметкерлері болмағанда олардың қырылып қалуы да мүмкін еді. Олар Петропавл ауыр машина жасау зауытының қала шетіндегі кеңес кезінен бері қараусыз бос қалған бомбадан қорғану жертөлесін пайдаланып, онда қыстың нағыз суық күндерінде 240 шақты қаңғыбасқа пана берді. Оның өзі амалсыздықтың ісі, әйтпесе жөнделіп, жабдықталмаған бұл жертөленің адам түгілі мал тұрғысыз екені анық. Басында тым болмаса бір мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылмаған соң ондай жер ұзақ қоныс бола алмайды. Қыс қаһары қайтқан соң қаңғыбастар қайыра қалаға тарап кетті.
Қыстың төтенше жағдайында оларға полицейлерден басқа көңіл аударған біреу болса, ол – республикалық ұлттық Қызыл Жарты Ай қоғамының облыстық филиалы ғана. Осы филиал төрайымы Сәуле Оразованың айтуынша, қоғамның ұйымдастыруымен “Дреф” деп аталатын арнайы қайырымдылық шарасының аясында қыстың қытымыр аязында қалада төрт жерде қаңғыбастарға күніне бір мезгіл ыстық тамақ тарату қосындары қызмет көрсетті.
– Тамақ тарату қосындарымыз үй-күйсіз жандарға жақсы таныс темір жол вокзалы аумағында, 19 және 20-шы шағын аудандарында, “Бригантина” дүкені маңында жұмыс істеді. Біздің Қызыл Жарты Ай қоғамында қызмет жасайтындар – түгелдей еріктілер. Тамақты тарату орындарына жеткізу үшін қаладағы жоғары әскери институттан сұрап алған 36 литрлік термостарды пайдаландық. Ол бір рет пайдаланылатын ыдыстармен ғана таратылды. Өткен қаңтар-ақпан айларында күніне 200-ден астам адамды тамақтандырып отырдық. Қыстың ызғары әлі де қайта қойған жоқ, бірақ қаржы жағдайына байланысты бұл шараны ерте тоқтатуға мәжбүр болдық. Ұлттық қоғамымыздың төрағасы Еркінбек Арғынбаевқа рахмет, оның тікелей ықпал етуімен Халықаралық Қызыл Крест федерациясының қаржылық көмегіне біздің де қолымыз жетті. Бірақ оларға ұдайы алақан жаюымызға тағы болмайды, өзіміздің жергілікті кәсіпкерлер мен меценаттар осы жайға неге назар аудармайды екен деп ойлаймын? Адам басына бермесін, бірақ қалай болғанда да қоғамның осы бір ауыртпалығын көп болып көтермесек болмайды. Ешқандай есепте болмағанымен олар да адам, тұрмыстың тұңғиығына батқан міскіндерді тіршілік тізімінен мүлде сызып тастауға құқымыз жоқ, – дейді Сәуле Бекқожақызы.
Иә, ащы болса да, өмірдің шындығы осы. Қалалық 3-ші аурухананың жарақаттан емдеу бөліміне топырлап түсіп жатқан олардың саны, тіпті де азаяр емес. Аязда үсік шалған біреулерінің аяғы немесе қолы кесіліп жатады. Бөлімнің іріңді аурулар жағында жататын оларды азып-тозып кеткен ұсқындарына қарап жазбай тануға болады. Қолы-аяғы бүтін жүргенде байғұс болған олардың алдағы күні не болады деп ойлайсың? Аурухана тұрғылықты мекен-жайы жоқ науқастарды емдеп, сауықтырғаннан кейін көп ұстай алмайды. Амалсыздан тағы пана болар жылы жер іздеп, қала кезулеріне тура келеді.
Жарақаттан емдеу бөлімінің меңгерушісі Никс Леонов дәл бүгінде бөлімде үй-күйсіз 8 адамның емделуде жатқанын айтады. Олардың басым көпшілігі өткен аязды күндерде қол-аяғын үсіткен жандар. Бәрі дерлік не қолы, не аяғының ұшынан айрылып, мүгедектік алғандар. Биылғы қыс маусымында емдеу мекемесіне үсік жарақатымен 25 адам жатып шыққан. Бұл көрсеткіш жыл сайын 20-25 адамнан кем емес. Мүгедектік алған мұндай қаңғыбастардың жағдайы тіпті қиын. Оларды оңалтатын арнайы орын да жоқ. Сондықтан бұрынғы өлмешінің күнін қайта кешіп, қайыр сұрап немесе қоқыс орындарын сағалап, күнделікті қорегін іздейді. Қаладағы көппәтерлі үйлердің көбіне кілтті есік қойылғалы жағдайлары тіпті қиындап кетті. Бой жылытар жер таппай, көшедегі жылу құбырларының астына тығылады. Басқа түссе, баспақшыл ит тірлігін жасайды.
Түйін сөз: Ашығын айтар болсақ, қоғамның бойына жұққан бұл жараның оңайлықпен жазылар түрі жоқ. Оның қатары бүгінде жастармен, соның ішінде Балалар үйлерінен шыққандармен толығып жатса, асқынған зауалға айналу қаупі бар. Ресми есепке алынып, еленбегенімен, түптің түбінде қоғамға көлеңке түсіретін бұл мәселеден орағытып өту мүмкін емес. Қабылдау-орналастыру орнының қызметкерлері есепке алған қаладағы 500-ге жуық қаңғыбас бер жағы ғана, ал шын мәнінде олардың саны одан анағұрлым көп екені сөзсіз. Мейлі, тіпті, сондай-ақ болсын, қоғам үшін жарты мың адамды тірідей жоғалту ауыр қасірет емес пе? “Адам – ардақты ат” екенін ұмытқанымыз ба, қалай? Тағдыр тәлкегіне ұшыраған бейшараларды шырмауықтан алып шығуды баршамыз болып қолға алуымыз қажет емес пе?!